Қоғам • 08 Қазан, 2021

Досхан Жолжақсыновқа «Отан» ордені табысталды

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Достық үйінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Қазақстанның халық әртісі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досхан Жолжақсыновқа «Отан» орденін табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Досхан Жолжақсыновқа «Отан» ордені табысталды

Мерейлі мерейтой қарсаңында Президент Жарлығымен ұлттық мәдениетті, кинематографияны және театр өнерін дамытуға қосқан айрықша еңбегі үшін танымал актер және режиссер Досхан Жолжақсынов «Отан» орденімен марапатталған болатын.

Өнер қайраткерінің мерейтой құрметіне орай Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың және Президент Қ.Тоқаевтың құттықтауын оқып, еліміздің мәдениеті мен өнеріне қосқан зор үлесін, сан қырлы шығармашылығы жолы туралы айтып өтті.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өнер майталманын құттықтап, кино, театр өнеріндегі еңбегі туралы айтып өттті. Жиын ары қарай Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Лидия Кәденова, Айдос Бектеміров, композитор Төлеген Мұхамеджанов, тағы да басқа қоғам және өнер қайраткерлері құттықтады.

Жастайынан өнер саласында жүрген Досхан Жолжақсынов театр мен кинода шоқтығы биік кейіпкерлерді сомдағанына халқы тәнті. Халық әндері мен қазіргі қазақ композиторлары әндерін шебер орындаушы ретінде кеңінен танылған Д.Жолжақсынов ұлттық кино өнерінің дамуына өз үлесін қосып, «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Алтын күз», «Омпа», «Ақ барыстың ұрпақтары», «Көшпенділер», «Құнанбай», «Біржан сал» және басқа да фильмдерге түсіп, театр және кино саласында екі жүзден астам рөлдерді сомдады.