Сұхбат • 07 Қазан, 2021

Авторлық құқық аяққа тапталмасын десек...

949 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын талқылай бастады. Еліміздің авторлар қауымы үшін бұл құжаттың қаншалықты маңызды екендігін білу мақ­са­тында біз «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасы, композитор, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Балнұр Қыдырбекпен әңгімелескен едік.

Авторлық құқық аяққа тапталмасын десек...

– Балнұр Балғабекқызы, сіз күрделі музыкалық шығар­ма­лар­дың авторы және автор­лар қо­ғамының басшысы ретін­де өз­деріңізге қатысты заң жо­ба­сы туралы пікіріңізді айтса­ңыз.

– 2019 жылдың шілде айында Шетел инвесторлары кеңесінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мем­ле­кетіміз зияткерлік меншік са­ла­сындағы заңнаманы жетіл­ді­руге бағыт алды», деген болатын. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заң 1996 жылы қабылданып, кейін бірнеше рет кішігірім өзгерістер енгізілген. Мәжілістің жұмысшы тобының отырыстарына қатысып жүргендіктен, осы жолы да күт­кен­дегідей күрделі өзгерістер жасалды деп айта алмаймын.

– Қолданыстағы заңнамаға қан­дай өзгеріс енгізуді жөн кө­ре­сіз?

– Алдымен айтарым: заңның 2-бабы – «Осы заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар» – 46 тармақтан құралған, ал әлем­де бұл салада пайдаланатын ұғым­дар саны екі есе көп. Бүгінгі өмір түгелдей цифрлық жүйеге кө­шіп жатқан сәтте, заңда «камкординг, кардшейринг, цифрлы эко­номика, цифрлы даму» сын­ды күнделікті пайдаланып жүр­ген ұғымдар мүлдем жоқ, бүкіл «техникалық» терминнің бәрі ЭЕМ-ге келіп тіреледі. 12 жас адамнан «ЭЕМ деген не?» деп сұрап едім, бір-ақ қыз: «Элек­трон­ды-есептеу машинасы» деп жауап берді. Демек, бұл бапқа жаңа ұғымдарды енгізіп, оларға анықтама беру талап етіледі. Яғни аталған заңға жаңа редакция әзірлеу керек.

– Тағы қандай ұсынысыңыз бар?

– Авторлар құқығына байланысты әлемдегі үлкен проб­леманың бірі – плагиат. Ән ұр­лау­ға келгенде, қазақ­стан­дық­тар ешкімнен кем емес, тіпті алдыңғы шепте тұрмыз десек те болады. Әннен әнге көшіп жүрген бір әуен, бір ырғақ, сөзі мен музыкасы сәйкес келмейтін екпін. Ғаламтордан көшіріп алған да­йын әнге қазақша мәтін жабыстыра салып, «өзім шығарған ән» дейтіндер көбейіп барады. Біздің плагиаторлар жымқырудың қыр-сырын әбден біліп алған. Олар көбінесе Малайзия, Словения, Румыния сияқты елдердің біздің жұрт біле бермейтін эстрадасынан ұрлайды.

Ал қолданыстағы заңда плагиат туралы бір ауыз сөз жоқ!  Қылмыстық Кодексінің 198-бабында «авторлықты иемденгенге қылмыстық жаза қол­да­ны­­лады» делінгенмен, плагиатты анықтау тәсілдері нақтылы бел­гі­ленбеген.

Плагиат туралы бапты заңға міндетті түрде енгізу және өнер­дің әдебиет, музыка, сурет, режиссура және басқа жанрларына тән плагиатты анықтайтын са­палық, сандық нормативтерді әзір­леу керек.

– Жуырда Қазақстан фотографтар одағының төрағасы Асылхан Әбдірайымнан осы заң­да фотографтардың құқығы қор­ғалмайтынын білдім...

– Иә, қазір әркім өз телефонына ұнағанын түсіре бе­ре­тін кезде фотограф неге к­ерек деп ойлауға да болар. Ал 1996 жылы қабылданған заңда фотографтардың құқығы еленбей қалған. Біз әлемге әй­гі­лі А.Картье-Брессон, Р.Аведон, И.Пенн есімдерін білеміз, ке­шегі өткен заманды фотоға түсірген Е.Умнов, Н.Хорун­жий де есімізде. Осы тұр­ғыда С.Пер­не­баев, С.Бә­сі­бе­ков, Н.Жұба­нов еңбек­терін білеміз бе? Қазақ­станн­ың белгілі әртістері, ақын-жазушыларының бейнелері бүгінге солардың қыз­ме­ті ар­қы­­лы жетті. Отандық спорт­шы­лар­дың же­тістіктерін су­ретке тү­­сі­ріп кет­кен Д.Егізов те ұмыт бол­­ды. Бүгінде Н.Қи­затұлы, М.Золотухин, Ф. Қабдыкайыров, Ю.Беккер, Ш.Ша­хай түсірген фотосуреттерге қа­раған кезде, олардың авторлық құ­қығы тапталып жатқаны еш­кімнің ойына келмейді. Кәсіби фотографтың еңбегі – елі­міздің зияткерлік меншігі, рухани қазынаның бір саласы, болашақ ұрпаққа қалатын тарихи байлық. Бірақ олардың да, олардың мұрагерлерінің де құқығын ешкім қорғап жүрген жоқ. Сондықтан қолданыстағы заңға фотограф туралы бапты міндетті түрде енгізу керек.

