11 Ақпан, 2014

Әкімдер партаға отырды

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанайда аудан, қала әкімдері, облыс әкімінің орынбасарлары үшін «Қалалар мен аудандар әкімдерінің әлеуметтік саладағы жұмысының негізгі бағыттары» атты арнайы екі күндік семинар өтті. Партаға отырған әкімдердің алдында мектеп оқушысындай немесе  студенттердей қаламсабы мен дәптері, тіпті  Мемлекеттік қызметшілерді  қайта даярлау және олардың  біліктілігін арттыру жөніндегі өңірлік орталықтың Қазақстан Республикасы  Мем­лекеттік қызмет істері жөніндегі  агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментімен бірлесіп шығарған  құқықтық актілер нормаларының жинағы және «Мемлекеттік қызметтегі жанжалдарды реттеу» атты әдістемелік  оқулық жатты. Әкімдер екі күн бойы оқу бағдарламасында бюджетті құру, субсидиялармен жұмыс және мемлекеттік сатып алуды дұрыс өткізу, пысықтау сияқты тақырыптарды қамтыды. Семинардың ашылуына облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов қатысып, әріптестеріне мұндай семинардың берері мол екендігін айтты. – Семинарды  екі күн емес,  одан да ұзақ өткізуге болар еді. Бірақ қыстағы көп жұмыстар, тыйылмай тұрған боран оған  мұрша бермеді. Дегенмен, бұл семинар әкімдер жұмысында кездесетін көп жайларды пысықтап алуға көмектеседі деп ойлаймын және  бұл алдағы  уақытта жалғасын табатын болады, –деді Нұралы Мұстафаұлы. Облыста бірінші өтіп отырған бұл семинарда әкімдерге  басқармалар басшылары, заңгер мамандар, қор жетекшілері  лекция оқыды, олар интерактивті тақтаны пайдалана отырып,  тиісті тақырыбын бүге-шігесіне дейін  түсіндірді.  Әкімдердің сұрақтарына жауап берді. Екі күндік  семинар әкімдер үшін нағыз пікір алмасу алаңына айналды.  Тренинг өткізілді. Семинарға қатысушылар модераторлар мен спикерлерге,  яғни мамандарға  ойындағы өткір мәселелердің барлығын сұрақ түрінде қоя алды. Мысалы,  қазір шағын және орта бизнесті дамыту – барлық өңірдегі ең  өткір мәселелердің бірі. Осы жөнінде де  семинарда қызықты, таласты пікір алмасу болды.  Негізі, семинарда талқыланған, әкімдер оқып, пысықтаған мәселелердің барлығы да  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде,  бір болашақ» атты Жолдауынан туындаған болатын. Әкімдер  семинарда Жолдауды  талқылауға да уақыт тапты. Семинар соңында облыс әкімі семинарға қатысқан  әкімдерге сертификат және   осыған дейін  аудандық, қалалық әкімдер орынбасарлары, мамандар үшін тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастырған аудан, қала әкімдеріне алғыс хат тапсырды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.