Қазақстан • 11 Қазан, 2021

Алыстан келген ағайын – елдің құты

852 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тарих қатпарына үңілгенде үркіншілік жылдары тағдыр тәлкегіне түскен қандастырмыздың басынан не бір зұлмат күндер өткенін көреміз. Кеңестік қызыл империяның қанды қылышы мен қолдан жасалған аштығы, қуғыны оларды тарыдай шашты. Өлгені өлді, тірісі шет асып жан сақтады. Қазақтың шексіз байлығы – тәуелсіздіктің арқасында қиырдағы бауырлар ордалы жұртқа олжа болып оралды. Кетігіміз жамалып, кемтігіміз толды.

Алыстан келген ағайын – елдің құты

Осы көштің басында болған Халифа Алтай сынды ғұламаның ыстық алақа­нын қысып, ықыласын тыңдадық. Көш­тің алғашқы легімен келген Халекең­нің Дүниежүзі қазақтарының бірінші құ­рылтайында: «...Әрине, туған жерден қол үзіп, Отан-анадан айырылып, ұзақта жүрген адамның көңілі қашанда қаяу­лы болады. Бүгінгі мына Қазақстанның тәуелсіздік алғандығы және осы салтанатты құрылтай сол мұңымызды тар­қа­тып, мақтаныш сезімін тудырды.

Дегенмен тағдырмен бетпе-бет келіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың сонау зар замандар, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» тауқыметтері ойға оралып, «Елім-айлап» ән салып зарла­ған елдің қайғылы дауысы құлаққа естіл­мей, қамықтырмай қоймайды», деген ­сөзі әлі күнге дейін құлағымызда күмбір­леп тұрғандай болады.

Сол Халифа марқұм «Құран Кәрім­нің» қазақша баламасын жасап, Сауд Арабиясында бір миллион таралыммен бастырып, тәуелсіз еліне тегін таратып, байғазы етті.

Оның ізін басып келген іні-қарын­дас­тарының да елімізге сіңірген еңбек­тері аз емес. Олар өшкенімізді жан­дырды, өлгенімізді тірілтті. Хасан Орал­тай, Дәлелхан Жаналтай, Мұстафа Өз­түрік, Майра Мұхамедқызы, Шұғыла Сапарғалиқызы секілді талай талант қа­зақ руханиятына, өнеріне, спортына өз үнін, үлесін қосты. Қаржаубай Сартқожа, Зардыхан Қинаят, Нәбижан Мұхамет­хан, Ислам Жеменей, Тұрсынхан Зәкен, Мұртаза Бұлұтай, Дүкен Мәсімхан, Бақыт Еженхан, Жәнімхан Ошан бастаған то­лып жатқан ғалымдар тарихымыздың ақ­таңдақтарына жамау салды. Жақсы­­лық Сәмитұлы, Серік Қапшықбаев, Оразан­­бай Егеубаев, Зейнолла Сәнікұлы, Тұрсын­­әлі Рыскелдиев сынды қаламгерлер қазақ әдебиетіне уық болып қадалды.

Осылайша, көлікті көштің алғашқы шоғыры ағайынның қуанышымен ортамызды толтырып еді.

Енді міне, тәуелсіздік алғанымызға табаны күректей 30 жылдың қарсаңын­дамыз. Ағайынның үрім-бұтағы өсіп-өніп, осы топырақта туғандарының өзі ат жалын тартып мініп үлгерді. Олардың жалпы саны екі миллионға жақындады. Алыстан оралған бауырларымыз – Алла Тағаланың бізге сыйлаған мол нығыметі, байлығы.

Елорда керегесін жайып, уығын кө­те­ріп, шаңырағын тіктегеннен кейін мұн­да да алыстағы ағайындар қата­ры қалыңдады. Өкшемді басып келе жатқан Қаржаубай Сартқожа, Үзбен Құр­манбайұлы, Жандарбек Мәлібеков, т.б. біраз замандастарыммен арагі­дік шүйіркелесіп жүрдім. «Көк тудың жел­бірегені» әні арқылы танылған әнші сазгер Ермұрат Зейіпханұлының, ақын Алмас Ахметбекұлының есімдеріне де қанықпын. Кейінгі жылдары жазушы Жәди Шәкенұлы бастаған жалынды жас буынмен де жиі араласатын болдым. Жәди ініміз бас болып ұйымдастырған Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығында да біраз аға-бауырларымызды тауып алдым.

