Қазақстан теңгесінің валюта бағамына қатысты өзгерісі жөніндегі хабар құлағымызға тиісімен, облыс орталығы Көкшетауда орналасқан екінші деңгейлі банктерді түгел дерлік аралап шыққанбыз. Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк басшыларының Астана және Алматы қалаларында өткізген брифингтерінде АҚШ-тың 1 долларын 185 теңгеден артық сатуға болмайтындығы айтылғанымен, әркім өзінше ат айдайтын ахуал байқалды.
Мәселен, «Казкоммерцбанктің» Көкшетаудағы филиалының көрсеткіш тақтасында доллардың 189 теңгеге сатылатыны, ал бір долларды 181 теңгеден сатып алатындығы жазылып қойылыпты. Бірақ, бұл тақта кәдуілгідей далада, жұрт көзіне түсетіндей жерде емес, ғимараттың ішкі жағына ауыстырылған.
«БТА банк» 1 долларды 182 теңгеден сатып алып, 188 теңгеден саудалап жатыр. Бас ғимараттағы кассир Гауһар Бейсенбаева бұл бағамның сағат 15.30-да іліп қойылғанын айтады. Содан бері оның қызметіне ешкім жүгінбеген. Ауытқушылықтың мәнісін білмек болып валюталық бақылау менеджері Динара Баяхинаның алдына барғанбыз. Әйткенмен, ол қандай да бір түсінік беруге өкілеттігі жоқтығын айтты. Банк директоры осы мәселе бойынша Ұлттық банктің бөлімшесіндегі мәжіліске кеткен көрінеді. Ал, директордың орынбасары Қайрат Қабдірашитов әлі нақты нұсқаудың келіп түспегенін алдымызға тартты. Жалпы, оның пайымы бүгінгі өзгеріске қатысты тірек деңгейі бар, біз оны бұзып отырған жоқпыз дегенге келеді. Демек, Көкшетау қаласындағы – 3, аудандардағы 6 ақша айырбастау пункті осы тәртіппен жұмыс істеп жатқаны анық.
«Цеснабанк» филиалында долларға қатысты бұл бағам сатып алу – 185,5, сату 188 теңгеден болып шықты. Ақпараттық тақта осылай деп тұрғанымен кассир Гүлмира Әшімова өз орнында емес, жалпы кассада жұмыс істеп отырғаны таңғалдырады. Банкке кіреберістегі Риза атты менеджер қыздан басшылардың ешқайсысы орнында еместігін білдік.
Банктердің құдайға қарағаны «Нұр Банк» болып шықты. Олар АҚШ ақшасын 183,5 теңгеге сатып алып, 185,5 теңгеге саудалап отыр. Ал, «Темірбанк» пен «Поштабанктің» ақпараттық тақталары бос тұр.
Көкшетаудағы жекеменшік ақша айырбастау пункттерінің дені орталық базар ауданында орналасқан. Көбісі жабық тұр. «Вавилон» дүкеніндегі пункттен долларды 185 теңгеге өткізіп, 187 теңгеден сатып алуға болатынын білдік. Ал, «Астана» дүкеніндегі атын айтуды қаламаған меншік иесі 1 долларды 185 теңгеден сатып алып, 189 теңгеден сату ниетінде екен. Бірақ, бағам ауысқан бойда тұрақты клиенттердің өзі келмей қойғанын айтады.
«Рио» сауда, ойын-сауық орталығындағы айырбастау пунктіндегілер долларды 170 теңгеден де сата алмай отырғандығын мәлімдеді. «Шығынға бататын болдық» дегенді де айтып жатыр.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.