12 Ақпан, 2014

62 пайыз ба, әлде 10 пайыз ба?

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сочиде әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Олимпиада кезінде орыс халқы басым болып көрінеді. Бірақ, көшеде өзге ұлттың өкілдері де төбе көрсетіп қояды. Қалада 62 пайыз орыс тұрса, қалғаны басқа ұлттың өкілдері деген дерек бар. Ресми дерек осылай дейді. 62 пайыз ба, әлде 10 пайыз ба? Шын мәнінде осылай ма? Бұған жауапты, әрине, ресми мемлекеттік органдар айтпайды. Оған жауапты біз басқа емес, осындағы қарапайым тіршілік кешіп жатқан орыстардың өзінен естідік. Александр есімді жасы 40-тан асқан Сочидің байырғы тұрғынымен Олимпиаданың ашылу салтанаты кезінде жарыстар туралы сөйлесіп қалғанымызда таныстық. Әкесін айтпағанда, оның атасы да осы жерде туып-өсіпті. Сондықтан ол өзін атасының Сочидегі үшінші ұрпағының өкілімін деп санайды. Міне, осы Александр бізге Сочи туралы көп адам ести бермейтін, біле бермейтін біраз нәрсені айтты. Оның ең бірінші таңғалдырғаны, бізге жақында Сочиде болған жер сілкінісі туралы айтқаны болды. «Сочиде Олимпиадаға дайын­дық жақсы болды. Оны ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Бірақ осында 24-25 қаңтар күндері жер сілкінісінің болғанын ешкім біл­мейді», деді ол. Оның айтуынша, қаланың маңындағы таулы жерлерде 6 балдық тербеліс тіркел­ген. Алайда, жер сілкінісі бол­са да оны Ресейдің өзінде еш­кім білген жоқ. Бұл ақпарат өте құпия жағдайда болған екен. Бір қарағанда, оның айтқанына сенуге де болады. Ал екінші жағынан алғанда, өзің көрмей, Ресейдегі бейресми ақпарат құралдарының өзі айтпаған соң жер сілкінісі күмән туғызады. Сочиде, жоғарыда айтқа­ны­мыздай, ресми түрде 62 пайыз орыс халқы тұрады десек, бейресми мәліметтер қаладағы орыстардың саны небәрі 10 пайызды ғана құрайды дейді. Осыған да сенуге-сенбеуге болады. Олимпиада кезінде Ресейдің басқа өңірлерінен туристер көптеп келген соң орыстар 62 пайыз болуы мүмкін. Ал ертең үйлеріне кеткенде солардың 10 пайызы қалса таңданбаңыз. Мұны біз Олимпиадаға келген күннен бері байқадық. Көшеде армян, әзербайжан, басқа да Кавказ халықтары көптеп кездеседі. Мысалы, Олимпиадаға арналған баспасөз орталығының жанындағы жерде армяндардың дәмханаларын, көлік жуу орындарын кездестіруге болады. Бір қызығы, олардың өз тілдерінде сөйлеп жүргендерін кездестірген жоқпыз. Бәрі орысша сөйлейді. Балалары да орыстілді болып кеткен. Қысқасы, осы ауданда Эдвард, Роберт, Давид деген есімдер жиі аталады. Ал жалпы, Сочиде армяндардың өз аудандары да бар екен. Олар тығыз орналасқан. Сонымен бірге, көшеде әзербайжан, чешендермен де кезіге аласыз. Сочиде черкес­тер де көп болуы мүмкін. Бұл жер, қалай дегенмен, олардың атамекені болып саналады. Қазір черкестердің басым бөлігі Қарашай-Черкес республикасында, сосын Түркияда тұрады. Түркияға кеткендері осыдан 150 жыл Ресей мен Осман мемлекетінің арасындағы соғыстың кесірінен қоныс аударған. Өткен жолы Түркияда тұратын черкес­тер Сочи Олимпиадасының қар­саңында жарыстарға бойкот жариялап, біраз шулап еді. Қазір ол басылған сияқты. Біздіңше, бұл іске Ресейдің өзі араласқанға ұқсайды. Өйткені, Ресей үкіметі Олимпиаданы өткізуге 50 млрд. АҚШ долларын жұмсаса, спорт нысандарының көбін түрік компаниялары жүргізген деген дерек бар. Осыдан-ақ Анадолы елі саясатын аңғаруға болады. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.