Ғылым • 11 Қазан, 2021

Тағылымы терең, өресі биік

715 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Арстан Ғазалиев – бүкіл өмірін ғылым мен білімге арнаған жан. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Қарағанды қаласындағы ағарту жүйесінің негізін қалау­шылардың және ұйымдастырушылардың бірі, белгілі педагог Мәулен Ғазалиевтің отбасында дүниеге келген Арстан Мәулен­ұлы мектеп жасынан білімге құштарлығын, еңбекқорлығы мен табан­дылығын көрсетті. 

Тағылымы терең, өресі биік

1967-1968 жылдары Днепропетровск пен Вильнюс қалаларында өткен химиядан оқушылардың Бүкілодақтық олимпиадаларына қатысты. Қарағандының №1 орта мектебін үздік бітіріп, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің химия факультетіне оқуға түскен студенттік жылдары ғылымға ұмтылып, үйірмелерге белсенді қатысады, баяндамалар жасайды, Ленин атындағы стипендия иегері атанады. Кейін университеттің Органикалық химия кафедрасы жанындағы күндізгі аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі А.Ш.Шарифкановтың же­текшілігімен Органикалық синтез саласындағы кейінгі зерт­теулерін бастауға мүмкіндік ала­ды. Қарағанды мемлекеттік уни­верситетінде жұмыс істегеннен кейін ҚазКСР ҒА Органикалық синтез және көмір химиясы инс­титутының ғылыми хатшысы етіп тағайындалады. Дәл осы ғылыми мекеменің қа­быр­ғасында талантты ғалым, бел­сенді ұйымдастырушы ре­тін­дегі қабілеті кеңінен кө­рінді. 1987 жылы академик М.Ж.Жұ­рыновтың жетек­шілі­гімен ор­гани­калық қосылыстардың элек­­­трохимиясы зертханасын ұйым­дастырды. Ол нәзік ор­гани­­калық синтез, табиғи қо­сы­лыстар химиясы, фармакология және кванттық химия тоғы­сын­дағы биологиялық белсенді заттар синтезі саласындағы жаңа ғылыми бағытты дамытты. Осы үдерістердің заңдылықтары мен механизмдерін жеткілікті зерттеу нәтижесінде 1991 жылы «Жа­ңа биобелсенді алкалоидтар туындыларының синтезі» тақы­рыбындағы докторлық диссертациясын қорғады. 1992 жылы одақтық Жоғары аттес­таттау ко­миссиясы профессор ғылыми атағын берді. Осы жылы Ғылым академиясының үздік ғылыми жұмыс конкурсында АТ-Қорының медалі мен сыйлықтарына ие болды. 1994 жылы ҰҒА коррес­пондент-мү­шесі, ал 2003 жылы ҰҒА академигі болып сайланды.

1996-1998 жылдары Е.А.Бөке­тов атындағы Қарағанды мем­ле­кеттік университетінің бірін­ші про­­ректоры лауазымын­да же­­­­місті жұмыс істеген ол ҚарМУ та­ри­хында химия ғылым­дары са­ласында диссертация­лар қор­ғау бойынша бірінші дис­сер­тациялық кеңес құрды. 1998 жылы ҰҒА Органикалық синтез және көмір химиясы инс­ти­тутына директордың ғылыми жұ­мыс жөніндегі орынбасары болып оралады және жаңадан құ­­рылған Ресей-Қазақстан зама­науи гуманитарлық универ­си­те­тінің бірінші проректоры бо­лып тағайындалады. 1999 жы­лы ҰҒА Ор­талық Қазақстан бөлім­шесі төр­ағасының орынбасары және со­нымен қатар ОСКИ дирек­то­ры­ның орынбасары болып бекітілді.

