Руханият • 13 Қазан, 2021

Мәлік Ғабдуллин жайлы бір үзік сыр

1532 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мезгіл үстіміздегі жылдың өткен мау­сым айының бас кезі болатын. Түс әле­тінде сыйлас інім Ниязәлі Дүйсенбек телефон шалды. Өкшемізді басып келе жатқан бауырымды әдебиет пен өнерге біртабан жақындығы үшін құрмет тұтамын. Қашанда жазу-сызуға бейімі бар жандарға жақын жүреді. Өзіндік ойы мен пікірі қалыптасқан өрелі азамат.

Мәлік Ғабдуллин жайлы бір үзік сыр

– Қазақтың аяулы да біртуар ұлы Мәлік Ғабдуллин аға ұлтқа ортақ тұлға екендігі дау тудырмас шындық. Ол кісі менің әкем Омарбек Дүйсенбековтің майдандас досы екендігін сіз жақсы білесіз ғой. Оның үстіне университетте дәрісін тыңдаған шәкіртісіз. Сол кісі жайлы қалам тартуға қалай қарайсыз? – деді.

Орынды уәжге тоқтамасқа бола ма, ұсы­нысты құп алдық.

Нияз інімнің айтатынындай бар, кезінде осы жолдардың авторы еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетіне «Мәлік Ғабдуллиннің хаттары» деген көлемді материал жазған болатын. Кейіннен Мәлік ағаның сыйлас досы жайлы «Омарбектей ер қайда?..» атты жазба дүниеге келді. Мамандығы тарихшы әрі әдебиет пен өнердің жанашыры Нияз ініміздің архивінде Мәлік Ғабдуллин ағаның кезінде Омарбектей майдандас досына жазған хаттары баға жетпес қазына ретінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

Ендігі жерде әңгімеміздің басты кейіпкері Мәлік Ғабдуллинге қайтып оралайық.

... Бүгінде тарихқа айналған сонау мың да тоғыз жүз алпыс тоғызыншы жылы қоңыр күзде сол кездегі С.М.Киров атындағы Қа­зақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті атанған шақ еді. Албырт жаспыз, бәрін білуге құштармыз. Қабырғаға ілінген сабақ кестесіндегі: «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» курсы. Дәріс оқушы Мәлік Ғабдуллин» деген сөзге көзіміз түсті. Біз үшін ол аңыз адам, атына сырттай қа­нық болғанымызбен, бұрын жүздеспеген кісіміз. Бір көрмекке асыға күттік. Қандай адам екен?..

Белгіленген уақытта аудиторияға жара­сым­ды киінген, жүзі жылы, жанары ойлы профессор кіріп келді. Сыпайы сәлемдесіп, портфелін үстелге қойып, орындыққа жай­ғас­ты. Журналды ашып, әрқайсымызбен асық­­пай, жеке-жеке танысып шықты. Қайдан кел­­генімізді, отбасы мүшелерін сұрастырды.

Бәрінен бұрын, соншама атақты адамның қарапайымдылығы ерекше таңғалдырды. Өзі­нің баласындай, тіпті немересіндей шәкірт­те­ріне «Айеке, Сәке, Бәке» деп сөйлейді. Неткен кішіпейілділік десеңізші!

Сол бірінші курстың аяғында, жазға са­лым «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» пәнінен ұстазға емтихан тапсырдық. Билеттегі сұрақ айтыс туралы екен. Мектепті жаңадан біті­ріп барған мен соның алдында ғана Оңтүс­тік Қазақстан облысы ақындарының айтысы жөнінде ақын Омарбай Малқаровтың алғысөзімен Шымкенттен шыққан кітапты оқып шыққан болатынмын. Солардың ішін­де Шымкент қаласының ақыны Көпбай Ома­ров пен Кентау қаласының ақыны Желеу Жақы­повтың айтысы есімде қалыпты. Олай болатын себебі, мен орта мектепте сол Кентау қала­сына қарасты Ащысай кенішінде оқыдым. Бұл шахтерлердің құтты мекені, кешегі Ұлы Отан соғысында жауға атылған он оқтың же­теуін берген атақты өндіріс орны. Ал айтыс ақыны Желеу Жақыпов болса сол Ащысай кенішінде тұрады, көріп, насихат термелерін талай тыңдаған адамым. Қарияларға таңды таңға ұрып, қисса, дастандар айтып беретін.

