Қазақстан • 08 Қазан, 2021

Жаһандық өркениеттер мен діндердің тең диалогы

342 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан астанасында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі Хатшылығының кезекті отырысында әлемдік конфессиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бүгінгідей күрделі кезеңде бейбітшілік пен та­ту­лықты сақтау және түрлі мәде­ниеттер мен ұлттар арасындағы достықты нығайту мәселесін көтерді.

Жаһандық өркениеттер мен діндердің тең диалогы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

 

Елордада ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм секілді әлемдік діндердің белгілі өкілдері бас қосып, жаһандық мәселелер хақында ой-пікірлерін ортаға салды. Дін – кез келген қоғамның маңызды, бөлінбес бөлшегі екенін алға тартқан қатысушылар Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының дәстүрлі кездесуін бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізгі құралына теңеді. 

Қазақстандағы Орыс Православие шіркеуінің өкілі епископы Геннадий осыдан 18 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезін өткізу туралы бастамасы оның көрегендігін, яғни болашақта елдер мен халықтардың өмірінде діннің қаншалықты үлкен рөл атқаратынын алдын ала түсіне білгенінің нақты айғағы екенін атап өтті.

– Модерн дәуіріндегі қоғамдардың күйреуі барлық жердегі діни жанданумен қатар жүреді. Сонымен қатар конфессиялық көрініс те айтарлықтай өзгереді. Әр адамның жеке діни ізденісі маңызды болып барады, бұл діни танымның тұтастығын бұзады. Жаңадан пайда болған діндарлар түрлі діни көзқарастардың тасымалдаушысына айналды. Бұл дәстүрлі діни құрылымдардың беделіне теріс әсер етеді. Қарама-қайшы көзқарастарды, көбінесе экстремистік ұстанымды уағыздайтын жаңа діни қозғалыстар, секталар көбейіп, кеңінен таралып жатыр. Осылайша, рухани құндылықтарды түсінікті, нақты тілде жеткізіп бере алатын дәстүрлі дін көшбасшылары мен өкілдерінің маңызы арта бастады. Қоғамдағы дінаралық қарым-қатынасты үйлестіру де маңызды болып отыр, – деді епископ.

Беделді жиында дүниежүзін әуреге салған пандемия жайы да көп қозғалды. Қатысушылар бұл індеттің діни қызметке ғана емес, жалпыадамзатқа, қоғамның әлеуметтік дамуына, халықаралық ынтымақтастыққа тигізген әсері жайлы сөз қозғады. Бұл туралы «Джинджя Хонче» Синто храмдары қауымдастығының халық­аралық байланыстар депар­тамен­тінің директоры (Жапония) Шинсаку Мицуи өз сөзінде айтып өтті.

– Коронавирус әлі де бәсеңдер емес, дүниежүзінде таралып жатыр. Адамдар тұрақсыздық жағдайында қалып отыр. Постпандемия кезеңіне аяқ басып, күн­делікті өмірге орала бастағанымызбен, адамдардың көпшілігі әлі де психологиялық ауыртпалықты сезінеді. Мұндай күрделі кезеңде біз екі есе көп күш салып, қиын кезеңнің зардабын көрген жандардың тезірек айығып кетуіне барынша көмектесуіміз керек, – деді жапондық синто дінінің өкілі. 

Сондай-ақ отырысқа қатысушылар форумның маңызды бөлігін этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өркениеттер мен дін­дердің жаһандық диалогын ілгерілету­дегі рөлін талқылауға арнады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің шақырылуына Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамашылық жасағаны белгілі. Сондықтан да съезд хатшылығының отырысында отандық және шетелдік діндарлар Елбасының дінаралық, мәдениетаралық, өркениетаралық байланыс­тарды жандандыру жолындағы еңбегіне, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуде сабақтастықты сақтаған саясатына оң баға берді.

Иран Ислам Республикасы Мәдениет және ислам байланыстары ұйымы Дін мен мәдениет диалогы орталығының департамент директоры Захра Рашидбейги қазіргі әлемде конфессияаралық диалогты нығайту мен дамыту діни және саяси көшбасшылардың басты миссиясы екендігін баса айтты.

– Аса мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның қажырлы әрі жемісті еңбегі діни жетекшілер мен саяси басшылардың арасындағы бірлік мәселесінде айқын үлгі болып саналады. Осы ірі жиынға қатысып отырған түрлі дін мен мазхабтардың құрметті өкілдері әділет пен ұлттық мәдениетті таратуда ұзақ уақыт бойы еңбек етіп келе жатқаны сөзсіз. Дегенмен аса мәртебелі Назарбаев мырзаның түрлі дін өкілдерін жинап, діни жетекшілердің басын қосуы діни көшбасшылардың бірігіп, бір-бірінің қызметімен танысуына және тәжірибе алмасуына себеп болды, – деп атап өтті Захра Рашидбейги. Ол адамзатты соғыстан құтқару басты міндет болып қала беретініне сенімді.

