Жүрсін Ерманның аты аталса-ақ алаш баласының алдымен айтысты ауызға алатыны анық. Азаматтың халқымыздың ұлы өнерін ұлықтауға еткен еңбегі ересен екендігі даусыз. Сонымен бірге, айтысты алға апарған қайраткерлігін құрметтеу оның қаламгерлігін қадірлеуге көлеңкесін түсірмеуге тиістігі тағы талассыз. Дәл бүгін өмірінің бір белесіне көтеріліп отырған ақынның әр шумақты қырлап қашағандай етіп шығаратын шын шайырлығына газет оқырмандарының назарына ұсынылған жырлар топтамасы дәлел бола алады.
Танылатын шақ осы тектілігің
Шежірені шиырлап тарата алам,
Тусақ, туған шығармыз әр атадан.
Өзіңді өзің сүйрелеп, қатарға қос,
Ей, қазақтың баласы қара табан!
Қарындаспын, қандаспын, жүректеспін,
Сол жүректен мен саған тілектеспін.
Алп-алп басқан аталар әулетіміз,
Сенен асып туған жоқ білекті ешкім.
Көптен көмек күтпей-ақ,
достан – қайыр,
Тасмаңдайдан тағдырды жасқанбай ұр.
Сен туғанда қуанған әке-шешең
Берді ғой деп Тәңірім қошқардай ұл.
Күнге қарап, қырандай қанатың кер,
Сені көріп серпілсін қара түндер.
Сұрамайды Құдайдан ұлды қазақ
Жүрсе екен деп, әйтеуір санатында ер.
Жайсаңсың, сен,
Жарқылдап жүр ендеше,
Жігіт оңбас – жігерді шідерлесе,
Үлесіңді тартып ал, сұрап алма,
Ешкімнен де именбе.
Жіберме есе!
Сыр қадірі тек қана сұрасқанша,
Жат түгілі, жақынға сыр ашпа онша.
Сен басқадан артықсың – анаң егер
Қуанғаны қалжа жеп рас болса!
Болу керек жігітте айла күшті,
Парасатпен пайымда пайдалы істі.
Барша қазақ елінің бақ-талайы
Тағдырыңа бір сенің байланысты.
Жігітсің бе, мақсаты, мұраты бар,
Құз басынан құлжаңды құлатып ал.
Жарқ ететін сағатың соғады әлі,
Оқталмаған мылтық та бір атылар!
Өз жолыңды табатын жетті күнің,
Алғырлығың көрінсін, ептілігің.
Болсаң болып, болмасаң – бордай тозып,
Танылатын шақ осы тектілігің!
Сен оңбасаң, оңады қайдан халық?
Тойдан қалсаң қамықпа.
Ойдан қамық.
Аламанға түскенде бәйгеңді алып,
Сен жүруге тиіссің жайраң қағып.
Тауқыметін тартсаң да азаптың көп,
Қуана біл, қарағым, қазақпын деп.
Атыңды сәл оздырсаң, сол қазағың
Жібереді мықты ғып.
Өзі-ақ.
Күндеп!
Ақынның жары
(Қасым Аманжоловтың жары –
Сақыпжамал – Сәпен)
Түндердің енді серпі қанатын,
Күн келді демді еркін алатын.
«Келеді қайтып өлеңін айтып»
Соғыстан тапқан дерті бар ақын.
Тізгіні қолға тиген сәт енді,
Сабаға түспек үйленсе әпенді.
Сабылып іздеп,
Сабырсыз жүрек,
Сағынып құшты сүйген Сәпенді.
Мойнына жар боп келіп асылды,
Көңілдің шемен шері басылды.
Сәпен сұлу да серігім деді,
Сұр шинель киген сері Қасымды.
Шерлі болмасаң, шерді ұғасың ба,
Еркелесең де, ерді басынба.
Серінің серттей сөзіне сеніп,
Тағдырын Сәпен берді Қасымға:
– Айналсын, – деді: – сертіңе сертім,
Дертіңді менің дертім етермін.
Әніңді сенің айтып өтермін,
Күйіңді сенің шертіп өтермін.
Бір ғана сөзді сұрасып алмақпын:
Шын сүйсең – сертте тұрасың, ардақтым.
Пейілін маған нәсіп ете гөр,
Айшаны сүйген Расул Аллаһтың!
