Спорт • 12 Қазан, 2021

Скандинавия түбегіндегі сайыс еліміздегі күрес түрлерінің деңгейін айқындады

437 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Норвегияның бас шаһары – Ослода өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні 63, 67 және 87 кило салмақ дәрежелерінің жүлделері сарапқа салынды. Соңғы жарыс күні Қазақстан құрама командасының қоржыны бір қола медальмен толықты. Оның иегері – 67 кило салмақта күш сынасқан грек-рим күресінің хас шебері Алмат Кебісбаев. Осылайша, дүниежүзілік доданы жерлестерімз қос жүлдемен қорытындылады. Соның алдында ғана әйелдер күресінің өкілі Жәмила Бақбергенова дәл сол межеден көрінген болатын.

Скандинавия түбегіндегі сайыс еліміздегі күрес түрлерінің деңгейін айқындады

Жалғыз жүлде Жәмиланың еншісінде

Әйелдер күресінен өткен алты салмақ дәрежесі бойынша бәсекелерде кімдердің жеңіс тұғырына көтерілгені жайында біз бұған дейін егжей-тегжейлі баяндадық. Скандинавия түбегіне сапар шеккен Қазақстан құрама командасы мүшелері арасынан Жәмила Бақбергенова ғана ел сенімін ақтады. Қалғандары жарты жолға да жетпеді. «Джордал Амфи» кешенінде төселген бозкілемде Франция мен Түркия балуандарынан басым түскен Бақбергенова финалда жапониялық Масако Фуруитимен айқасты. Күншығыс елінің өкілі – жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы дүниежүзілік додаларда сан мәрте дараланып, 23 жасқа дейінгі бұрымдылдардың әлем біріншілігінде бас жүлдені және әйелдер арасында қола медальді олжалаған өте мықты спортшы. Оның үстіне, қос спортшының жолы осыған дейін екі мәрте қиысып, екі ретінде Масаконың мерейі үстем болған екен.

Жасыратыны жоқ, сол кеште қазақ жанкүйерлері Жәмиладан ерен ерлік күтті. Барлығымыз да төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыстың алтын тұғырында Алаштың аруы марқайып тұрса ғой деп армандадық. Алайда Масаконың мықтылығын мойындамасқа еш лаж жоқ. Ол жақсы бір әдіс жасай алмағанымен, көздеген мақсатына қол жеткізді. Нәтижесінде, ол жеңімпаз атанса, Жәмила күміс медальді қанағат тұтты. 

Жалпы әйелдер күресінен өткен әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасы 4 күміс және 7 қола медальді иеленді. Әзірге қоржынымызда бірде-бір бас жүлде жоқ. Және де күміс медальді мойындарында жарқыратқан балуандардың барлығы да сырттан келген легионерлер екенін айта кетуге тиіспіз. Мәселен, 2007 және 2010 жылдары финалда белдескен Елена Шалыгина біздің елге Ресейдің Кемерово облысынан қоныс аударып келді. 2008 жылы сол межеден көрінген Жұлдыз Ешімова – Қырғызстанның Талас өңірінің тумасы. 2012 жылы екінші орынға табан тіреген Гюзель Манюрова Мордовияда дүниеге келді. Ал Норвегияның астанасындағы жағдай мүлде өзгеше. Бұл жерде өзіміздің төл түлегіміз, қарапайым ғана қазақтың қызы финалдық сайыста өнер көрсету құрметіне бөленді. Бұйырғаны – күміс медаль. Иә, осы жетістіктің өзі-ақ Жамиля Бақбергенованың тарихта қалатындай іс тындыру үшін жеткілікті болды.

Қырғыз қыздары – үшінші орында!

Әйелдер күресінің жалпыкомандалық есебінде Жапония құрамасы жеке-дара көш бастады. Күншығыс елінің сұлулары 4 алтын, 3 күміс және 2 қоланы олжалады. Екінші орында – АҚШ. Американың арулары 2 алтын, 2 күміс және 3 қоланы иеленді. Көш басындағы қос команданың осындай толағай табысына ешкім таңдана қойған жоқ. Себебі айтулы мемлекеттерде бұл спорт түрінің дамуына барлық жағдай жасалған. Соның арқасында жапондар мен америкалықтар үнемі үздіктер қатарынан көрінуде. Ал үшінші сатыға жайғасқан Қырғызстан құрамасынан дәл осындай қарқын күткендер кемде-кем шығар. Осыған дейінгі әлем чемпионаттарында небәрі қос жүлде алған көршілеріміз бұл жолы үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Осло төрінде Қырғыз елінің әнұраны екі мәрте шырқалғанда «Қазақ қыздары арасынан Айсұлу мен Мейірімдей бір мықтының шықпағаны-ай» деп іштей күбірлегенімізді несіне жасырайық. Оған Айперінің қола медалін қосыңыз. Ра­сында да, есімдері жоғарыда аталған бұ­рым­дылдардың аттарына заттары сай екен...

Төртінші орынға Молдова табан тіреді. Бұл нәтижені «Сенсация!» деп бағаласақ, ешкім айыпқа бұйыра қоймас. Өйткені бұған дейінгі дүниежүзілік додалардың барлығынан молдовалықтардың қор­жыны бос болған. Ал бұл жолы қарт құр­лықтың оңтүстік-шығысында орналасқан шағын ғана елдің өкілдері бір алтын мен бір күміс медальді иемденді. Керемет қой! Үздік бестікті Болгария қорытындылады. Балқан түбегінен келген балуандар еліне бас жүлденің біреуін алып кетті.

Егер медальдар сапасы мен санын есепке алсақ, жалқы күмісті қанағат тұтқан Қазақстан құрамасы Эстониямен бірге сегізінші және тоғызыншы орындарды өзара бөлісті. Жоғарыда аталған командалардан бөлек, тек Германия
(1 күміс-1 қола) мен Үндістан (1 күміс+1 қола) алдымызды орады. Ал Моңғолия
(4 қола), Ресей (2 қола), Украина, Мысыр, Канада, Польша, Швеция және Түркия (әрқайсында 1 қоладан) келесі орындарға жайғасты. Осы жарыста барлығы 17 мемлекеттің өкілдеріне жүлделі орындар бұйырды.

«Классиктер» де сенім үдесінен шыға алмады

Грек-рим күресі шеберлері арасындағы жарыстың алғашқы күні төрт салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтті. Бірақ бұл жолы да балуандарымыз сенім үдесінен шыға алмады. Қаһарман Қисметов (72 кило), Темірлан Шадукаев (77 кило) және Мақсат Ережепов (82 кило) тұсаукесер кездесулерінде жеңілістің кермек дәмін татты. Қаһарман Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, литвалық Криступас Шлейваға (1:10), Темірлан Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы ресейлік Роман Власовқа (0:11) және Мақсат әлем чемпионатының күміс жүлдегері швециялық Алекс Кессидиске (3:9) есе жіберді.

Қорлан Жақанша (55 кило) алғаш­қы айналымда біраз жылдан бері Бра­зи­лияның туы астында өнер көрсетіп жүрген қандасымыз Марат Ғариповпен күш сынас­ты. Бұл тартыс 9:0 есебімен Қорланның пайдасынан шешілді. Бірақ келесі кездесуде Еуропа чемпионы, Әлем кубогының иегері ресейлік Эмин Сефершаев қазақ балуанын (1:5) сан соқтырып кетті. Сөйтіп, біздің балуандарға өздері есе жіберген қарсыластарының тілеуін тілеуден басқа амалы қалмады. Егер олар ақтық сынға дейін алқынбай жетсе, жерлестерімізге жарысты одан әрі жалғастыруға мүмкіндік туындайды. Бірақ «өзгеге қараған күнің құрсын» демекші, Қисметов пен Ережеповті тізе бүктірген жігіттердің өздері де іле-шала жеңілістің кермек дәмін татты. Ал Жа­қанша мен Шадукаевқа жұбаныш кезде­сулер өткізуне жол ашылды. Алайда біздің жігіттер одан ештеңе өндіре алмады. Екеуі де өз қарсыластарынан ойсырай ұтылды. 

Келесі күні жағдайымыз одан да мүш­кіл болды. Айдос Сұлтанғали (60 кило) әзер­байжандық Мұрад Мамедовтен, Ерұлан Ысқақов (97 кило) грузиялық Геор­­гий Мелиядан және Әлімхан Сызды­қов нор­вегиялық Оскар Марвиктен (130 ки­ло) жеңілді. Бәрі де тұсаукесер бәсе­кеде сү­рінді. Араларында жанын салып ай­қас­қан ешкімді көрмедік. Тіпті қан­дас­­та­­ры­мыздың бойынан жеңіске деген қа­­рапайым ғана құлшынысты көре алмадық. 

Соңғы үміт сенбі күні боз кілемге шық­қан үш оғланда еді. Олардың бар­лығы да дүбірлі дүрмектерде әбден ысыл­ған сақа спортшылар. Мәселен, Алмат Кебісбаев (67 кило) төрт бірдей әлем чем­пионатында жүлделі орындарды иеленіп, екі бірдей Олимпия ойындарына қатысты. Сұлтан Әсетұлы (63 кило) мен Нұрсұлтан Тұрсыновтың (87 кило) Азия чемпионы деген атақтары бар. Сонымен қатар Нұрсұлтан таяуда ғана Токио Олимпиадасында өнер көрсетті.

Осы үштіктің арасынан Кебісбаев суырылып шықты. Бастапқы бәсекеде белоруссиялық Максим Негоданың (9:0) тас-талқанын шығарса, іле-шала Мартин Торесеннің (9:6) уысынан жеңісті жұлып әкетті. Бұл балуандардың екеуі де былтыр Еуропа чемпионы атанған. Жартылай финалда Алмат Әлем кубогының иегері, құрлық біріншілігінің қола жүлдегері ресейлік Назир Абдуллаевпен айқасты. Бұл тартыс 5:10 есебімен қарсыласының пайдасына шешілді. Кеше қазақ жігіті қола медаль үшін таласты. Сондай-ақ Сұлтан жұбаныш кездесулеріне қатысты. Алғашқы айналымда ол грузиялық Лери Абуладзеден (4:5) айласын асыра алмады. Есесіне қарсыласы финалға шықты. Ал Нұрсұлтан украиналық Юрий Шкрюбаны (10:0) жеңгенімен, Иштван Такахстен (1:3) тізе бүкті. Сөйтіп, ол көрермендер қатарына қосылды. 

Алмат үмітті ақтады

Барша қазақстандық жанкүйер әлем чемпионатының соңғы күнін тағат­сыздана күтті. Бар үміт Алмат пен Сұл­танда еді. Ең болмағанада осы екі балуанымыздың бірі жүлде алса деп тіледік. Алайда Сұлтан Әсетұлы өз мүмкіндігін ұтымды пайдалана алмады. Ол жұбаныш белдесуінде жапониялық Кенсуке Шимизуге жол беріп, қалың топтың арасында қалып қойды. Есесіне Алмат Кебісбаев қола медаль үшін тартыста нағыз ер жігітке тән мінез көрсетіп, күллі Алаш жұртының алғысына бөленді. Белдесу барысында түркиялық Мурад Фиркаттан 0:3 есебімен ұтылып жатқанына қарамастан, шешуші тұста бар күшін сарп еткен қандасымыз өзінің сүйікті «питон» әдісін сәтті қолданып, көздеген мақсатына қол жеткізді. Нәтижесінде, 7:4 есебімен жеңіске жеткен Алмат қола медальді мойнында жарқыратты.