Елімізде осы жылдың 1 сәуірінде салымшылардың жеке есепшоттары мен зейнетақы жинақтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Бұл іс арнайы кесте бойынша қолға алынғалы отыр.
Республикамызда биыл 60 мың жеңіл көлік шығарылады. Осының негізінде жоспарды 112 пайызға жеткізуге мүмкіндік жасалмақ.
«ҚазТрансГаз» АҚ-тың былтырғы таза табысы 51 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте экспортқа газ өткізу жөніндегі жоспар 115 пайызға орындалған.
Алматы қаласы алдағы бес жылда инновациялық даму орталығына айналады. Оны жүзеге асыру үшін жоба әзірленді.
Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлер палатасы жанынан «Жаңа дәуір кәсіпкерлері» клубы ашылды. Онда жаңа жобаларды рәсімдеу және қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы өткен жылы қамбаға 5,2 млн. тонна астық құйды. Енді жергілікті өңір өсім көлемінің артуына байланысты 120 мың тонна астық сақтайтын элеваторды іске қосуды көздеп отыр.
Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері алғаш рет лапараскопиялық әдіспен бүйрекке ота жасады. Арнайы есепке алынған науқастарға да осы тәсіл қолданылады.
Маңғыстау облысында жас отбасыларға пәтер кілті табыс етілді. Ал жақын арада тағы 200 жас отбасы жаңа пәтерлерге қоныстанады.
Egemen.kz хабарлары мен облыстық әкімдіктер сайттарының
материалдары бойынша дайындалды.