12 Ақпан, 2014

Серілердің жалғасы Серік ақын

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Serik Turgynbekuly 7Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырған «Өмір-өлең» атты поэзия кеші өтті. Оның мейманы халықаралық «Алаш» сыйлығының лау­реаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Тұрғынбекұлы болды. Ақын кешін әдеттегідей профессор Кенжеғали Мыржықбаев жүргізді. Университеттің акт залындағы алдыңғы екі-үш қатарға қазақтың мар­қасқа ұлдары жайғасыпты. Мырзатай Жол­дасбеков, Сейіт Қасқабасов, Қойшығара Салғарин, Жандарбек Мәлібеков, Сайлау Батыршаұлы сынды ағалар бастаған елордадағы зиялы қауым өкілдерінің үлкен шоғырының кешке арнайы көрермен ретінде қатысуының өзі жастарға үлгі боларлықтай. Оның үстіне жи­нал­ған студенттер көпшілігінің қол­дарына қалам ұстайтын болашақ журналистер екенін ескерсек, халыққа өнеріңмен, өлеңіңмен, қаламыңмен қызмет етудің қаншалықты құрметке бөлейтінін жастарға да ұқтыра түскендей. Кеш тәлімінің бірі осы ма дерсің. Serik Turgynbekuly 6 Ақын аға өлеңдерін ерекше ша­быттана оқып, қойылған сауал­дардың барлығына өзіне тән шынайылығымен жауап беріп, залдан түскен репликалар мен жүргізуші еске түсірген кей оқиғаларға рахаттана күліп, сахна мен көрермен залы ортасында тамаша көпір орнатты. Содан да болар, залдан түскен сауалдар да сан түрлі тақырыпты қамтыды. Бірде махаббат, бірде жастар тынысы, бірде музей, енді бірде поэ­зия мен азаматтық турасында қойылған сауалдарға жауап берген ақын: «Біздер, шығармашылық адамдар, ақын-жазушылар Кеңес өкіметі тұсында жаман өмір сүрген жоқпыз. Бір кітабыңның қаламақысына бір машина алатындай, күні-түні мейрамхана, күнде басқосулар, ойын-күлкі, жағаң жайлауда, көңіл көлдей жағдайда жүрдік. Бірақ, бірде-бір ақын-жазушы, қаламгер Кеңес өкіметін аңсамайды, бақытты ғұмыр кештік деп есептемейді. Өйткені, елің тәуелді, халқың қапаста, көңіліңде кіреуке, мұң жатты. Ленин мен Сталинді, партияны ғана мақтайсың, ал ұлтыңның тағдырын, тіліңнің тұншыққанын, еліңнің зарын айта алмайсың. Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздікке қызмет етіп, оның қиындығының дәмін татқан тіпті жақсы. Оны көрген ақын шамырқанады, жандүниесі шымырлайды, бірде қуанады, бірде ренжиді, бірақ осының барлығының биік мұрат жолындағы, халық зарының өтеуіне келген асыл арманның орындалуы екенін біліп, жаза түседі. Сендер өте бақытты жандарсыңдар. Тәуелсіздік заманда дүниеге кел­діңдер, ешкімнің боданы болған жоқсыңдар, азат ұрпақсыңдар, айналайындар», деді жастарға арнаған сөзінде. Студенттердің поэзияда кімді ұстаз тұттыңыз, деген сауалына ақын: «Маған Жазушылар одағына мүшелікке өтерде ұсыным жазған, алғашқы өлеңдер жинағыма ал­ғы­сөз жазған Мұқағалиды қалай ұмы­тайын. Мұқағали мені драмаға да алып келді, кешегі күні Қаллеки атындағы академиялық театрда ақиық ақынға арнаған драмамның 200-ші қойылымы болды. Ал енді халықтың тағы бір ардақтысы Шәм­шінің де қасында көп жүрдім. Ән­деріне сөз жаздым, Шәмші мені әнге алып келді», деп жауап қайтара келіп, жақсы бір ой айтқан. Мұқағали Мағжанды пір тұтатын, оның өлеңдерін қорықпай жатқа айтып, кейбір Мағжан сарындас өз өлеңдерін де Мағжандікі деп оқи беретін. Қазақта құдай берген шоқтықты ақындар баршылық, бірақ, өмірден өткен сол асылдарды еске түсіріп, жыр кештерін өткізгенде оны туған жерлерімен шек­темей, қайта Мағжанды оңтүс­тікте, Қасымды шығыста, Мұқа­ға­лиды батыста ұлықтап, оларға деген құрметтің қанатын жая түсуіміз керек», деді. Кәусардың таза бұлағынан қанып ішіп, жырға тоғайып, айтылған әнге масайып, көңілдің тозаңын әзілмен қағып, жанын жадыратқан жұрттың алдына кеш соңында Әшірбек Сығай, Ғаділбек Шалахметов, Сай­лау Батыршаұлы сынды ағала­ры­мен университет ректоры Ер­лан Сыдықов шыққан. Ректор «аңқыл­даған ақкөйлек ақынға» университет атынан сый-сияпат жасап, мұндай кештердің жастарға берер тағылымына тоқталса, Әшірбек Сығай: «Серік шын мәнінде ақын, мінезімен, тұрпатымен, болмысымен, жүріс-тұрысымен, тіпті, бет-әлпетімен ақын. Есептің емес, нағыз шабыттың ақыны. Әдебиетті бүлдіретін арамшөптер. Сол арамшөптерден сақтану үшін Серіктердің денсаулығын тілеуіміз керек. Серік сияқты ақындар шын мәнінде бүгінгі күннің қоңырауы, өткенді еске алушы, болашақтың болжаушысы, мұндай шайырлар бүгінгі қоғамға, адами ортаға нағыз Алла тағаланың жіберген елшісіндей көрінеді. Біз қатар өсіп келе жатырмыз. Осы алдыңғы қатарда отырған азаматтардың қай-қайсысы да Серікті жақсы көреді, бүгінгі кешке Серікті сынайын деп емес, Серіктің жырына құлайын деп келді, айызымыз қанайын деп келді», деп тамсандыра сөйлеген. Жыр кешінде інілік ізетпен ақын Бақытжан Тобаяқов пен қарлығаш қанатты қауырсын жырын, ақын ағаға деген арнау өлеңін студент Кәмшат Жұбатханова оқыды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». ––––––––––––––––– Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.