ЖАНҒАН ҮМІТ ПЕ, ЖАЛҒАН ҮМІТ ПЕ?
Міне, осылай безбен басын сәт сайын алмастырған бұрнағы күннің жарыстары түс ауа басталды. Соның ішінде біздің көңілімізді ертерек елеңдетіп, үмітімізді көбірек үкілеген осылардың ең соңынан керуен керген фристайлдан ерлердің могул бағдарламасы болды. Осыдан екі күн бұрын Юлия Галышева біраз күшін сарп еткен жарыс сынды мұның финалы да түннің жарымы ауа тәмамдалды. Әдепкі екі іріктеу сынағы кешкі сағат 7:30-да айдау жолға түскен сайыстың үш финалдық бөлігі Мәскеу мезгілімен тура түнгі 22:00-де қанат жайды. Ол толық аяқталғанша, екі сағаттан астам уақыт кетті. Сөйтіп, Астана уақытымен сағат 2-ден өте биіктегі «Роза Хутор» экстрим-паркінен қалаға қарай аяңдап келе жаттық.
Ал жарыс біздің талмай тамашалауымызға толық мүмкіндік берді. Бұл жолғы жұрттың қарасы өткендегіден де едәуір көп көрінді. Бізден үш жігіт өз хал-қадерлерінше қимыл жасап көрді. Соның ішінде Дмитрий Бармашов екінші квалификациядан қалып қойса, Дмитрий Рейхерд (суретте) пен Павел Колмаков финалға өтті. Мұнда бізге Пашаның финалдың екінші бөлігіне дейін жетіп, 10-орынға табан тірегені айтарлықтай жағымды жаңалық сезілді. Бірінші айналымнан кейін 29 үміткердің 12-сі келесі кезеңге қадам басты. Бұдан әрі тағы 6 тарлан бөлініп шығып, медаль бөлісіне қызу кірісіп кетті. Осы топқа алтыншы болып енген Рейхерд соңғы шайқаста тағы бір саты ілгері шығып, турнирді 5-орынмен тиянақтады. Бірақ бұл жолы төрешілерге өкпеміз қара қазандай деп айта алмасақ керек. Диманың қарсыластарының бәрі кіл «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сақа жігіттер еді. Алтылықтың ауқымында Канаданың – үш, АҚШ, Ресей және Қазақстанның бір-бірден спортшылары қайтпай шайқасты. Әсіресе, бір елдің үш нояны шынымен шалт та, шабандоз да көрінді. Соны дәлелдеп, олар алғашқы екі орынды өздерінде алып қалды.
Қызық болғанда, осылардың екеуінен де ылғи алда болып келген үшінші отандастары соңғы сынақта сәл-пәл қателікке жол беріп, төртінші орынға ығысып кетті. Мұны байқаған ресейлік жанкүйерлердің қуанышында шек болған жоқ. Бұл олардың үкілеп қосқан үміттері Александр Смышляевтің кемінде қола медаль алатынын білдіріп еді. Артынан расында солай болып шықты. Канадалықтардың ең соңынан жүгірген соңғы өкілі нәтижесінде екінші орынға тұрақтады да, ресейлік үшінші сатыға қарай жылжып түсті. Бірақ бұған айылын жиған Смышляев болған жоқ. Жарыстар аяқталған бойда журналистердің берген сұрақтарына алып-ұшып тұрып жауап берген ол бұл жеңісін жақында дүниеге келген қызына арнайтынын қуана хабарлап жатты.
Ал чемпиондық тұғырға соңғы сәтте ғана тұяқ іліктірген Александр Биладо осымен екінші мәрте қатарынан Олимпиаданың алтынын алды. Мұның алдында ол бірінші чемпиондығына осыдан төрт жыл бұрын, өз елінің төрінде – Канаданың Ванкуверінде қол жеткізіп еді. Бұған қарағанда, оның отандасы Микаэль Кингсбери үшін бұл жолғы күміс медаль Ойындар өрнегіндегі бірінші жоғары жүлде болды.
Осылай Қазақстан спортшылары тағы да медальға таяқ тастам жер қалғанда, оған жете алмай тоқтап қалды. Біздің үміт күткен екі могулшымыз да осы көрсеткішті қайталады. Мұның өзі сол үмітіміздің жанған шырақ па, жалған сұрақ па екенін білдіртпей, ойды әрі-сәрі етіп тастады. Сонда да болса, «Қазан аузы – жоғары» деп отырмыз. Себебі, бізді елден шыққалы елеңдетіп жүрген ерен жүйріктеріміз сайыс соқпағына әлі толық түскен жоқ. Сондықтан жанған үмітіміз әлі үлпілдеп тұр.
Медальдар қоржыны
(12 ақпанға дейінгі мәлімет)|
Орын |
Мемлекет аты |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Жиыны |
|
1 |
Норвегия |
4 |
3 |
4 |
11 |
|
2 |
Канада |
4 |
3 |
2 |
9 |
|
3 |
Германия |
4 |
1 |
0 |
5 |
|
4 |
Голландия |
3 |
2 |
3 |
8 |
|
5 |
АҚШ |
2 |
1 |
4 |
7 |
|
6 |
Швейцария |
2 |
0 |
0 |
2 |
|
7 |
Ресей |
1 |
3 |
3 |
7 |
|
8 |
Австрия |
1 |
3 |
0 |
4 |
|
9 |
Франция |
1 |
0 |
2 |
3 |
|
10 |
Беларусь |
1 |
0 |
0 |
1 |
|
10 |
Оңтүстік Корея |
1 |
0 |
0 |
1 |
|
10 |
Польша |
1 |
0 |
0 |
1 |
|
10 |
Словакия |
1 |
0 |
0 |
1 |
|
14 |
Швеция |
0 |
3 |
1 |
4 |
|
15 |
Чехия |
0 |
2 |
1 |
3 |
|
16 |
Словения |
0 |
1 |
2 |
3 |
|
17 |
Италия |
0 |
1 |
1 |
2 |
|
17 |
Жапония |
0 |
1 |
1 |
2 |
|
19 |
Қытай |
0 |
1 |
0 |
1 |
|
19 |
Финляндия |
0 |
1 |
0 |
1 |
|
21 |
Ұлыбритания |
0 |
0 |
1 |
1 |
|
21 |
Украина |
0 |
0 |
1 |
1 |