12 Ақпан, 2014

Қаруын қаламға айырбастаған

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_2426Талай боздақты құрбан етіп, талай жауынгерді жарымжан күйге түсірген Ауған соғысын кеңес әскерлерінің тастап шыққанына да ширек ғасыр уақыт болыпты. Ұлынан қапыда көз жазған ананың көз жасы әлі кепкен жоқ. Он жыл бойы кім үшін, не үшін соғысқанын білмеген сарбаздар 15 ақпанды мерекелеп, сол күні бір серпіліп қалады. Өйткені, 1989 жылдың дәл осы күні олар Ауғанстан жерін біржола тастап шыққан-ды. Елімізден бұл соғысқа 22 мың сарбаз бен сардар қатысып, олардың 761-і елге табытпен оралса, 21-і із-түзсіз кеткендер қатарында дейді ресми дерек. Ал елордамыз Астанадан (ол кездері Целиноград еді) борыштарын өтеген жауынгер-интернационалистердің арасында Целиноград облыстық әскери комиссариатынан әскерге 1981 жылы шақырылған әріптесіміз Ғалым Қожабеков те бар еді. Өзінің әскери борышын Ауғанстан жерінде толықтай өтеп, елге есен-сау оралған ол келген бойда қаруын қаламға айырбастады. Оның дәлелі, жоғары білім ала жүріп, Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне жұмысқа тұруы еді. Осында жүріп темірқанат болған ол тоқсаныншы жылы қазақшаға сусап жүрген жұртшылықтың ниетіне ашылған «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газетіне 1995 жылы ауысады. Міне, осыдан кейін кейіпкеріміздің екінші тынысы ашылып, өзін жаңа қырынан көрсетеді. Еткен еңбек пен төгілген тер текке кетсін бе, ол осы жерден бас редактордың бірінші орынбасарлығына дейін көтеріледі. Сол уақыттан бері оның шығармашылық ғұмыры осы газетпен біте қайнасып келеді. Спорт десе, ішкен асын жерге қоятын Ғалымның жылдар бойғы тәжірибесінің жемісі салаға қатысты кітаптар жазуымен толығуда. Сондай-ақ, өндірістік тәжірибеден еліміздің түкпір-түкпірінен келген студенттерге ағалық ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беруі де олардың мамандануларына өз септігін тигізуде. «Келер ұрпақ соғысты көрмек түгілі, естімесе екен. Бұл соғыс біз­бен кетсін. Еліміз тыныш, ірге­міз берік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай», дейді жауынгер-журналист. Бүгінде аяулы әке, қадірлі жар, қадірменді ата болып отыр­ған Ғ.Қожабеков сол соғыс жылдарындағы қарулас достарын жиі есіне алып отырады. Әсіресе, опат болған жолдастарын ойлағанда есіне жауынгер ақын Бақытбек Смағұлдың: Жапырақсыз тұр қайың ырғатылып, Сыңғыр-сыңғыр сыр мінез, сырға қылық. Ойлағанда өзіңді, қарулас дос, Жас жүрегім кетеді уға толып, деген өлең жолдары еріксіз еске түсе береді. Әйтсе де ол еңсесін түсір­мейді. Кейінгі толқын аман болсын деген тілегін іштей қайталаумен болады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.