Технология • 13 Қазан, 2021

Интернеттегі алаяқтарды қалай танимыз?

510 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір көбіміз қаржылық операцияларды онлайн форматта жүзеге асыра бастадық. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ қау­пі де қатар ілесе жүреді. Кибер­алаяқтар адамдардың аңқау­лығын пайдаланады, кейде тіп­ті аса сақ клиенттердің өзін алдап түсіреді. Сондықтан он­лайн-банкингті қолданған кезде әрбір қадамға мұқият болу шарт.

Интернеттегі алаяқтарды қалай танимыз?

Банктер өз клиенттеріне қашықтан қызмет көрсетуді бастағалы бері адамдарды онлайн алдап түсірудің мың айласын тапқан қаржы алаяқтары да белсенді қимылға көшкен. Олар үшін клиент шотынан миллиондаған ақшаны сыпырып алудың өзі түк­ке тұрмайтын іске айнал­ған. Көп жағдайда алаяқтар жалған сіл­теме жіберу арқылы қитұрқы әрекет­терін іске асырып жатады. Әрине, клиент­тердің қаражатын сақтау үшін банк барлық шараларды жасап ба­ғады, алайда соңғы сөз бәрібір пай­да­ланушының өзін­де. Олар көп жағдайда банк карточкасының рек­визиттерін, кері бетіндегі код нөмірін, SMS-код, пин-кодты «банк қызметкері» болып хабар­ласқан белгісіз адамға айтамын деп сандарын соғып қалады.

Интернет-алаяқтар көбіне қан­дай жолмен ақшаны тартып алады? Мәсе­лен, түрлі сайттарда арзан ба­ға­да қызметтер мен тауарларды ұсы­нып, жедел жеткізіп беретінін де айта­ды. Сөйтіп, клиенттен алдын ала не­ме­се толық төлем талап етеді. Көп жағ­дайда үшінші адамның шотын беріп, ақшаны соған салуды сұрай­ды. Төлемді алғаннан кейін тап­сы­рысты орындамайды. Сатып алу­шы өзімен кімнің байланысқа шық­қанын, оның түр-тұлғасын, аты-жө­нін білмегендіктен, мұндай жағ­дай­да қылмыскерді ұстау да оңайға соқпайды.

Кейде алаяқтар банк клиенттеріне банк­тің қауіпсіздік қызметіненбіз деп хабарласып, олардың картасы арқылы қауіпті операция­лар­дың жүргізіліп жатқанын айтады. Олардың картасын бұғатқа түсіріп тастау үшін картаның кері бетіндегі үш санды нөмірді айтуларын сұрайды. Оны біліп алған соң интернет-банкингке жедел қосылып, клиенттің онлайн-шотындағы бүкіл ақшаны жоқ қылады. Клиент картасын емін-еркін пайдалану үшін алаяқтарға картаның нөмі­рін, қолданушының аты-жөнін, әрекет ету мер­зімін, CVC немесе CVV нөмірін білу жеткілікті.

Одан кейінгі тағы бір әрекет – қаржылық алаяқ­тар қоңырау шалып, SMS жібереді, сол арқылы «сіздің абоненттік нөміріңіз конкурста жеңіп шықты» деп алдайды. Сыйлығыңызды алу үшін жеке деректеріңіз қажет деп, клиенттің интернет-банкингіне қол жеткізу үшін түрлі қосымшаларды жүктеп алуды ұсынады. Сөйтіп, тағы да ақша ұрлауға кіріседі.

Жиі тараған әрекеттердің бірі – олар адам­дардың телефонына сіл­теме жіберіп, соны толтыруды сұ­райды. Клиент әлгі сілтемені басқан кезде автоматты түрде шотындағы ақша ұрлана бастайды. Олар тіпті өз мақсаттары үшін балаларды алдап түсіруден де тайынбайды. Түрлі жолмен баланың сеніміне кіріп, ата-анасының аты-жөнін, ЖСН-ын, өзге де ақпараттарын біліп алып, онлайн-несие рәсімдеу жағдайлары да көптеп кездескен.