Жүр екен жүрек тек іштен жүдеп,
Таптым-ау жебер періштемді деп.
Сәпен сұраған сол ауыр сертке
Сеніскен жүрек келісті елжіреп.
– Дауасыз жалғыз себепке айналып,
Тек ажал бізді бөлектей ме анық?
Садағаң болсын Сәпенің онда,
Өтейін сені бөбектей бағып!
Қуантып көзін көрікті Ай, Күні,
Қалар деп шошып сөніп қай күні.
Қасымның жары қасында жүрді,
Бөліп бақытты, бөліп қайғыны.
Көрсетпей көзден шық құлағанын,
Уын да бірге жұтты қаланың.
Қасыммен бірге жадырап күліп,
Қасыммен бірге шытты қабағын.
Торғын деп киіп ескі көйлекті,
Қасыммен бірге кешті бейнетті.
Тарпаңдау ақын тарыққан жардың,
Кейіген сөзін естімей кетті.
«Қамығып келсем – күліп тұрасың,
Дертімнің барын ұмыттырасың».
Өлеңнің отын лаулатып жағып,
Жаураған жарын жылытты Қасым.
Азайды дерті, басылды мұңы,
Көңілдің жайнап ашылды гүлі.
Сақыпжамалы – Қасымның жары,
Қасымның айы, Қасымның күні.
Жарының көзі – сезім айнасы,
Жалт ете қалған кезін ойлашы.
Қасымның жары – өзі Лаурасы,
Қасымның жары – өзі Ләйласы.
Деген жоқ дертке басым байланды,
Ақынды көрді досындай мәңгі.
Зәредей селкеу арада қалмай,
Сәпеннің өзі Қасымға айналды.
Ақылын құяр арна табылды,
Үйінде жұмақ орната білді.
Махаббатының шырағын жағып,
Тәңірге емес, жарға табынды.
Сөзбенен сомдап таза сымбатын
Жүрекке мәңгі жазасың ба атын.
Ақылман әйел – ақынның бағы,
Ақынның соры – мазасыз қатын.
Желіксе ақын – жері көтерер,
Желікпен жырдың жерігі өтелер.
Тәңірім, барлық ақынға сондай,
Айнымас жарды серік ете гөр!
Қосылып үні егіз бұлақтың
Жемісін халал жегізді бақтың.
Сегіз жыл бірге дәурен кешірді,
Салтанатындай сегіз жұмақтың.
Өбектеп дертін, жарасын емдеді,
Алдырды қолға анасын елдегі.
Отқа да түсті пәруана жары,
Ажалға бірақ шамасы келмеді.
Өлеңін жазып хатындай мәңгі,
Қасымы өлмес ақынға айналды.
Шарасы қайсы, шырағы сөніп,
Қош айтар сәті жақындай қалды.
Елестет көзге Қасым ажалын,
Суалтты сырқат асыл ажарын.
Өмірден өтер сағаты жетіп,
Шақырды Қасым қасына жарын.
Қалтқысыз сүйген қыз есінде еді,
«Жастығымды өзі түзесін» деді.
Сылқ ете қалды Қасымның басы,
Сақыпжамалдың тізесіндегі.
Өмір таусылды. Сайран басылды,
Ажал кеп алды қайран Қасымды.
Ұйықтап кетті Айша анамыздың
Тізесіндегі Пайғамбар сынды.
Сөзінен сыпсың шошымай елдің,
Келеді мен де осылай өлгім.
Пейіште нұрын шалқытсын Аллаһ,
Ақынды сүйген асыл әйелдің!
Түнгі такси
Жексенбі.
Түнгі он екі кезі.
Сәл тінте қарап мені екі көзі,
Таксидің ішінде бір ару отыр.
Бөлек жамалы,
Бөлек мінезі.
– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Тұңғиық жанар тереңге қарай
Батыра берді ағынша мені.
Түріктің қызы – туған ай дерсің,
Жүрегің болса – туламай көрсін.
Қап-қара шашты,
Аппақ иықты
Жолыққан ақын жырламай көрсін!
Ұмытар лезде азабыңды ішкі,
Сұлулық, сенің ғажабың күшті.
Аққу мойынға жараса қалған,
Тарыдай меңге назарым түсті.