Соңғы рет 2017 жылдың маусым айында астанада өткен Дүниежүзі қазақ­тарының V-ші құрылтайында да та­лай бауырымызды құшағымызға қысу­дың сәті түсті. Араға бірнеше жыл салып, еліміз өркендеуі жоғары кезеңге өткен шақта тура келген бұл құрылтайдың өресі биік болды.

«Тарихи Атажұрт» қоғамдық бір­лестігі құрылып, өз құрылтайын өткізіп, астананы бір дүркіретті. Басы-қасында жүрген Үзбен, Ғалым, Жәди сынды азаматтармен араласудың арқасында Ораз Байқонысов деген азаматпен жолықтым.

Үзбен – Моңғолия қазақтарына танымал тұлға, ондағы ағайынға қазақ теле­арнасының көрсетілуіне бірден-бір еңбек сіңірген азамат. Оразбен жақындығының тамырын арада болған әңгімеден ұқтым. Ораздың шын жүрегінен шыққан жалынды сөз жанымызға жақты, көңілімізді толқытты.

«1983 жылы Моңғол еліне ауыл­ша­руашылық маманы ретінде барып жұ­мыс істеуіме байланысты ондағы ағайын­мен арадағы байланысым өте терең­деп кетіп еді, – деп әңгіме тиегін ағытты Ораз. – Менің ағайынға бүйрек бұра бастағанымды байқаған айналамдағылар: «ойбай, абайла, пәлесі тимесін, іштерінде не жатыр кім білсін, қастандық, арамдығы болмасын!» деп тыймақшы болды. Мен: «қазақ халқы қонағуар халық, аузын ашса жүрегі көрінетін мейірімді, таза, әділ, бауырмал ел. Арамдық біздермен кетсін!» деп күлдім.

Бір күні Зейнолла атты атамыз бізді отба­сымызбен ерулікке шақырды. Бізді алыстағы ағайындар киіз үйде күтіп отыр екен. Ине шаншар жер жоқ. Төр­дегі Зейнолла ата қасынан орын беріп отыр­ғызды. Үй толы кісі басқа бір плане­таның адамын көргендей қарайды. Сон­дағы жәудіреген мөлдір көздер, жас балалардың түрлері әлі көз алдым­да. Қандай керемет сүйіспеншілік десеңізші?! Ол жәудіреген көздер Отанын сағынған, Қазақстанды бір көруді армандаған сезімдер екенін айтпай-ақ сездірді маған.

Ортаға үлкен қазандай табақпен ет келді. Қазы-қарта, жал-жая, сүбе, жілік-жілігімен иісі бүрқырап, әрқайсымызға (үлкен ер кісілерге) бір-бір пышақ беріп, «ал Ораз бауырым, бізде осылай әркім қалағанын кесіп жейді», деді Зейнолла ата жөн сұрасып танысып болған соң.

Дастарқан үстінде басқа әңгіме емес, тек Қазақстан туралы сұрай береді бар­лығы да. Арасында «шіркін, сол Қа­зақстанды бір көріп өлсек арманымыз болмас еді» деп терең күрсінгендері де болды. Біз тап бір Қазақстан атты жұмақтан келгендейміз.

Баяндэлгэрде 40 үй қазақ бар еді. Бізсіз тойларын өткізбейтін керемет сый­ластық болды. Қаншама келін түсірдік, шілдехана тойладық. Әйелім Ғалия талай сәбиге кіндік шеше болды. Бүркітбай мен Дәрігүлдің ұлдарына «Жасұлан» ­деп есімін бізге қойдырды. Бір қуанта­тын жағдай, сол жердегі қазақтардың бала­ларының көбі шет елдерде оқиды екен. Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Ново­­сибирск, тағы басқа қалаларда ­бі­лім алады.

Сол қазақтардың ұйымшылдығы, бір-біріне деген қамқорлығы және шет елде оқып жүрген жастардың көкіректе­рін көтеріп өзгермей, ата-аналарын сый­лағандарына талай куә болдым. Ал бізде кейде бір ауылда тұрып біреудің қуанышын бөлісуге уақыт таппайтындар бар ғой.

