Өнер • 10 Қазан, 2021

Түркістан тағы бір рухани ордамен толықты

686 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күн өткен сайын түрленіп келе жатқан қасиетті Түркістан қаласының архитектуралық ансамблі  көз тартар жаңа сәулетті ғимаратпен толықты, деп жазады Egemen.kz.

Түркістан тағы бір рухани ордамен толықты

Құрылысы аяқталып, көптен бері ашылу салтанатын күткен Түркістан музыкалық драма театрының тұсауы кесіліп, ұлттық руханият пен сахна өнерін өрістету жолында еңбек сіңіріп жүрген танымал тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері, қарапайым қала тұрғындары алғашқы қойылымды тамашалауға келді. Белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Бөрте» атты пьесасы жаңа театрдың тарихын бастап, алғашқы парағын ашты. Қазаққа ғана емес, күллі түркі жұрты үшін қасиетті  әрі қадірлі мекен саналатын киелі Түркістанның тарихқа тұнып тұрған топырағында бой көтерген театр тырнақалды тұңғыш қойылымын да тарихи тақырыпқа арнады.

Көне қаланың орнында көркейіп келе жатқан түркі жұртының рухани астанасы үшін әрбір мәдениет, өнер ордасының маңызы зор. 500 орындық жаңа театрдың ашылу салтанатына құттықтау сөзін арнаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев театрдың қызметі мен рөліне кеңінен тоқталды. «Бүгін облыс жұрты үшін ерекше күн. Жаңа театр «Бөрте» спектаклін ұсынып, көрерменге рухани ләззат сыйлап отыр. Көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, «театр деген – ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны». Себебі театр ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат сияқты қасиеттердің ара қашықтығын, олардың айырмасын көрсете отырып, көрерменге ой салады, адамды өзгертеді. Әлемді тануға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда жаңа театр адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы болады деп сенемін» деді.

Елдің рухани өміріндегі айтулы оқиғадан сырт қала алмай, спектакльді арнайы тамашалауға келген Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек театр жобасын жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстың Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтан қолдау тауып, қысқа мерзім ішінде шындыққа айналып үлгергенін атап өтті. Өнерге қолдау білдірудің нәтижесінде ел үміті ақталып, жаңа сахна жан дүниені сілкінтер мазмұнды қойылымдарды тамашалауға кең мүмкіндік тудырып отыр.

Салтанатты шараның ресми бөлімі аяқталған соң көрермен «Бөртені» тамашалауға ден қойды. Бөрте – әлем тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған алғашқы әйелі. Бөрте образы – бұған дейінгі әдебиет пен сахнада көрініс тапқан көпшілікке таныс әйелдер бейнесінен бөлек, мемлекет әміршісінің басқару ісіне, ел билігіне араласқан рухты, парасатты, өр тұлға. Қойылым 10-11 жастағы Темучин  мен Бөртенің алғаш танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңін қамтиды. Бұл кезеңде Темучин алауыздық жайлаған моңғол тайпаларын біртұтас мемлекетке біріктіріп, Шыңғыс қаған атанады. Шыңғыс хан әскерінің жеңісті жорығы Қытайдан басталып, Украинада болған атақты «Калха өзені  бойындағы шайқасқа» дейін жетеді. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, бір басында драмасы мен трагедиясы жетіп-артылатын батыр әйел  Бөрте ханымның ғұмыры баяндалады.

«Бөртені» сахналауға Италияның белгілі театр режиссері Давиде Ливермор шақырылған. Қойылымның көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, екінші режиссер – Карло Шаккалуга, сценограф – Анна Варалдо, костюм бойынша суретші – Айжан Абдуайт, композитор – Хамит Шанғалиев, балетмейстер – Әсем Әлдибекова, Мадина Мұратбекова, Дәулет Мұратбеков.

Спектакльдегі атап өтуге тұрарлық басты жаңалығының бірі – еліміздің белді театрларындағы танымал әртістердің бір сахнада  топтасып, бас қосқанын көрермен тосын тәжірибе ретінде қабылдады. Талантты сахна майталмандарының мұншама мол шоғырын көрермен бұрын-соңды көрмеген: Айя Шәріп, Ақбота Қаймақбаева, Лейло Бекназар-Ханинга, Еркебұлан Дайыров, Нұркен Өтеуіл, Әділ Ахметов, Алмахан Кенжебекова, Әшім Ахметов, Ержан Нұрымбет, Әлихан Идрышева, Қонысбек Бегайдаров, Зәмзәгүл Бегайдарова сынды әр театрдағы белгілі әртістер бір спектакльдің көрігін қыздырып, сахна үстінде өздері үшін шеберлік алмасты. Шығармашылық және техникалық топтың үлкен бөлігі тартылған ауқымды спектакльдегі бұл жаңашылдық драма материалының салмағын арттыра түсті.

Декорация шынайылығымен, сахналық киімдер тартымдылығымен, реквизиттер шеберлердің арнайы дайындауымен көз тартады. Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың айтуынша, алдағы уақытта да көрерменге озық техникалық және креативті шешімдерге негізделген тың қойылымдар молынан ұсынылады.