Қазақстан • 06 Қазан, 2021

Жаңа жобалар – жастар еншісі

334 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде стартаптар мен IT компанияларға қандай мүмкіндіктер бар? Алматыда VC School венчурлық инвесторлар мектебінің бесінші кезеңінде жаңа жобаларға инвесторлар тарту жолдары талқыланды.

 

Жаңа жобалар – жастар еншісі

Demo Day алаңында стартаптар тың жобаларды таныстырып, инвес­торлармен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Табысты венчурлік инвесторлар, бизнес өкілдері стартаптар мен IT компанияларға инвестиция тарту тәжірибелерін бөлісті.

Осының алдындағы төрт кезеңде Astana Hub 100-ден астам кәсіпкерді, жаңадан бастаған инвесторлар мен компаниялар жетекшілерін инвестиция салу ісіне баулыды. Биыл білім курсына Алматыдан 20 қатысушы үшін офлайн және қалған өңірлер үшін онлайн оқу қарастырылған. Сонымен бірге VC School-ға қатысуға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербай­жан, Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Индонезия және Гонконг сияқты ел­дерден 200-ге жуық өтініш келіп түскен. Әлемде венчурлық инвесторлар, негізінен ер адамдар болса, VC School тыңдаушыларының 25 пайызын нәзік жандар құрады. Олардың арасында кәсіпкерлер, ірі ұйымдардың менеджерлері, инженерлер, талдаушылар, заңгерлер, жеке стартаптардың фаундерлері бар.

Astana Hub даму және экспорт жө­ніндегі басқарушы директоры Аркадий Селезнев Astana Hub-тың даму инс-­
титуты екендігін, ол стартаптардың пайда болып, даму мүмкіндігіне ие болулары үшін республиканың венчурлық жүйесін қалыптастыруға ықпал етіп жатқанын айтты.

Бұл іс-шараның мақсатты ауди­ториясы – стартаптар мен инвесторлар. Біріншісі – Smart citi Almaty, онда Алматының цифрландыру бас­қармасының мүддесіне сай бағдарлама жасайтын стартаптармен, екіншісінде жаңадан бастаған венчурлық инвес­торлармен жұмыс істеу көзделген.

Стартаптар – жаңа инновациялық компаниялар һәм бұрын жүзеге аспаған жобалар. Мұндай жобаларда, әрине инвесторлар табысқа кенелмес бұрын тәуекелге де барады. Венчурлық инвесторлар дәл осындай тәуекелшіл топқа жатады. Алайда тәуекелдерді азайту үшін ақыл керек. Astana Hub инвесторларға тиімді жүзеге асырудың осындай мүмкіндіктерін ұсынып отыр.

Қазақстан және ТМД елдерінен келген VC School білім беру курсы­ның тыңдаушылары жақын арада өз қаржыларын технологиялық жобалар­ға салудың тиімділігін қарастырды. Бәрі де – өз білімін, тәжірибесін және қаржысын стартаптармен бөлісуге дайын кәсіпкерлер мен өз машы­ғын шыңдағысы келетін инвесторлар. Олар инновациялық экожүйе­нің ерекшеліктері, жобалардың пайплайнын қалыптастыру қағида­ла­ры және стартапты егжей-тегжейлі тал­даудың қыр-сырын меңгеріп, ТМД-ның үздік инвесторларымен тікелей сөйлесу мүмкіндігіне ие болды.

YellowRockets Group компания­сының негізін қалаушы Сергей Бог­да­нов, YellowRockets.vc венчурлық қорының басқарушы серіктесі Дмит­рий Сутормин және ФРИИ портфе­лінің басқарушысы Илья Королев венчурлық инвестициялар әлемінің ерек­шеліктерін қамти отырып, қатысу­шылар үшін кеңейтілген бағдарлама ұсынды.

Astana Hub-пен ынтымақтастық ба­рысы жайында айтып өткен Сергей Богданов акселерация бағдарлама­сы­на 3 жиынтық жасалғанын атап өтіп, ­стартаптармен жұмыс барысына тоқталды.

Дмитрий Сутормин өз кезегін­де: «Қазақстанда венчурлік инвестор­лардың экожүйесін дамыту мүмкіндігі жоғары. Бүгінде халықаралық нарыққа шығатын дамыған инфрақұрылым, мықты білім беру базасы венчурлық инвесторлардың жаңа отандық пулын құруға қолайлы», деп атап өтті.

VC School қатысушысы, мектептерге арналған OKOO жобасының негізін қалаушы Дінмұхамед Жүнісов өз бағдарламасының информатика мұғалімдерінің үй жұмысын тексе­руін автоматтандырып жеңілдетуге арнал­ғанын айтты. Сонымен бірге ол сабақтың интерактивті, қызықты болуын қамтамасыз етеді. Жобасы екі жылдан бері қолданыста. Нұр-Сұлтан, Орал, Ақтауда пайдаланушылары бар. Бұл жобаға алдағы уақытта Алматыдағы мектептер де қосылуы мүмкін.

Оқытушы болып жұмыс істеген Дінмұхамед Жүнісов мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін бағдарламалар қажет екенін нарық өзі талап етіп отырғандығын айтты. Ерікті ретінде факультативтік сабақтар жүргізген ол мектептерде өзекті мәселелердің бар екендігіне көз жеткізген. Ал оларды шешуді технологиялардың көмегімен ғана жылдамдатуға болады. Алайда өнімді дамыту үшін инвестиция керек. Қазіргі кезде жоба жетілдіріліп, он адам жұмыс істеуде. Олардың көпшілігі шетелдің компанияларында тәжірибеден өткен.

Дінмұхамед Жүнісов Monolife ком­паниясында бағдарламашы болып істеген. Сонымен бірге жобаны әзір­леушілердің Facebook, Apple ком­панияларында жұмыс тәжірибесі бар. Бастапқыда қателіктердің болға­нын айтып өткен маман жастармен өз тәжірибесін бөлісуге дайын. Айтуынша, елімізде IТ саласын дамы­ту үшін мектеп жасынан бастап бала­лардың тиісті білімін арттыру керек.

VC School мектебі аясында құқық­тық мәселелер мен мәмілелерді құры­лымдаудың танымал форматтары сөз болды. Қатысушылар «портфельді басқару» сияқты ұғымды зерттеумен бір­ге, венчурлық нарыққа қатысу­шы­лардың стратегияларымен танысты.