Зейнолла ата өзі ақын, жоғары лауазымдарда қызмет еткен, өзі сері еді. Ол кісі бүркіт ұстайтын. Бір күні Файзолла ата үшеуміз үш атқа мініп ерте тұрып, түлкі аулауға шықтық. Ол да бір қы­зық күндер болды. Қыр сахарасындағы саяттың қазақы көрінісі мәңгі естен кетпейді.

Кішілердің ізеті, үлкендердің құрме­ті, қайда барсаң да алдыңнан мейірім­ді, кірсіз жүздерді, ақ пейіл жандар­ды көре­сің. Нағыз қаймағы бұзылмаған қазақ­тарға деген ынтығым арта түсті. Ауылымды, балалық балдәуренімді са­ғындым...

Зымырап 2 жыл да өтті. Бізді шыға­рып салу үшін ауылдың сыртындағы «Дос­тық» ескерткішінің жанына қазақтар, моң­ғолдар, Кеңес Одағының мамандары жиналды. Жұрт тойды бастамақ бол­ғанда мен Зейнолла атаны іздеп, дереу тоқтаттым. Ақ батасымен атамыз келді.

Дастарқанды Зейнолла ата өзінің біз­ге арнаған өлеңімен ашты:

Дәм қосып мұнда келдің алыс жерден,

Жеткіздің жақсы хабар туыс елден.

Ақтадың азаматтық сертіңді шын,

Үлгіңді ұмытпайды сенің берген.

Бізге кеп аз ғана күн болдың қонақ,

Япырау екі жылың неткен шолақ.

Жайдары ашық жарық мінезіңмен,

Ішке кіріп кетіп ең, сыртымды орап.

 

Ұмытпа, хат жазып тұр анда-санда,

Туыстық көңіл артық қай-қашанда.

Мұнда кеп бір-екі жыл болдың туыс,

Бұрыннан үйір таныс болмасаң да...

Бір-бірімізді қимай ұзақ қоштастық. Содан арада он жыл өтті. «Адам аман жүрсе, алтын аяқтан су ішеді» деген рас-ау. Алаштың күні туды. Ойда, түсте жоқ жерден жеделхат алдым. «Атамекенге келдік. Бүркітбай». Бар-жоғы – осы. Мөр таңбасына қарасам, «Талдықорған, Қарабұлақ» деп тұр. Тізгін ұшымен Ғалия екеуміз келсек, олар Абай ауылында орналасыпты. Ағайын-туыстардың бі­разы шоғырланып отыр екен. Бізді көр­генде аспаннан Қайса, жерден Мәді шық­қандай қуанғандарында шек болсайшы, құшақтасып, қуандық. Бәрінің көзінде жас. Біз кеткендегі жас балалар жігіт болған, ата-апалар сол қалпы, кимешектерін тастамаған. Файзолла мен Зейнолла ата екеуі кемпірлерін, немерелерін ертіп, таудың шыңында, қыр­дың басына екі үй тігіпті. Үйден апам (Бүр­кітбайдың шешесі) шықты жүгіріп, «Қарақтарым-ау, барсыңдар ма?!» деп құшағын жая ұмтылды. Қуанғанымнан жылап жібердім. Құшақтаса кеттік. He деген ыстық кұшақ! Апам екеуміз ұзақ тұрдық құшақтасып...

Зейнолла ата келді, апа келді, артын­ша жүгіріп балалар шықты. Бәріміз құшақ­тасып бір-бірімізге қайта-қайта қа­раймыз, апам қалбалақтап өзіне бір орын таба алмай жүр, арлы-бері жүгіріп жүр. Файзолла ата төсек тартып ауырып жатыр екен, қасына барып амандастық.

Сағыныштан көзіне жас алып, бізге керемет бата берді. Әттеген-ай, жыр-ду­манмен сағынышымызды баса алмай жүріп, сол батаны жазып алмағанымызға әлі күнге дейін өкінемін. Атаның халін сұрағанда: «Қазағымның бір уыс топы­рағын, бір тал шөбін, бір тамшы суын аңсап жүргенде енді, міне, Алтай асып, Жетісуға келдім, бүгін өлсем де арманым жоқ», деп бізді жұбатты.