Бұрқанса сезім кімді бұзбайды,
Жұтамыз ба екен енді біз қайғы:
Түнгі сұлуға тебіреніп айттым
Хафиздың жырын меңді қыз жайлы.
«Мейірбанды түркі аруы
Сүйсе мендей бейшараны –
Бір меңі үшін қияр едім
Самарқан мен Бұқараны».
Білетін жырым осы бар менің,
Дәулетім болса тосылар ма едім.
Хафиз сыйлаған екі шаһарға,
Алматыны да қосып ал дедім.
Еліккен ұлдың кесір мінезін
Көрікті қалам, кешіргін өзің!
Қолымда болса қиятын едім
Ертіс пен Сырды,
Есілдің өзін!
– Алмаймын! – деді –
сыйларың қымбат,
Одан да Хафиз жырларын тыңдат.
Жомарт ақынның дидарын көріп,
Дауысын естіп тұрғаным қымбат.
Кезімде жырды кенет аңсаған –
Өзім-ақ әлі телефон соғам.
Әзірге хош бол,
Атымтай ақын,
Тыныққан бүгін жөн екен саған.
– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Елеңдеп әлі күтумен жүрмін
Телефон шалар деп сағынса мені.
Түседі жиі есіме тегі,
Тағдырым қандай шешім етеді.
Хафиздың жырын іздеген шақта
Звондай салса несі кетеді...
Дос дейтін...
Дос дейтін дос та қалмады,
Санама түсті салмағы;
Шын досты ажал жалмады.
Алдамшылары алдады.
Құлағанымды күтіп жүр
Қараңдап қасымда қалғаны
Оң жаққа мені салғалы,
Үш жерден буып-таңғалы.
Сүйегіме түсіп сол күні,
Тонымды талап алғалы!
Ынсап бер
Тағдырдың болмаған соң қожасы адам,
Бермейміз ертелі-кеш маза саған.
Басымды тауға да ұрдым, тасқа да ұрдым –
Бармақтай бақ берші деп, о, Жасаған!
Бармақты қазақ өзі тапқан ба ойлап,
Берді Аллаһ бармақ түгіл батпандай бақ.
Басыма қонған бақты үркітіппін,
Беліме шамам келмес шоқпар байлап.
Шарықтап қиялымның ұшқан құсы,
Төгілді маңдайымның мыс тамшысы.
Бүйірден мезгіл-бақсы иіргенде
Алтын боп асығымның түсті алшысы.
Болам деп жылқылы бай, ақшалы бай,
Обал-ау тілемсек боп жатсақ ұдай.
Көзіме қанағатсыз құм құйылар,
Ынсап бер пейіліме, патша құдай!
Алдым бұлдыр
Алдым бұлдыр,
Құлап келем қауғадай салдыр-күлдір.
Бір кісідей кештім бе бұл ғұмырды,
Ағаш егіп,
Үй салып,
Қалдырдым ба ұл?!
Тізгін сусып кетпесін қолдан, шырақ,
Тағдыр емес тағдырың
Толған сұрақ.
Көрген түстей көлбеңдеп өте шығар
Аз ғана өмір
Аллаһтан алған сұрап.
Арзи ма екен арманға алдамшы бақ…
Үміт артып ататын таңға аса бір,
Тәнге саулық тілеймін,
Жанға сабыр.
Бәрі жалған екенін біле тұра,
Алданғым кеп тұрады
Алдаса өмір!
Дейсің…
Дейсің:
– Хал қалай?
Шіркін, жалған-ай!
Тірлік төс болса,
Басым балғадай!
Көзім шырақтай,
Сөзім сынаптай.
Қажай бергенді,
Қалам ұнатпай!
Қолым көсеудей,
Жанбай,
Не сөнбей
Жүрген өмірім
Өгей шешемдей.
Үміт сөнбейді,
Ісім өнбейді.
Қажып жүрсем де
Өлгім келмейді!
Жандай ұрда-жық
Жүрем зыр қағып.
Күлем сұрланып,
Кірем ұрланып.
Нарық дегенің
Тұзақ – көгенің.
Ілді мойынға,
Ілбіп келемін.
Көптің бірімін,
Әзір тірімін.
Тонап өзімді,
Жүрген ұрымын.
Мініс аттаймын,
Желем, шаппаймын.
Көрге кіргенше
Тыным таппаймын!
Жүрсін ЕРМАН.