Тарих • 11 Қазан, 2021

Түркістан туралы тың деректер үшін ғалымдар Ресейге аттанды

682 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері «ХІХ ғасырдың ортасы – ХХІ ғасыр басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихын кешенді зерттеу» ғылыми бағдарламасы аясында Мәскеу қаласындағы архив материалдарымен танысуға аттанды, деп жазады Egemen.kz.

Түркістан туралы тың деректер үшін ғалымдар Ресейге аттанды

Осы орайда алғашқы күнді Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві құжаттарымен танысудан бастады.

«Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві ХІХ - ХХІ ғасырлардағы Ресей тарихына қатысты 7 миллионнан аса іс-құжаттары бар ең үлкен архив саналады. Қойнауы тарихи деректерге толы бұл орталық өз жұмысын 1992 жылы кеңестер одағы мен кеңестік Ресейдің мемлекеттік архивтері негізінде бастаған. Түркістан қаласының тарихы туралы тың деректер Ресей патшалығы кезеңі және кеңестік кезең материалдарынан табылады деп ойлаймыз», дейді Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Тастанбеков.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «ХІХ ғасырдың ортасы – ХХІ ғасыр басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихын кешенді зерттеу» ғылыми жобасы аясында түркістандық ғалымдар рухани астана жайлы тың деректер іздестіру мақсатында Алматы, Шымкент қалаларында және Өзбекстан Республикасындағы мұрағат құжаттарымен танысып шықты. Жоба аясында ғылыми айналымға енбеген жаңа деректер топтастырылатын болады.