Сол ағайындардың атамекенге, Қа­­зақ­станға келгеніне де жиырма жылдың ­жүзі болыпты. Қазір елге де, жерге де сіңі­сіп, әркім өз хал-қадерінше тіршіліктерін жа­сап, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекем­деуге өз үлестерін қосып жүр. Алғаш кел­генде әртүрлі жағдайларды бастарынан кешті. Оңай болмағаны да рас. Сол қиын­шылықтар артта қалды. Әрқайсысы үйлі-жайлы болды. Үлкен ата-апалар келместің кемесіне мініп, бақилық болып кетті. Барлығына бір уыс топырағымыз­ды салдық. Ол қариялардың әрқайсы­сы­ның жөні бөлек еді. «Қазақстаны­мыз­ға, елімізге барамыз» десіп жатқанда біреуі «осы біз қайда барамыз, ешкімді танымаймыз ғой» депті. Сонда Зейнолла ата: «Ораз бен Ғалияға барамыз», депті. Айналайын, аташым, мені Қазақстанның Президентіндей көрдіңіз-ау!..».

Ораз әңгімесін осылай ұзақ толғап, бізді де толқытып еді.

Қазақы салт-дәстүрі өзгермеген Моң­ғолиядағы ағайынның тарихы кісіні толғандырмай қоймайды. Өткен-кеткенін ақтарып, ағынан жарылып, өскен елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін де жасырмайды. Сондай басқосуларда Меруеш Башайқызы есімді қарындасымыздың тамылжыта салған әніне куә болып едік. Кейіннен білдім, ертеректе (1993 жылдың 21-22 қазаны) Елбасы Ұланбаторға барып, сондағы ағайын өкілдерімен кездескенде жап-жас қазақ қызы домбырада төгілте терме орындап, Нұрсұлтан Назарбаевтың толқыған сәтіне халық куә болып еді. Сол әнді шырқаған қыз – осы Меруеш екен. Қазір Қарағандыда өнер ұжымында қызмет атқарады. Реті келгенде сол әнді қайта орындатып, тағы бір толқып алдық. Әннен сол кездегі ағайынның кіршіксіз жүрегі, ел мен жер­ге деген сағынышы, Елбасыға деген үміт-тілегі көрінеді. Ән сөзінде мынадай жолдар бар еді (сөзін Моңғолияның еңбек сіңірген жазушысы, ақын Шынай Рахметұлы жазған екен):

Уа, Дариға-ай, Дариға-ай,

Жүректі шоқ қариды-ай!

Қанды бұғау қақырап,

Қайта оралды көк туым.

Алыстағы ағайын,

Келші деген жетті үнің.

Сөзіңізді үкілі,

Аяқ асты етті кім.

Қапысыз бізде сезіндік,

Қосылса қазақ көптігін.

Керуендер бетке алды,

Көкшедей жер шоқтығын.

Қайғы қамым десе де,

Дей алмаймын жоқ бүгін.

Ағытар сыр, айтар дат,

Шағар сізге көп мұңым.

Уа, Дариға-ай, Дариға-ай,

Жүректі шоқ қариды-ай!

Желдей ұшып кетер ем,

Жеткізбей жүр шабан ат.

Керей көші кетті алда,

Кенерені жағалап.

Емен жарқын солардың,

Тірлігі де аманат.

Бұтағындай бір талдың,

Бірлігі де аманат.

Алтай, Хобда бетінен

Ауған да жоқ әлі Абақ.

Артта қалған аңырап,

Жұртымыз да аманат.

Алла сізге бақ беріп,

Естіртпесін жаман ат.

Осы бір толқыған, ынтыққан көңіл күйдің жемісі талай сырды аңғартса керек. Меруеш қарындасымыз Моңғолия қазақтарының көбірек шырқайтын, тағдырлы әні «Ел көшкендені де» на­қышына келтіре орындайды екен. Бұл әнде де ел мен жердің тағдырына саятын ащы шындық жүректен «аһ» ұра шық­қандай болады. Тебіренбеу мүмкін емес. Меруеш жақында ғана «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігі» өткізген бір іс-шарада осы әнді тағы бір мәрте орындап, көпшілік қауымды тағы бір толқытып тастады.

Жер ұйығы, Ойғырдың шибеті

Усай-ай,

Жылқым өріп барады

жусай-жусай-ай.

Жаны жомарт моңғолдар,

бауыр­ла­рым-ай,

Тумасақ та болып ең туысқандай-ай.

Уранхай менен дөрветім,

 Дөңгеленген келбетің.

 Ел көшкенде жер жетім,

 Мен көшкенде-оу, сен жетім.

