12 Ақпан, 2014

Шарайна

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Зымырандарын сынақтан сәтті өткізді Иран билігі өздерінің жаңа екі зымыранын сынақтан сәтті өткізгендерін мәлімдеді. «Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, бұл сынақтар Ислам төңкерісінің 35 жылдығына орайластырылып отыр. Иран қорғаныс министрі Хосейн Деган: «Біз баллистикалық зымыранның жаңа түрін сынақтан сәтті өткіздік», деп мә­лім­депті осы жөнінде. Министрдің сөзіне қарағанда, баллистикалық зымыранда әуе қорғанысы күштерінен ауытқи алатын жүйе бар. Жаңа зымырандардың ұшу қа­шықтығы айтылмаған. Иранның ең алысқа ұшатын зымыраны «Shahab-3/3B» деп аталады. Оның ұшу қашықтығы 2,5 мың шақырымды құрайды. Бұл Израиль аумағына еркін жетеді.   Шылым шегу шектеледі Британия парламенті автомобильде балалар отырған кезде шылым шегуге тыйым салатын заң жобасын қабылдады. Бұл құжат Англия мен Уэльске ғана қатысты. Бастамаға қауымдар палатасының 676 мүшесі қолдау білдірген, 107 адам қарсы болған. Заң жобасы жөнінде елдің премьер-министрі Дэвид Кэмерон сөз сөйлеген. Бірақ ол дауыс беруге қатыспапты. Бұған дейін осы құжат жобасына дәрігерлер мен көптеген балалар құқығын қорғаушылар қолдау білдіріп келген екен. Атап өтейік, автомобильде кәмелет жасына толмағандар отырған шақта шылым шегуге АҚШ пен Австралияның бірқатар штаттарында, сондай-ақ, Канаданың бірнеше аймағында тыйым салынған.   «Құпия» кездесудің астарында не жатыр? Түрмеде жазасын өтеп жатқан Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенко мен Украина президенті әкімшілігінің басшысы Андрей Клюев кездескен көрінеді. Бұл жөнінде «Коммерсанть-Украина» басылымы хабарлады. Бірақ, аталған ақпарат туралы Тимошенко жетекшілік ететін «Батькивщина» партиясы қандай да бір түсінік берген жоқ. Украиналық саясаттанушы Вадим Карасевтің айтуынша, осындай вариант дағдарыстан шығуға ықпалын тигізер еді. Бұл қадамға оппозиция өкілдері бара ма, осы жағы белгісіз. Мәселенің негізі парламенттегі Аймақтар партиясы мен «Батькивщина» партиясының күш біріктіруінде жатыр. Сонда ғана елді саяси дағдарыстан шығаруға болады.   Ататүрік есімін қоюға тыйым салды Әзербайжанда балаларына Ататүрік есімін қоюға рұқсат етпейтін болды. Үкімет жанындағы терминологиялық комиссия басшысының орынбасары Саялы Садыгованың айтуынша, мұндай тыйым салу ресми емес сипатта ғана. «Егер кім де кім осындай өтінішпен келетін болса, біз олардан бас тартамыз» депті ол. Оның сөзіне қарағанда, мұндай шешім Түркия үкіметінің өтініші бойынша қабылданған. Өткен жылдың мамырында Садыгова жергілікті тұрғындарға өз балаларына Түркияның тұңғыш президентінің құрметіне оның атын қоюға тыйым салынуы мүмкін екенін мәлімдеген көрінеді. «Ататүрік – тарихи тұлға, бұл есім оның өзіне ғана тән болуы тиіс» деп айтыпты ол сонда. Ал қазіргі кезде Әзербайжанда Ататүрік есімімен 18 адам өмір сүріп жүр.   Алпыс төрт жылғы үзілістен соң... Қытай мен Тайвань үкіметі 1949 жылы аяқталған азамат соғысынан бері алғаш рет келіссөздер бастады. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, оған екі тараптан саяси қатынастарға жауапты шенеуніктер қатысқан сияқты. Тайвань келіссөздер барысында Қытай баспасөзінде сөз еркіндігіне кепілдік беруді талап етуді жоспарлап отырған болса, ал ресми Бейжің еркін сауда туралы келісімді бекітуді алға тартпақ. Кездесу Нанкин қаласында өтуде. Соңғы жылдары Қытай мен Тайвань арасындағы қатынас айтарлықтай ілгері басқанын атап өткен жөн.   Йемен енді федеративті мемлекет атанады Йемен президенті жанындағы арнайы комиссия мемлекеттік құрылысты өзгерту жөніндегі жұмыс нәтижесін жария етті. Мамандар елді унитарлықтан федеративті деп атау туралы қорытындыға келіп отыр. Енді Йемен ішкі саясатта ауқымды өкілеттікке иелік ететін алты аймаққа бөлі­­­­нетін болады. Шешім ел президенті Абду Раббо Мансур Хадидің қатысуымен өткен ко­миссияның отырысында қабылданған. Осы отырысқа, сондай-ақ, саяси партиялардың, елдегі ықпалды тайпалардың да өкілдері қатысқан.   Қысқа қайырып айтқанда:  Аризона штатының соты Мексика азаматы Мануэль Осорионы 30 жыл түрмеге отырғызу жазасына кесті. Ол америкалық шекарашы Брайн Терриді атып өлтірген болатын.  Қытай полициясы Гуандун провинциясының оңтүстігіндегі Дунгуань қаласындағы «борделдерде» жаппай тінту жүргізді. Операцияға 6700-ден астам полицей қатысқан. Нәтижесінде 67 адам ұсталып, 17 мекеме жабылған.  Ирактың Самарра қаласында терроршылардың құпия жерасты баспанасында жарылыс болып, 21 содыр қаза тапты. Оқиға содырлар насихаттық фильм түсіріп жатқанда, кездейсоқ болса керек.  Өзбекстанның Новои қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ шығуы салдарынан жарылыс болды. Алты пәтер бүлініп, оқиға орнында алты адам қаза тапқан. Интернет материалдары негізінде әзірленді.