Заманның бір орнында тұрмайтыны сияқты, сол заманның ырғағына бағынған экономика да бірқалыпты болмайды. Кеше ғана 1 АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы айырбас пункттерінде 156, 3 теңгенің көлемінде болса, міне, бүгін ол күтпеген жерден 185 теңгеге көтерілді.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері мұндай қаржылық «сілкіністердің» талайын бастан кештік. Тоқсаныншы жылдардың басында рубль, яғни сол кездегі сомымыз гиперинфляцияға ұшырап, халық күнделікті тұтынатын заттарын алу үшін дүкенге 50 мың немесе 100 мың соммен барғанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Абырой болғанда, еліміздің төл теңгесі қаржылық айналымға шыққаннан кейін «сабан ақшадан» құтылып, елдің экономикасы да, халықтың тұрмысы да түзеле бастады.
Бірақ төл теңгеміз қанша жерден тегеурінді болғысы келгенімен оның АҚШ долларына шаққандағы бағамы ел экономикасының тәуелсіздігі жылдарында бірнеше рет көтеріліп үлгерді. Бірақ ол бұрынғы Кеңес рубліндей шектен шыға құнсыздана қойған жоқ. Көрші Өзбекстандағы ағайындардың сомының қандайлық деңгейде екенін естіп, біліп отырмыз ғой, ал оларға қарағанда біздің теңге АҚШ-тай алпауыт ел долларының қысымына әлі де дес бермей келе жатқан жоқ па?!
Жасырып, жабатын несі бар, қанша дегенмен, халықтың қобалжып, абыржитынын түсінемін. Базарлар мен дүкендердегі азық-түліктің бағасы бірден аспандап кетпесе де, бұрынғыдан ептеп қымбаттауы мүмкін. Жанармай бекеттерінің иелері де бензиннің бағасын «шегірткеше секіртетіні» ақиқат. Әрбір саналы азамат өз елінің әлем экономикасына қарап көш түзейтінін біледі. Қазақ елі де, қазақ халқы да дүниежүзінде болып жатқан экономикалық ауытқулар мен дүмпулерден шет қала алмайды.
Біздің мекемеге келсек, азық-түлік жеткізіп берушілермен келісімшарт жасалып қойылған. Сондықтан олар бізге қымбатшылықты алға тартып, бұлтақтай алмайды. Ал халық күнделікті тұтынатын заттардың бағаларының өспеуін Үкімет пен жергілікті билік назарда ұстап, қатаң бақылайтын болады деп ойлаймын. Әр кезде де солай болған. Бұл жолы да солай болады. Демек, «сабыр түбі сары алтын» дегендей, талай қиындықты бастан өткерген қажырлы, ерік-жігері мықты халқымыз бұл сын сағатта да өзіне тән сабырлылықтың үлгісін көрсетіп, арқаларына батқан ауыртпалықты салмақтылықпен көтере біледі деп сенемін.
Жоратай МАМЫРАЛИЕВ,
№1 қарттар мен мүгедектерге
арналған интернат үйінің директоры.
Жамбыл облысы.