11 Ақпан, 2014

Шекара академиясындағы жаңа ғимарат

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ҰҚК Шекара қызметі академиясының кинология және ат дайындығы кафедрасының әкімшілік корпусы арнайы бағдарлама аясында (EXBS) күрделі жөндеуден өткізіліп, салтанатты жағдайда шекарашыларға тапсырылды, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі. Құрылыс жұмыстары АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің «Экспорттық бақылау және шекараның қауіпсіздігі» бағдарламасы негізінде жүргізілді, барлық талаптарға жауап береді. Ғимараттың ашылу салтанатына жоғарыда аталған бағдарламаның кеңесшісі Кирк Бредхам, «Артек Констракшн» ЖШС құрылыс компаниясының директоры Емрах Сейхун, менеджері Ерхан Ақсу және құрылыс жұмыстарының бастығы Серік Қарбаев қатысты. Осы орайда аталған компанияның біздің елімізде жұмыс істеп келе жатқанына бір жыл ғана болғандығын, дегенмен, бұған дейін олар Ауғанстан, Түркия және АҚШ секілді елдерде әскери нысандар салып, өздерін жақсы жағынан көрсеткендерін атап өту керек. Кафедра құрылған кезде, яғни алғашқы жылдары оның оқу корпустары офицерлік-оқытушылық құрамның күшімен соғылды. Әрине, ол кездің жағдайы да басқа болатын. Бүгінгі таңда мұнда жұмыс істеуге қажетті барлық жағдай жасалған. Жөндеу жұмыстарының барлығы еуропалық талаптарға сай келеді. Өткен жылдың тамыз айында басталған жөндеу жұмыстары толық аяқталып, міне, шекара сақшыларына арналған алғашқы оқу сабақтары да жүргізілгелі отыр. – «Экспорттық бақылау және шекараның қауіпсіздігі» бағдарламасы (EXBS) 2000 жылдан бастап жұмыс істеп келеді, ең бастысы жұмыстың сапалылығына біз кепілдік береміз, – дейді бағдарламаның кеңесшісі Кирк Бредхам. Академия бастығының оқу істері жөніндегі орынбасары, полковник Павел Поливанов пен кафедра меңгерушісі Еркін Оңбаев сөз кезегінде қонақтарға алғыстарын айтып, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істей беретіндіктеріне сенімдерін білдірді.