Нәзік органикалық синтез, алкалоидтар химиясы, фарма­кология және кванттық химия тоғысындағы биологиялық бел­сенді заттар синтезі саласында жаңа ғылыми бағыт құрғаны үшін А.Ғазалиев 2003 жылы елі­міздің білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

2006 жылы Арстан Мәулен­ұлы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Жаңа лауа­зым­да оның барлық ұйым­дасты­рушылық таланты көрінді. Оның басшылығымен ШҚМУ Қа­зақ­станның жоғары оқу орын­дары­ның рейтингінде 17-орын­нан 4-орынға көтерілді. Оның бастамасымен қазақ тіл бі­лімінің негізін қалаушы Сәрсен Аман­жоловқа ескерткіш қойыл­ды. 2007 жылы универси­тет ғи­маратының алдында Мем­лекет­тік хатшы Оралбай Әбді­кәрімовтің қатысуымен салтанатты түрде ашылған ескерткіш ке­шені Өскемен қаласының кө­­рікті жерлерінің біріне айнал­ды. Өскемен қаласындағы Текс­тильщиктер даңғылы ұлы ға­лым Қаныш Сәтбаев атындағы даңғыл болып қайта аталды. Уриц­­кий көшесі Ұлы Отан со­ғы­­сының батыры, партизан Қа­сым Қайсенов көшесі болып өз­гертілді. Арстан Мәуленұлы Пар­ламент Мәжілісінің депутаты С.Ферхомен бірге қала көше­лерінің біріне ШҚМУ Панкратьев бағының негізін қалаушы Густав Вистениустің есімін беруге атсалысты. 1997 жылы басталған қоғам қайраткерлері мен ғалым­дарын мәңгі есте қалдыру жө­ніндегі қоғамдық жұмысы осы күнге дейін толастаған емес. Ұс­тазы әрі тәлімгері академик А.Ша­­рифқановтың есімі Алматы қаласында ұлықталса, Бұқар жы­рау ауданында Жыржыс қа­жының есімін ел есіне салған елеулі іс-шаралар атқарды. Сол сияқ­ты ҚазКСР еңбек сіңірген мұ­ғалімі, Ұлы Отан соғысының ардагері М.Ғазалиев, партиялық мемлекеттік құрылыс ардагері Н.Төлепов, ҚарМТУ алғашқы рек­торы, Социалистік Еңбек Ері, ака­демик А.Сағынов іспетті басқа да белгілі білім, ғылым және қоғам қайраткерлерінің мұ­ра­­ларын насихаттауға үлкен үлес қосты. Олардың атында ескерт­­кіш-тақталар, аудитория­лар, га­лерея­­лар ашылып, кө­ше­лер­ге есім­дері берілді, кітап­тары жарық көрді.

2008-2016 жылдары А.Ға­за­лиев Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университетін табыс­ты басқарды. Жоғары оқу орны оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмысын қоса ал­ған­да барлық позиция бойынша қарқынды дамыды. Бірегей модельдер құрылып, ҚарМТУ тәжі­рибесіне енгізілді: Тұңғыш Пре­зидент Н.Назарбаевтың үлгісінде патриоттық тәрбие беру моделі «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру шеңберінде әзір­ленген және университет сту­денттерін оқытудың барлық кезе­ңінде мемлекеттің қоғамдық-саяси қызметінің қазіргі заманғы педагогикасы мен практикасы әзірлеген интерактивті нысандары мен әдістерін ескере отырып, патриоттық тәрбиені кешенді жүзеге асыратын тиімді жүйе саналады. Модельдің ғылыми-әдістемелік базасы мемлекеттік және орыс тілдерінде шыға­рыл­ған ЖОО-ның 230 өзекті әзір­лемелерінің кешенімен ұсы­нылған. 2010 жылы Білім және ғылым министрлігі бұл модельді Қазақстанның 50 жетекші жоғары оқу орны мен бірқатар кол­ледждеріне мемлекеттік және орыс тілдерінде 30 бейнефильм­нен, 19 кітаптан және 17 ком­пакт-дискіден ақпараттық-әдіс­темелік материалдар жиын­ты­ғы түрінде берді. Сондай-ақ Сту­дент­­тік өзін өзі басқару, Ата-ана­­лармен жұмыс, Жоғары оқу орнын басқару, Электронды уни­­верситет, Техникалық және кә­­сіптік білім беру, Қосарлы білім беру, Корпоративтік университет модельдері жоғары оқу орнының жұмысын жан-жақты құруға мүм­кіндік берді.