Ешкім кесіп кетпейді ат кекілін-ай,

Атажұртым шақырды,

ашты есігін-ай.

Көшкені де қарыздар, қалғаны да-ай,

Сен аман бол, туған жер, бақ

бесігім-ай.

Көшуге бел байлаған,

Көліктерін сайлаған.

Ағайынға ақ сапар,

Ұрпақ қамын-оу, ойлаған.

(Өлеңі: Мұрат Пұшатай­ұлы­нікі,
Әні: Бержан Файзоллаұлынікі)

Жалпы, алыстан оралған ағайындар десе кейде ала жаңқа пікірлер туындап жатады. Өз басым шеттен келген бауырлар арасында көп болдым. Сондықтан ба оларды өзіме тартып, үнемі кеңесіп тұрамын. Олардың жүрегі таза, ниеті түзу, барлық нәрсені бүкпесіз айтады. Кейде осындай турашылдығымен де біреулерге жақпай қалатын да шығар. Олардан бағзы бабалардың алтын үзігіндей асылдық, бекзадалық байқаймын.

Қазақтың тағдыр тәлкегімен әртүрлі елдерге бас сауғалауы ешкімнің жеке қалауы бойынша болған жоқ. Тірліктің асау желі әр қиырға ұшырып, туған топырақ, өскен өлкесінен алыстатып, жат жерге тентіретті. Қанша теперіш көрсе де ұлт­тық сана, салт-дәстүрін, рухын жой­май, өмірін күреспен, тайталаспен өткерді.

Олар ешқашан бөтен біреу емес. Алыс­тан келген ағайын тарғалаң күнде енесі­нен айырылған бота сияқты. Олардың ортамызға оралғанына біз марқаюымыз керек. Қазақ қазақтың қуанышына шын жүрегімен қуанып, жұбаныш-қайғысына ортақтаса білгенде ғана бірлігіміз артып, іргеміз бекемделе түседі, бауырымыз бүтін болады. Бұл бағзыдан келе жатқан баба жолы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендігіміздің елең-алаңында, сонау 1991 жылы алыста жүрген ағайындарға жолдаған сәлемінде: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекеннен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақ алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа рес­публикалардан және шетелдерден село­лық жерлерде жұмыс істеуге ті­лек біл­діруші байырғы ұлт адамда­рын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге ке­лемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңнан жарылқа­сын», деген еді. Бұл сөз алыс-жақын қан­дастарымыздың делебесін қоздырып, олардың атамекенге бет түзеуіне жол аш­ты. Алғашқы жылдары Түркия мен Иран жеріндегі қазақтарды елге кө­шіру мәселесі қолға алынды. Мысалы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1993 жылдың 20 қыркүйегіндегі №6-11 өкі­мінде бұл іске жергілікті әкімшілік құ­рылымдар тартылғаны, азаматтық авиа­ция басқармасына, дипломатиялық өкіл­діктерге, Сыртқы істер министрлігіне қарасты визалық рәсімдеу мекемелеріне нақты тапсырмалар берілгені айтылады.

Міне, содан бері өткен 30 жылға таяу уақыт ішінде алыс-жақын шетелдегі қандастарымызды елге қоныстандыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Соң­ғы ресми дерекке жүгінсек, тәуелсіздік жылдары елімізге 1 079 192 қазақ көшіп келіпті. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Соңғы жылдары шетелден кө­шіп келуші қандастарымызды, әсіре­се, Қазақстанның солтүстік өңірлеріне қоныстандыруға күш салынуда. Мысалы, таяуда ғана Ираннан келген қазақтарды еліміздің солтүстіктегі облыстарына орналастыру жұмыстары қолға алынды. Соңғы кезде Ауғанстандағы шиелініскен жағдай ол елде тұратын қандастарымызға да оңай тимей тұр. Еліміздің бұл бағыт­та қандастарымызға қамқорлық ретін­де жүргізіп отырған саясаты алыстағы бауырларға қол ұшын созудың жарқын көрінісі болмақ.

Қорыта айтқанда, алыстан оралған әрбір ағайын – елге қосылған құт. Ыры­сымыз тасып, шаңырағымыз шалқысын десек, өз бауырларымызды ешқашан өгейсітпеуіміз керек. Бұл – елдіктің алтын тұғыры!

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ

Орталық кеңесі төрағасының

бірінші орынбасары,

профессор