Мұндай алаяқтардың арбауына түс­пес үшін жеке деректеріңізді айтуға әдеттенбеуіңіз қажет, әсіресе кар­тада жазылған нөмірлерге аса сақ бол­ған жөн. Аударымдар туралы түбір­текті, код пен код сөздерді де еш­кімге көрсетуге болмайды. Тексе­ріл­меген және күмәнді дерек көз­де­ріне, мысалы, интернеттегі бел­гі­сіз адамдарға сенім білдірмеген дұ­рыс. Ақша мәселесіне байланысты ұсы­нылған кез келген ақпаратты тек­серіңіз, қандай да бір шешім қа­был­дамас бұрын туған-туыс, дос-жа­ранмен кеңесу қажет. Ал интер­нет арқылы қандай да бір тауарды алғыңыз келсе, онда тауар сізге жет­кі­зілмей тұрып төлем жасамаңыз. Сон­да ғана оның шын немесе жалған сату­шы екеніне көзіңіз жетпек. Түр­лі сілтемелерді де баспау керек. Бас­ты­ңыз екен, қаржыңыздан айырыл­дым дей беріңіз. Алаяқтар танымал банк пен маркетплейстердің жал­ған көшірмесін жасап, сілтеме жі­бе­ріп жатады. Сол себепті келіп тұр­ған сілтеменің атауына, жазылуына мұ­қият мән беру керек. «Сіз байқауда жеңімпаз атандыңыз» деген де сенуге тұрмайтын хабарлама. Олай айтып хабарласқан адаммен әріқарай сөйлесіп жатудың өзі артық.

Қаржы алаяқтарының құрығына түспес үшін онлайн-банкинг құпия сөзін жиі ауыстырып, вирусқа қарсы бағдарламаны да жиі жаңартып тұрған абзал. Сонымен қатар шотыңыздағы ақшаның қашан, қайда жұмсалғанын да жиі бақылап отырыңыз. Егер интернет арқылы тауар сатып алған болсаңыз, онда құпия кодты ешкімге айтпаңыз. Әдетте ол SMS түрінде келеді.

Мына жағдай да жиі ұшырасады: сіздің шотыңызға ақша түскені туралы банк хабарламасы келеді. Сосын белгісіз адам хабарласып, «ақшаны байқамай жіберіп қойыппын, кері қайтарасыз ба?» дейді. Мұндай кез­де оның айтқанын орындауға асықпау керек. Өйткені ақша сізге шын мә­нінде түскен жоқ, ал хабарлама – жалған SMS. Мұндайда өз шоты­ңызды тексеріп, ақшаның шынымен түскен-түспегенін байқаңыз.

Егер сізге «сатып алуды растаңыз» деген хабарлама және код келсе, сосын белгісіз біреу қоңыраулатып «қа­те­лесіп сіздің телефон нөмірді көр­сетіп жіберіппін, өтініш, кодты айтып жібересіз бе?» деуі мүмкін. Еш­қандай жағдайда оның айтқанын істе­меңіз. Қылмыскер сіз айтқан код арқы­лы сіздің шотыңыздағы ақшаны ұрл­ағысы келеді немесе сізге қажет емес ақылы сервиске тіркеп тастауы мүмкін.

Егер қылмыскер сіздің жеке мәлі­меттеріңізді пайдаланса, немесе құ­пия сө­зіңізді бұзып кіргісі келсе, не бол­маса төлем картаңызды жоғал­тып алсаңыз, онда бірден банкке хабарласып, бұл туралы мәлімдеу керек. Банк сіздің картаңызды уақыт­ша бұғат­тайды не болмаса картаны жаңа­дан шығарып береді. Қаржы алаяқ­тарының оңай жемтігіне айнал­мас үшін сенімді құпия сөз орнату да өте маңызды. Құпия сөз 12 символдан кем болмауы керек. Құпия сөз қаншалықты ұзақ болған сайын соншалықты сенімді.

Ішкі істер министрлігінің мәліме­тін­ше, соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын алаяқтық үлкен қарқынмен өсе түскен. «Онлайн-қыз­мет көрсету аясының кеңебіне бай­ланысты интернет-алаяқтық 2,3 есе өсті. Осыған байланысты ми­нис­тр­ліктегі киберқылмыспен кү­рес орталығының құрылымында осын­­дай қылмыстарды ашумен айналысатын арнайы топ құрылды. Министрлік шетелдік әріптестерімен және ха­лық­аралық ұйымдармен бел­сенді ын­тымақтастық орнатуда. Қазақ­стандық «компьютерлік қылмыстар туралы» еуропалық конвенцияға қосу бойын­ша шаралар қабылданып жатыр» деген еді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жыл ортасында.

Киберқылмыскерлер жеке адамды былай қойғанда, банктердің өзіне жиі шабуыл жасайды. 2020 жылдың тоғыз айының өзінде елімізде 8,3 мың интернет-алаяқтығы тіркелген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 52,8 пайызға жоғары. Мамандардың айтуынша, әсіресе, әйгілі банктер мен маркетплейстердің жалған көшірмесін жасау тым қатты өріс алған. Яғни сол арқылы клиенттер шотынан қаражат ұрланады. 2018 жылға дейін мұндай фишингтік шабуылдар саны 150-ге де жетпесе, былтыр мұндай қылмыс саны мыңға тақаған.