2011 жылдың қазан айында ҚарМТУ-дың Халықаралық қам­қоршылық кеңесі ұйым­дас­тырылды. Оның құрамына жетек­ші университеттер өкілде­рінен, Ресей, Еуроодақ, АҚШ, Канада және Қытайдың танымал саяси және қоғам қай­рат­керлерінен, сондай-ақ транс­ұлт­тық корпорациялар мен Кор­­поративтік уни­верситет кәсіп­орындарының бірінші бас­шыларынан 20-дан ас­там шетелдік мүше кірді. Халық­аралық қамқоршылық кеңесі мү­шелерінің көмегімен уни­вер­ситеттің материалдық-тех­никалық базасы, ғылыми-өн­дірістік байланыстары мен имид­жі нығайтылды. А.Ға­за­лиевтің бастамасы бойынша ҚарМТУ-да құрамына 7 ҒЗИ, 35 ҒЗЗ, 3 ғылыми-техникалық орталық, студенттік инновация­лар орталығы, Қазақстан Рес­пуб­ликасында бірегей инже­нер­лік бейіндегі зертхана және «ПОЛИТЕХ» технопаркі кіре­тін интеграцияланған универ­ситеттік инновациялық ғы­лы­ми-техникалық кешен ұйым­дастырылды, оның құрамында 6 ғылыми-зерттеу зертханасы және 4 инновациялық кәсіпорын жұмыс істейді. Кешенді ықшам орналастыру үшін ҚарМТУ-да жалпы ауданы 4 мың шаршы метр «Хай Тек» жоғары тех­но­ло­гиялар аймағы құрылды. Уни­верситетте «Минералдық шикізат ресурстарын кешенді игеру» инженерлік бейіндегі сынақ зертханасы ашылып, табысты дамып келеді. ҚарМТУ жанындағы инженерлік бейіндегі сынақ зертханасының қызметі ҒЗЖ нәтижелілігі және оны өн­діріске енгізу бойынша республикада үздік деп танылды. 2013 жылғы 20 маусымда инженерлік бейіндегі Сынақ зертханасының жобасы Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі халықаралық кеңестің республикалық конкурсында жеңімпаз атанды және Халықаралық банктің 2 млн доллар мөлшеріндегі грантын алды. Нәтижесінде ҚарМТУ негізінде ха­лықаралық Материалтану ор­­талығы құрылды. ҚарМТУ ғылыми-техникалық кешенінің құрамында өнеркәсіптегі инновациялар мен инжинирингке бағытталған ҒЗИ табысты жұ­мыс істейді. Өнеркәсіптік эко­логия ҒЗИ өнеркәсіптік газ­дарды кәдеге жаратудың біре­гей технологияларын жасау және бағалы химиялық шикі­затты алу саласындағы зерттеулер үшін корпоративтік университет мүшесі – Absalut Eсоlogy ЖШС-мен бірлесіп құ­рылды. ҚарМТУ негізінде Дәнекерлеу инс­титуты ашылды, ол ха­лық­аралық аккредиттеуден сәтті өтті және 2012 жылдың қазан айы­нан бастап кәсіпорындардың (Арселор Миттал Теміртау, Қа­­ра­­шығанақ Петролеум, Ер­сай, Бо­гатырь Көмір және т.б.) тап­­сырыстары бойынша дә­не­­кер­леу жұмысшыларының, тех­ник­тері мен инженерлерінің бі­рінші легін дайындауды бастады. Жоба Ел­басы Н.Назарбаев­тың тапсырмасына сәйкес фран­­­­цуздық TOTAL мұнай-газ ком­паниясының бас­тама­сы­мен жүзеге асырылды. 2016 жылы ашылған «Метан энер­ге­ти­касының зертханасы» көмір қабаттарындағы метанды бар­лау және өндіру бойынша ғы­лыми негіздерді әзірлеу және ұсыныстар беру үшін негіз болды. Сонымен бірге ҚарМТУ-да жаңа құрылымдық бөлімшелер құрылды: заманауи компьютерлермен жабдықталған электронды оқу залдары, университет тарихының мұражайы то­лығымен жаңартылды, «Ш.Құ­дайбердиев атындағы тілдердің үштұғырлығы» орталығы және академик А.С.Сағынов атындағы «Білім мен ғылымдағы инновациялар» көрмесі ашылды. Бо­лон декларациясының негізгі қа­ғидаттарын студенттердің пән­дерді еркін таңдауы, ішкі және сыртқы академиялық ұтқыр­­лық­ты қамтамасыз ету бө­лігін­де толыққанды енгізуді жү­зеге асыратын Болон процесі депар­таменті құрылды. Сонымен қатар 16 инновациялық орталығы жұмыс істейді. Экономиканың нақ­­ты секторында талап етіле­тін өзекті бағыттар бойынша ғы­­­лыми зерттеулер, инжини­ринг және мамандардың білікті­лігін арттыру саласында инно­ва­циялық орталықтар құру уни­верситеттің білім беру және ғы­лыми қызметін дамытудың және «100 нақты қадам» Ұлт жоспа­рын іске асырудың маңызды бағыт­тарының бірі.