– Біздің ғаламшар мен бүкіл адамзат жойқын қауіп-қатерлерге тап болып келеді. Адамзатты қатерлі соғыс қаупінен азат етуден маңызды мақсат жоқ. Діндер арасындағы қарым-қатынастарды нығайту осы биік мақсатқа жетуге ықпал етіп, рухани құндылықтарды ілгерілетуде маңызды рөл атқара алады, – деп атап өтті Захра Рашидбейги. Иранның Дін мен мәдениет диалогы орталығының өкілі конфессиялар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың басты тәсілі – өзара құрмет пен жауапкершілік негізінде тең диалог орнату екенін баса айтты.

Хатшылықтың отырысында сөз алған Дүниежүзілік буддистер қоғамдастығы (Таиланд) президентінің кеңесшісі доктор Танес Сучарикул Қазақстан Республикасының конфессияаралық диалог жөніндегі бастамалары халықаралық қоғамдастық үшін өте маңызды да құнды деген пікірін білдірді.

Спикер Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көрегендігі және бүкіл әлемдегі бейбітшілік ісіне қосқан үлесі үшін, оның құрметіне 2018 жылы «Нұрсұлтан Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі орталығы» құрылғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Елбасының бастамаларын белсенді де тиімді жалғастырып отырғаны үшін ризашылығын білдірді.

– Конфессияаралық диалог бойынша Қазақстан Республикасының бастамалары халықаралық қоғамдастық үшін өте маңызды және құнды. Конфессияаралық диалогтардың түрлі бағдарламасы мен оларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарлар әлі күнге дейін іске асып келеді және болашақта жалғасын табатын болады. Бұл іс мақтауға тұрарлық. Бауырластық көптеген жыл бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі арқылы нығайып келеді және болашақта да осылай жалғаса береді, – деп атап өтті доктор Сучарикул. Спикер Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі пандемиямен күресте де ынтымақтастыққа ықпал ете алатынын атап өтті. «Бұл бізге аурумен күресуге және адамның қайғы-қасіретін жеңілдетуге көмектесетін ортақ діни құндылықтарды табуға көмектеседі», деді ол.

Сөзін қорытындылай келе, доктор Сучарикул барлық дін ынтымақтастығы мен күш-жігерінің арқасында табиғи апаттар мен пандемия салдарын жеңілдете аламыз деген пікір білдірді. «Съезд ынтымақтастық пен келісілген күш-жігердің басты органы бола алады», деп түйіндеді ол.

Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам, насихат және тәлім беру істері жөніндегі министрінің орынбасары Мұхаммед бен Абдулуахед әл-Арифи Қазақстанда өткізіліп жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүкіл әлемге үлгі бола алатынын алға тартты.

– Діндердің, этностар мен өркениеттердің бейбіт диалогын Қазақстанның Тұңғыш Президенті дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Диалог орнату маңызды, өйткені әртүрлі діннің ортақ құндылықтары бар. Тек бірлескен іс-қимылмен ғана біз бүкіл әлемдегі тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіретін терроризмге қарсы тұра аламыз. Осы зұлматтың салдарынан адамдар қаза болады. Көптеген қылмыстың ислам атын жамылып жасалатыны өкінішті, –  деді ол.

Кездесуге қатысушылар жаһандық тарихи өзгерістер барысында жас тәуелсіз мемлекет халқын топтастырып, этносаралық және конфессияаралық бірліктің бірегей теңгерімін құра білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи үлесін атап өтті. Солардың бірі – Қазақстанның бас раввині Ешая Элазар Коген. 

– Құдай ауруды жіберген кезде одан бұрын дерттің дауасын жібереді деп жазылған. Біз антиденелердің пайда болғанын біліп жүрміз. Вакцина салдыру арқылы антиденелер қалыптасады. Зұлымдықпен күресуге қашанда мүмкіндік бар. Құдай бұл мүмкіндікті одан ертерек береді, – деді Ешая Элазар Коген.

– Егер діндер көшбасшыларының съезі туралы айтатын болсақ, ол да Қазақстан жасаған жақсы вакцина іспеттес. Кім не ойласа да өзі біледі. Бірақ бізді ортақ нәрсе біріктіретінін ешқашан ұмытпауымыз керек. Біз бір-бірімізге бейжай қарамай, бір-бірімізді қолдағанда бәрі жақсы болады. Қазақ халқы бұл туралы әуелден біледі. Бұл да қазақ халқына көктен берілген сый десек болады. Бірлік бар жерде ғана табыс, молшылық бар, – деп атап өтті раввин.

Отырысқа қатысушылар жылдар бойы қалыптасқан сындарлы диалогты алдағы уақытта жалғастыруға уағдаласып тарқасты.

 

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

Светлана Ғалымжанқызы,

«Egemen Qazaqstan»