– Авторлық құқық бүкіл әлемде бірыңғай, сондықтан да­­мы­ған елдің біреуінен дайын заң үлгісін неге алмасқа, әлде өзіміздің ұлттық ерекшелігіміз бар ма?

– Әрине бар. Мәселен, айтыс. Бүгінде айтыскер ақындар халықтың сый-құрметіне бөленсе де, олардың авторлық құқығын қорғап жатқан ешкім жоқ.

Заңға «Той» ұғымын да енгі­зу керек. Бұл қалжың емес. Ав­тор­лық құқықты бұзушы­лық­тың көкесі – тойда. Ән мен күйдің заңсыз пайдаланылуы, олардың авторларына сыйақы төленбеуі үйреншікті үрдіс болып кетті.

Көптеген мемлекетте ав­тор­лық құқықпен шұғыл­да­на­тын бір-ақ мекеме бар, әрі кет­кенде екеу: біреуі – тікелей ав­торлар құқығын, екіншісі са­­бақтас құқықты қорғаумен ай­­­на­лысады. Қа­зақстанда осын­­­­дай жиыр­ма шақты меке­ме бар, кейбірі – қоғамдық бір­лестік», қалғандары жауап­кер­­шілігі шектеулі серіктестік ре­тін­де тіркелген. Осы мәселені отан­дық заңнама реттей ала ма?

– Біздегі осы олқылықты бай­қаған бірнеше шетел ұйым­да­рының басшылары, атап айт­сақ, CISAC (Авторлар мен композиторлар қоғамдарының халықаралық конфедерациясы), ВМІ (АҚШ), SOCAN (Канада) 2016 жылы Премьер-Министр К.Мәсімов пен Пар­ла­мент Се­на­тының Төрағасы Қ.Тоқаев­қа өтініш жолдаған. Бірі «Қа­зақ­стан­да құқықтарды ұжым­дық не­­гізде басқаратын ұйым­дар тым көбейіп кетті және олардың басым көпшілігі осы саланың не­гіз­­гі білімі мен біліктілігіне ие емес» десе, екіншісі соның сал­да­­ры­нан «пайдаланушыларды шатастырып, авторлар мен жалпы Қазақстандағы экономиканың шығармашылық секторына зиян келтіреді» деген. Аккредиттеу жүйесін даулы деп атай отырып, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңға өзге­рістер мен толықтырулар ен­г­і­зу арқылы заңнамалық кем­ші­ліктерді жоюды өтінген.

Арада бес жыл өтті, ал мү­лік­тік құқықтарды ұжымдық негізде бас­қаратын ұйымдар саны көбею үстінде. Олар өз пайдасы үшін түрлі әрекеттерге барады. Ал бұ­дан зардап шегетіндер – авторлар. Олардың сыйақылары кім­нің қалтасына кетіп жатқаны белгісіз.

Шетелдік сарапшылар біз­дің аккредиттеу жүйемізді неге «даулы» дейді? 2020 жыл­дың қараша айында сегіз ұйым ішінен тек екі құқықтарды ұжым­дық басқару ұйымы (ҚҰБҰ) аккредиттелді емес пе?

– Әділет министрлігі «Қа­зақ­стан зияткерлік меншік құ­қықтарын басқару қоғамы» РҚБ-ны, «Қазақстан зияткерлік мен­шік агенттігі» ЗТБ-ны, «Ұлт­­тық авторлық бірлестігі» ҚБ-ны, «Абырой» авторлық қо­ғамы» РҚБ-ны, «Авторлар ән­де­рінің одағы» РҚБ-ны, «Қазақ әуендерінің орындаушылары» РҚБ-ны әртүрлі себеппен аккредиттеуден бас тартты. Ал менің ойымша, негізгі себеп – олардың мемлекет белгілеген сыйақының шекті мөлшерінен асып кетіп, түскен қаржыны өз шы­ғыстарына пайдаланғаны болса керек.

Негізінде, кез келген ме­ке­ме­­ні аккредиттеу жалпы тәр­тіп­ке ықпал етуі керек. Алай­да «Сәйкестікті бағалау са­ла­сы­н­дағы аккредиттеу тура­лы» заңында аккре­диттелген ұйым­ның аккредиттелмеген ұйым­нан қандай артықшылығы бар екендігі туралы бірде-бір сөз жоқ. Керісінше, мекеменің аккредит­теуден өту-өтпеу еріктілігі прин­ци­пі бар. Аккредиттеу алған ұжымдар Үкімет қаулыларын, басқа ережелерді қатаң сақтаса, аккредиттелмеген ҚҰБҰ өзінің еш­қандай жауапкершілікке тар­тыл­­майтындығын біліп, тәр­тіп­ті бұза береді. Оған да талай мысал бар.

– Сонымен жаңа заң қа­был­дау қажет пе?

– Жоқ, заң бар және біз сон­дағы қағидалар бойынша 25 жыл бойы жұмыс істеп келеміз. Бірақ сол заңның негізінде қазіргі өмір­ге сәйкес келетін жаңа редакциясын дайындау керек.

– Пікір бөліскеніңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Сәкен БЕЛГІБАЕВ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін