Руханият • 13 Қазан, 2021

Тарихи ескерткіштерге қамқорлық қажет

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы Шәммат ишан мешіт-медресесі, Ұзын ата, Ысқақ ата, Ман­сұр ата кесенелері секілді сәулет ескерт­кіштері реставрациялық жұмыс­тар­ды қажет етеді. Егер қолдау көрсетіл­месе, құнды мұралардан көз жазып қалуы­мыз мүмкін. Жалпы өңірдегі тарихи ескерт­кіштерге қамқорлық керек.

Тарихи ескерткіштерге қамқорлық қажет

Nur Otan партиясы облыстық филиалы жа­нын­дағы Miras қоғамдық кеңесі отырысында мамандар осы­лай деп дабыл қақты. «Түркістан ғажайыптары» экс­педициясы ай бойы «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында облыстың киелі, қасиетті орындарына сапарға шығып, 85 нысанның жай-күйін зерделеген. Қоғамдық кеңесте есеп берген облыстық мәдениет басқар­масының тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың директоры Жандос Құрбан аудан, қала­ларда тарихи ескерткіштер мен орындарды қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту керектігін айтты. «Келес ауданындағы Алқакөл көліне баратын 10 шақырым жолға асфальт төсеу және «Алқакөл сұлама» қырғынының 300 жылды­ғына арнап мемориал­ды кешен орнатып, наси­хаттаған жөн. Созақ ауданындағы Қошқар ата, Мұхаммед Ханафия, Балықшы ата, Хақназар хан кесенелеріне, Қазығұрт ауданындағы Ысқақ ата, Шілтен ата кесенелеріне, Төлеби ауда­нын­дағы Мансұр ата кесенесіне, Жылақ ата бұла­ғына, Сайрам ауданындағы Ер Бекіш ата кесенесіне, Түлкібас ауданындағы Қараүңгір тұрағы, Дәу баба кесенесіне баратын жолдарды реттеп, мүмкіндігі болса асфальт жабын төсеу керек», деді Жандос Құрбан. Сондай-ақ облыс аума­ғындағы барлық тарихи-мәдени, киелі және қасиетті жерлерге баратын жол бойларын­дағы сілтеуіш белгілерді жаңарту, жоқ болса қою, барлық тарихи орындардың мемлекет қорғауында екенін көрсететін тақтайшаларды жаңартуға облыстық бюджеттен қаржы қарау қажет. Шырақшылардың, ауыл әкімдерінің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бойынша біліктілігін арттыру үшін тұрақты түрде семинарлар өткізу де күн тәртібіндегі мәселе.

Miras қоғамдық кеңесінің төрағасы, жазушы Мархабат Байғұт төрағалық жасаған жиында өңірде ұлт­тық спорт түрлерін дамыту бағы­тындағы жұмыстар да сараланды. «Тарихын тану – тағылымды іс» тақырыбында баяндама жасаған облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтмахаметәлі Бердашев облыста асық ату, қазақ күресі, көкпар, теңге ілу, тоғызқұмалақ, ауда­рыспақ, бәйге, жамбы ату, саят, жекпе-жек сынды ұлттық спорт түрлері дамып келе жат­қанын айтып өтті. Ұлттық спорт түрімен жалпы шұ­ғылданушылар саны 84 мыңнан асады. Олар облыстағы 1 826 үйірмеге қатысады. Облыс спорт­шылары биылдың 9 айында ұлттық спорт түрлерінен халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарға қатысып, 76 алтын, 65 күміс, 25 қола медальді жеңіп алған. Қоғам­дық кеңес отырысында өңірдің туристік әлеуе­тін көтеру, тарихи ескерткіштерді қорғау, руха­ниятқа, спортқа қолдау көрсету және насихаттау партияның жол картасының басым бағыттарына енгізілгені айтылды. Бұл орайда әрбір басқарма немесе орталық өз салаларындағы мәселелерді жасырмай айтып, жергілікті әкімдіктерге ұсы­ныстар беріп, белсенді жұмыс жүргізуі тиіс.

Жиын соңында Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев өңір тарихын, өлке­тануды зерделеуде табысты еңбек еткен «Түркістан ғажайыптары» өлкетану экспедициясы мүшелерін Алғыс хатпен марапаттады.