2009 жылдан бастап Арстан Мәуленұлының бастама­сымен ҚарМТУ-да жыл сайынғы Халық­аралық ғылыми-практикалық конференцияға университеттің негізін қалаушы Әбілқас Сағы­новтың есімі беріліп, «Сағынов оқулары» деп аталады.

ҚарМТУ-дың халықаралық қызметі АҚШ, Канада, Ұлыбри­тания, Германия, Аустралия, Қытай, БАӘ, Пәкістан, Украина, Ресей және басқа елдердің же­текші университеттерімен ынты­мақ­тастық туралы 160-тан астам меморандумдар аясында белсенді жүргізілді. Университетте АҚШ, Канада, Германия, Жапония, Франция, Швейцария және т.б. әлемнің 250-ден астам жетекші ғалымдары, оның ішінде әлемдік рейтингтің ТОП-10, ТОП-30 және ТОП-500 (Гарвард, Гонконг және Кливленд университеттері) құ­ра­мына кіретін университеттер өкілдері заманауи ғылыми зерт­­теу­­лер бойынша дәрістер, семи­­нар­лар мен презентациялар өткізді.

ЖОО TEMPUS, Erasmus Mundus, СИНЕРГИЯ, ШЫҰ уни­верситеті халықаралық білім беру жобаларына қатысады. Бұл ретте ҚарМТУ Festo гер­ман-аус­трия­лық концернінің қам­қор­лығымен іске асырыла­тын біре­гей ха­лықаралық СИНЕРГИЯ жоба­сының (Қазақстан, Аустрия, Ресей) және «Энергетика» мен «Эко­логия» өзекті бағыттары бо­йынша ШЫҰ негізгі ЖОО-ның Қазақ­стандағы жалғыз қаты­сушы­сы саналады.

Конфуций институтында 2011 жылдан бастап студенттер мен профессор-оқытушылар құ­ра­­­мы үшін қытай тілі мен мәде­­ниетін зерттеу бойынша са­бақ­тар өткізіледі. Сондай-ақ уни­­вер­ситетте лицензияланған бағдар­ламалық жасақтаманы, 69 ком­пьютерлік сыныпты, соң­ғы буын­дағы 3500-ден астам ком­пьютерді, 52 интерактивті тақ­таны, 88 бейнепроекторды қам­титын заманауи ақпа­рат­тық-білім беру ортасы құрыл­ды. Жоғары оқу орындары ара­сындағы республикалық элек­трондық кітапхананың ресурс­тарына ҚарМТУ профессор-оқы­­­ту­шылар құрамы әзірлеген 8 300-ден астам электронды оқу ба­сы­лымдары енгізілген. Осы көр­сеткіш бойынша ҚарМТУ Қазақ­­станның жоғары оқу орындары арасында бірінші орын алады. «EPAM Systems» Америка-Белорус фирмасымен бірге бағ­дар­­ламашыларды мақсатты даяр­лау және IT-технологиялар сала­­сында бағдарламалық өнім­дерді әзірлеу бойынша маман­дан­дырылған R&D-зертханасы ашыл­ды.

