11 Ақпан, 2014

Әскери институтта болды

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

SONY DSC

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің халықаралық ынтымақтастық келісімшарттарын жүзеге асыру мен оны жетілдіре түсу егемен еліміз Қарулы Күштерінің әлеуетін көтеруге өзіндік үлес қосып келеді. Әсіресе, әскери білім беру саласында атқарылатын міндеттер көп. Ол міндеттер заманауи білім берудің халықаралық стандартқа сай болуын, оқытудың жаңа технологияларын, әдістері мен тәсілдерін жаңарту мен жетілдіруді көздейді.

Осындай міндеттерді жүзеге асырудың бір айғағы, 2014 жылдың 28-31 қаңтары аралығында Құрлық әскерлері әскери институтына Ұлыбританияның Қазақстандағы әскери атташесі, подполковник Дэвид Харрисон мен Британия кеңесінің Орталық Азия аймағындағы өкілі Николас Флэтчер келді. Бұл сапар екіжақты ынтымақтастық келісімшарт бойынша жоспарланған бағдарлама негізінде жүзеге асты.

Олардың келу мақсаты Құрлық әскерлері әскери институтының оқытушыларына курсанттарды ағылшын тілінде оқыту барысында әдістемелік сабақтар өткізу, шет тілін оқыту әдістері мен тәсілдері бойынша ой алмасу, ағылшын тілінен НАТО “СТАНАГ-6001” стандартына сай тест тапсырмаларын құрастыру және оны сынақтан өткізу болды.

Ұлыбританияның әскери атташесі институт бастығының оқу және ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы полковник В.Мамбеталиев мырза мен Еуропа тілдері кафедрасының бастығы, капитан Ж.Бисенбаева ханыммен ағылшын тілінің халықаралық стандартқа сәйкес тест түрлерін, тілді жетілдіру бағдарламаларын, оқулықтар мазмұны мен институттағы ағылшын тілі оқытушыларының оқу үдерістеріне қажетті әдістемелік материалдар мазмұнын талқылады.

Сондай-ақ, жоспарланған бағдарлама бойынша Н.Флэтчер екі кафедраның ағылшын тілі оқытушыларымен төрт күн әдістемелік семинар өткізді. Семинарлар барысында курсанттар ағылшын тілін үйренуде қолданылатын лексика-грамматикалық жаттығулар, әскери терминологияны үйретуге негізделген мәтіндер мен жаттығулар және әскери техникалардың ағылшын тіліндегі атауларын үйрету бойынша тапсырмалардың мазмұнына орай тәжірибелік тұрғыда ой алмасты.

Нұрқанат СОПБЕК,

лейтенант, Құрлық әскерлері әскери институты

Еуропа тілдері кафедрасының оқытушысы.