Қазір фабриканың бір құрылтайшысы бар. Бұл – «Атырау» ӘКК» АҚ. Тоқыма фабрикасының аталған құрылтайшыға қарызы 1,6 млрд теңгені құрапты. Сол себептен, фабриканың есепшоты бұғатталып, жұмыс тоқтады. Зырылдап жұмыс істеп тұрған қондырғыларды шаң басты. Ал барлық қызметкері ақысыз демалыста жүр.
– Тоқыма фабрикасының өндірісін қалпына келтіру мәселесі бірінші жыл көтеріліп отырған жоқ. Қазір өсімпұл мен айыппұл санкцияларын есептеуді тоқтатуға қол жеткіздік. Бірақ негізгі қарыз өтелуі керек. Өйткені бұл – қайтарылуы тиіс қаржы, – дейді «Атырау» ӘКК» АҚ-ның департамент директоры Нұрлан Қаппазов.
Оның айтуынша, былтыр бұл фабрикаға италиялық инвесторлар қызығушылық танытқан екен. Алайда коронавирус инфекциясының салдарынан инвестордан хабар-ошар болмаған. Енді тоқыма фабрикасын жандандыруға Export Center Silk Way ЖШС ынта білдірді. Алдағы уақытта серіктестермен бірге Caspiy Lana Atyrau ЖШС-нің қызметін қайта құрылымдау үшін бірқатар іс-шараны қолға алу жоспары бар.
Тоқыраған тоқыма фабрикасын қайта «тірілтуді» көздеген Еxport Center Silk Way ЖШС-нің директоры Құралай Қанахинаның айтуынша, бұл – қазақстандық экспорттаушыларды қолдайтын, Қытайда заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүддесін білдіруге бағытталған бірегей мамандандырылған компания. Ал экспорттық орталық серіктестерінің қатарында Caspiy Lana Atyrau ЖШС бар. Қытайдағы B2C интернет-дүкенінің екінші базасында қазақстандық тауарлардың мультибрендті онлайн-дүкені арқылы өнім өткізу туралы келісімшартқа қол қойылған. JD.com. онлайн-алаңның негізгі талабы – экспортталатын өнімді белгіленген мерзімде әрі толық көлемде үздіксіз жеткізу.
– Қазір Қазақстан мен Қытайдағы серіктестердің көмегімен кәсіпорынды сауықтыру үшін қаржы салу, жобалық қуатын қалпына келтіру, стратегиялық тұрғыдан дамыту жөнінде нақты іс-шаралар әзірленді. Біздің есептеуімізге сәйкес бірінші айда жөндеу жұмыстарына, шикізат сатып алу мен өндірісті іске қосуға шамамен 42 млн теңге қажет. Кәсіпорынның жабдықтары қалыпты жағдайда, қызметкерлері жұмыс істеуге дайын, шикізатты сатып алатын орындар бар. Фабриканың өнімдеріне Қытайдан, Әмірліктен, Түркиядан алдын ала тапсырыс түсті. Өйткені «Атамекен» ҰКП көмегімен Caspiy Lana Atyrau ЖШС Қытай импорттаушыларының тізіліміне кірді. Ендігі басты мәселе – Caspiy Lana Atyrau ЖШС-нің есешотын ашу, – дейді Құралай Қанахина.
Осыған байланысты «Атырау» ӘКК» АҚ-ның өкілі кәсіпорынды қайта құрылымдап, қаржылық сауықтыру жұмысын жүргізу үшін арнайы жоспар ұсынуы тиіс екен. Бұдан соң жоспар жұмыс тобының қарауына жіберіледі. Сол себептен, «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалы бұл іске білек сыбана кірісуді көздеп отыр. Мақсат – тоқыраған тоқыма фабрикасын қайта «тірілту».
Атырау облысы