Арстан Мәуленұлы студент­тердің патриоттық және мәдени тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Ай­талық, Әлімхан Ермековтің 120 жылдығына арналған конференция, «Қазақ мемлекеттілігін қа­лып­тастырудағы Қазыбек би­дің рөлі», «Төле би – қазақ хал­қының дана биі», «Ұлы дала ділмары – Әйтеке би», «Бұқар жырау – даланың данагөйі, бір­ліктің бата­гөйі», «Ұлы Отан соғы­сы XXI ғасыр жастарының көзі­мен» тақырыптарында жыл сайынғы конференция және т.б. өтті. 2016 жылы белгілі ақын және қоғам қайраткері, «Не­вада-Семей» халықаралық антия­дро­лық қозға­лысының пре­зиден­ті Олжас Сүлей­меновтің қатысуы­мен «Бейбіт­шілік эстафетасы – жас­тар­ға» республикалық ан­тиядро­лық онлайн-форумы өтті. Форумға Қазақстанның 17 жоғары оқу орны қатысты. 2012 жылдан бастап Ректор балын өткізу жақсы дәстүрге айналды.

А.Ғазалиевтің басшылығы­мен университет кампусы тү­бегейлі өзгерді, барлық инфра­құ­рылымды күрделі жаң­ғырту жүр­гізілді. 2014 жылы «Сту­дент­тік тұрғын үй» пре­зи­дент­тік бағдарламасы ая­сын­да салынған, 822 орынға ар­нал­ған «Армандастар ордасы» жаңа студенттік жатақхана ашыл­­ды. 2015 жылы №6 корпус «Мәң­гілік ел жастары – ин­дус­­трияға!» әлеуметтік жобасы («Серпін-2050») бойынша оқи­­тын студенттерге арнал­ған «Сер­піндестер ордасы» студент­тік жатақханасы болып қайта құрылды. 2010 жылдың 29 тамызында ҚарМТУ бас ғимаратының алдында жарық-музыкалық су­бұрқақ ашылды. Субұрқақ құры­­­лысы Қарағанды облысы әкі­мі­нің қаланы абаттандыру бағ­дар­ламасы аясында қысқа мерзімде жүзеге асырылды.

А.Ғазалиев білім беру, ғылы­ми және тәрбие бағытындағы 200-ден астам көрнекі стендтерді әзір­леу бойынша ауқымды жұ­мыс атқарды.

2012 жылғы 1 желтоқсанда мемлекеттік мереке – Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Пре­зи­денті күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде инженерлік білім негіздерін алған Қарағанды мем­лекеттік техникалық универ­ситетінде сапармен болды. Нұрсұлтан Әбішұлы ЖОО-ның білім, ғылым және инновация сала­сындағы жетістіктерімен танысты, сондай-ақ оқытушылар ұжымымен және студенттік бел­сенділермен, өзінің курстас­тары­мен және серіктестерімен кез­дес­ті. Құрметті қонақтар кі­та­бына ол: «Мен осы оқу орнында – бүкіл Қазақстанға арнал­ған инженерлік кадрлар ұс­таха­на­сында оқығанымды мақ­тан тұта­мын», деп жазды.

