11 Ақпан, 2014

Адам капиталы елді өрге бастайды

355 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында білім және ғылым жүйесін дамыту төңірегінде ауқымды мақсат-міндеттер қойылды. Мәселен, келешекке бағдар беретін бұл құжатта: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?» деген жолдар бар. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына осындай сауал қоя отырып, оған бір мезгілде жауап та қата білді, ел алдында ауқымды жұмыстар тұрғандығына тоқталды. Ал ол мақсат-міндеттер қандай? Біріншіден, олардың негізінде еліміздің білім беру жүйесін оза дамыған елдердің білім беру стандартымен сәйкестендіру идеясы жатыр. Осыған сәйкес, Елбасы 2020 жылға қарай, Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі біліммен толықтай, яғни 100 пайызға дейін қамтылуы тиістігін атап өтті. Сондай-ақ, сол жас жеткіншектерге заманауи оқыту әдістемелері мен оқу құралдарын, жаңа бағдарламалар ұсынудың, Қазақстандағы орта білім беру жүйесіндегі барлық жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі білім беру жүйелерімен теңестірудің маңызы туралы айтылды. Президент назарынан орта білім беру ошақтарындағы орынның жетіспеушілігі мәселесі де сырт қалмады. Мәселен, алдағы 3 жылдық мерзім ішінде, яғни 2017 жылға қарай Қазақстанның жер-жеріндегі елді мекендердегі барлық мектептерді екі ауысыммен оқытуға көшіру үрдісі жүргізілетін болады. Демек, алдағы уақытта қолға алынатын бұл игі істердің барлығы – мемлекеттің алға жылжуы, қарыштап дамуы тек адами капиталмен, оның сапасымен өлшенетінінің бір айғағы болып отыр. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде кәсіби мамандар көптеп шоғырлануы керек. Президент дамыған елдердің қатарына дамыған ғылым арқылы ғана қосылуға болатынын, ол үшін білім беру жүйесін жетілдіруге, адам капиталын дамыту мен ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыруға мән берілетінін жеткізді. Мәселен, адам капиталы ұғымына келсек, бұрын бұл ұғым тек жеке адамның бойынан көрінетін ізгі қасиеттермен, рухани құндылықтармен өлшеніп келсе, қазіргі таңда ол қандай да бір елдің жоғары экономикалық көрсеткішінің белгісі ретінде қабылданып жүр. Міне, сол себепті, де бүгінде білім мен экономика егіз ұғымға айналды. Демек, Мемлекет басшысы айтқандай, дамыған мемлекет болу үшін білім мен ғылымды, ақыл мен парасатты экономикаға негіздеу – адам капиталының өзегі. Ал адам капиталы кез келген елді өрге де жетелейді, алға да бастайды.

Күлиза МОЛДАШЕВА,

№39 мектептің мұғалімі.

АҚТӨБЕ.