Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұражайында кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылуына 25 жыл толуына орай «Жан жарасына айналған Ауғанстан» атты естелік-көрме ашылды.
Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған ауған соғысы Кеңес Одағына абырой да, даңқ та әпермегені белгілі. Саяси болжамдардың құрбаны болған ауған халқына да, басқыншылық әрекетті он жылға тарта уақыт бойы шімірікпестен жүргізген Кеңес Одағы халқына да бұл соғыс қасірет пен қаскөйліктің үлгісі ретінде жүректерге өшпес жара салды. Бұл қанқасап, әсіресе, кеңес билігінің сапында болған мұсылман елдеріне де ауыр сын, үлкен сабақ болғаны хақ. Әрбір ел, әр мемлекет өздерінің ішкі істерін өз ұлты мен халқының пайдасы үшін, игілігі үшін дербес түрде шешуі тиіс екендігін ұқтыратын өмірлік өнеге ретінде де ауған соғысы барша ғаламға нұсқа, барлық билікке мысал болды. Міне, Алматы төрінде есігін айқара ашқан көрме Жер шарын мекен еткен күллі ұлыс пен ұлтқа осындай мағыналы да адами ой түюді үндейтін ұлы мақсатпен өз жұмысын бастады. 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейінгі 9 жыл, 1 ай, 19 күнге созылған ауыр кезеңде КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының деректері бойынша кеңестік 620 мыңға жуық адам соғысқа тартылса, оның 22 мыңы қазақстандық әскери болған. Жарақат пен аурудан қаза тапқан 15 526 адам болса, оның 924-і қазақстандық көрінеді. Хабар-ошарсыз кеткен және тұтқынға түскен 333 адамның 21-і қазақстандық екен. Қазақ даласынан аттанған әскери қызметкерлердің ішінде 86 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанып, қалғандары денсаулығы мен жүйкесіне орасан нұқсан келтіріп оралыпты. Ауғанстан зардабын өз көзімен көрген, талай жыл елдегі Ауған соғысы ардагерлеріне ұйытқы болған генерал-майор Мұрат Қалматаев, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы Сергей Пашкевич, Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров аталған көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, әлемде мұндай соғыстың енді қайталанбауын, әр отбасы әкелері мен балаларының бейбіт өмірге қызмет еткенін, бала-шағасының қасында болғанын қалайтындығын айтумен қатар, ауған соғысының зардабы мен келтірген орасан шығыны туралы, сондай-ақ, соғыс жылдарындағы естеліктерді жиылған көпшілікке әңгімелеп берді. Көрмеге Ауғанстандағы соғыс даласында от пен оқтың астында қан кешкен әскери қызметкерлердің, оның ішінде қазақстандық жауынгерлердің жеке мұрағатынан алынған деректер, майдан суреттері, хаттар мен куәліктер, наградалар мен сол кезде тұтынған жеке заттары қойылды. Алматы қалалық әкімдігінің жанынан құрылған Ауғанстандағы соғыстың және шағын әскери шиеленістердің ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің қалалық үйлестіру кеңесі бастамашылық танытқан бұл көрменің алғашқы күнінде-ақ оған келушілер қатары қалың болды. Ауғанстан соғысы туралы шындықты жеткізуді, жауынгерлер мен жас ұрпақ жүрегінде отаншыл рухты оятуды, сондай-ақ, саяси мәселелер соғысу арқылы шешілмейтіндігін насихаттауды мақсат тұтқан аталған көрме келушілерді сәуір айына дейін қабылдайтын болады.Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.