Әлемдік білім беру кеңісті­гінде лайықты орны бар университет 2013 жылы «Ranking Web of World universities: Top 20000 world ranking» жаһандық рейтингінің деректері бойынша ҚарМТУ лайықты 2 385-орынды, оның ішінде Қазақстан бойынша 2-орынды иеленді. «Еурорейтинг-2013» рейтингінде қазақстандық ЖОО арасында лайықты үшінші орынға ие болды. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің рейтингінде ірі ұлт­тық университеттерден кейін ғана қазақстандық үз­дік ЖОО-лардың ТОП-30 жоғарғы қатарына енді. Тәуелсіз қазақ­стандық білім беру сапасын қам­тамасыз ету агенттігінің бас рей­тингінде еліміздің техникалық жоғары оқу орындары арасында үшінші орынға ие болды. 2010-2014 жыл­дары Ұлттық рейтинг нәтижесі бойынша ҚарМТУ-дың 14-17 ма­мандығы жыл сайын жүлделі орындарға ие болды. 2013 жыл­дың желтоқсан айында Уни­­верситет 5 жыл мерзімге инс­титут­тық аккредиттеуден сәтті өтті.

Осылайша, ҚарМТУ-дың қазіргі даму деңгейі мен жаңа жетіс­­тіктері академик Арстан Ға­за­лиев жүзеге асырған креа­тив­­ті идеялар мен бастамалар не­гі­зінде құрылады. Арстан Мәу­­­­­ленұлының басшылығымен қол жеткізілген жаңа уақыттағы университеттің жетістіктерін оның алғашқы ректоры, академик Әбілқас Сағынов басқарған уни­вер­ситеттің даму ауқымымен ғана салыстыруға бола­ды.

ҰҒА академигі А.Ғазалиев жас кадрларды даярлауға көп уа­қыт пен күш жұмсады. Оның ғылы­ми жетекшілігімен 2 ҰҒА академигі, 12 химия ғылымының докторы мен 46 кандидаты да­йындалды, оның ішінде 1 Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, 2 Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, 1 Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты, 1 ТМД елдерінің жас ғалымдарына арналған «Дебюттер достастығы» халықаралық сыйлығының лау­реа­ты дайындалды.

«Еңбегі жоқ ғалым – ыстығы жоқ жалын» дейді. А.Ғазалиевтің көпжылдық шығармашылық қызметінің нәтижелері (Хирш индексі 6) 900-ден астам ғылыми еңбекте (оның ішінде 18 монографияда), мақалалар мен баяндамалар те­зистерінде, 25 авторлық куәлік­тер мен патенттерде және Қа­зақстанның бірқатар жоғары оқу орын­дарының оқу проце­сінде табысты пайдаланатын ҚР БҒМ грифі бар 11 оқулықта көр­сетілген.

Еселі еңбек нәтижесін де көр­сетті. A.M.Ғазалиевке 2000, 2006, 2008 және 2010 жылдары ғы­лым мен техникаға аса көр­некті үлес қосқан ғалымдарға арнал­ған мемлекеттік ғылыми сти­пен­­дия тағайындалды. «Құр­мет» (2009) және «Парасат» (2015) ордендерімен, «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының білім беру үз­дігі» (2000), «Қазақстан Рес­пуб­лика­сының ғылымын дамы­туға сіңірген еңбегі үшін» (2001), «Білім беру ісі­нің құр­мет­ті қыз­мет­кері» (2003), «Ы.Ал­тын­сарин» (2007), «Көмір өнер­кәсі­бінің құрмет­ті қыз­меткері» (2010) төсбелгілерімен мара­пат­­талған. Сондай-ақ көпте­ген сала­лық және мерекелік ме­даль­дар­мен қоса «Ерен еңбегі үшін» (2013), «Еңбек ардагері» (2018) медаль­дарының, академик А.Ско­чинский атындағы тау-кен ісі сала­сындағы халықаралық сый­лық (2010) иегері. Қарағанды қаласы­ның құрметті азаматы (2020) және Павлодар облысы Баян­­ауыл ауданының, Қарағанды облы­сының Бұқар жырау және Оса­каров аудандарының құр­метті аза­маты атанды.

2021 жылы А.Ғазалиев ұлы ғалым, академик Қ.И. Сәтбаевтың ескерткішін жасауға және Нұр-Сұлтан қаласында мемлекет қай­раткері Ж.Тәшеневтің ескерт­кішін ашуға белсенді қатысты.

 

Бораш ТӨЛЕУОВ,

ҰҒА академигі,

химия ғылымдарының докторы, профессор