Оқиға • 06 Қазан, 2021

СҚО-да 44 жастағы ер адам алғаш рет жеке куәлік алды

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында 44 жастағы ер адам пробация қызметінің көмегімен алғаш рет жеке куәлікке қол жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да 44 жастағы ер адам алғаш рет жеке куәлік алды

СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының пробация қызметі волонтерлермен және Қызылжар ауданының көші-қон қызметімен бірге 44 жастағы сотталғанға жеке куәлікті ресімдеуге көмектесті.

Ер адам Ресейде туған. Жасөспірім шағында анасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған, алайда кейін шешесі оны тастап кеткен. Қамқоршысының болмауына байланысты құжат ала алмаған.

«Сот оны туу туралы куәлік негізінде соттаған. Одан басқа қолында ешқандай құжаты жоқ. Бізге пробация қызметіне тіркелісімен, оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсеттік. Көші-қон қызметіне тиісті құжаттарды тапсырдық, олар Ресейге сұрау салды. Растайтын құжаттар келісімен халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жеке куәлігін алдық», дейді СҚО бойынша ҚАЖД Қызылжар ауданының пробация қызметі бөлімінің инспекторы Талғат Серікұлы.

Маманның айтуынша, мұндай жағдайда құжатты ресімдеу үшін азаматты 15 жылдан артық білетін адамдар куәлік етуі керек.

«Оны 15 жылдан бері білетін адамдарды іздедік, бұрынғы тұрғылықты жеріне барып, тұрғындармен сөйлестік. Олардан түсініктеме алдық. Кейін барлық растайтын құжаттарды көші-қон қызметіне тапсырдық», дейді Талғат Серікұлы.

Жеке куәлік алған ер адам енді жұмысқа орналаспақ ниетте. «Бүгін ерекше күн. Жеке куәлік алып жатырмын. Құжатсыз қиын, ешқандай көмек ала алмайсың. Енді ресми түрде жұмысқа тұрмақпын», дейді сотталушы.

Жыл басынан СҚО пробация қызметінің қалалық және аудандық бөлімдері инспекторлары 5 адамға алғаш рет жеке куәлігін алуға, 9 сотталған адамның жеке куәлігін қайта қалпына келтіруге көмектесті.