Көпбай Омаров болса да облыстың бас айтыс ақыны. Желеу көкемізді қыспаққа алып, қатты састырса керек. «Тегін адам таз бола ма?» демекші, өлең қонған жан емес пе, жеңіліп бара жатқанын сезген Желеу ақын табан астында облыс орталығы – Шымкент қаласында ауыз судың жетіспейтіндігі есіне түсіп:

Көзіммен көріп тұрдым

таласқанын,

Жолы боп кетіп жатты әлі асқанның.

Шарапат деген келін қарулы екен,

Шелегін лақтырады жанасқанның –

деп суырып салыпты.

Менің мына жауабымды естіген Мәкең риза болып, көзінен жас аққанша күліп, сы­нақ кітапшама жоғары баға қойып берді. Қош­тасып, кетерімде маған:

– Сенің ауданыңның «Созақ» деген сов­хо­зында менің майдандас досым Омарбек Дүй­сенбеков тұрады. Мүмкіндігің болып жатса, сәлем беріп, ағаңмен танысып, менен дұғай сәлем айтарсың, – деді.

– Жарайды, ағай.

Көрмекке, білмекке құштар жас кезіміз. Ауылға келіп, аунап-қунап, ата-анамыз бен ту­ған-туысқан, құрбы-құрдастарымызды кө­ріп, мауқымыз басылған соң, Ұлы ұстаздың майдандас досын көріп, сәлем беріп, танысу ниетімен жолға шықтық.

Бір кездері аудан орталығы болған Созақ ауылы өзбек, қазағы аралас ірі елді мекен екен. Мен іздеп келе жатқан Омарбек аудан­дық ішкі істер бөлімінің аға капитан шеніндегі учаскелік инспекторы қызметін­де көрінеді. Елге сыйлы, әр істі ақылмен шешетін, сөзі уәлі, ақкөңіл, әңгімешіл жан болып шықты. Мәлік ағаның сәлемін ала кел­генімді естігенде әбден риза болып, қатты толқыды.

– Несін айтасың, Мәлік деген нағыз азамат қой. Үлкен басымен бір кездегі майдандас досын ұмытпай, әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Әр мереке қарсаңында жеделхат салып, құттықтауын жолдайды, – деген аға маған Мәлік Ғабдуллиннің өзіне жазған бір топ хаттарын сол жолы көрсеткен болатын. «Ештен кеш жақсы» дегендей, оларды көпшілікке таныс­тырудың сәті кейінірек түскендігін сөзі­міздің басында айтып кеттік.

Омекең сол жолы еркін көсіліп, әңгіме тие­гін одан әрі ағытты.

– Өзің тарихтан білесің, Мәкең 1941-1946 жылдары кеңес әскерінің генерал И.Пан­филов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан соғысына қа­тысты. Оның Ұлы Отан соғысындағы ер­лік даңқы бүкіл Одаққа әйгілі болды. Батыр­дың бұл ерлігі алғаш рет белгілі жазушы Б.Поле­войдың «Правдада» жарияланған «Эпостың тууы» атты очеркінде баяндалды.

М.Ғабдуллиннің көркем шығармадағы тыр­нақалды туындылары дивизиялық, май­дан­дық газеттерде жарияланды. «Менің май­дандас достарым», «Алтын жұлдыз», «Май­дан очерктері», «Сұрапыл жылдар» ат­ты кітап­тарына енген әңгіме, очерктерінде жазу­шы майдан өмірін суреттеп, жауынгер тұлға­сын, Кеңес өкіметі адамдарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаһармандық бейнесін суреттеді.

– Айтпақшы, сен менің М.Ғабдуллиннің көркем шығармасындағы кейіпкері екенімді білесің бе? Білмесең – біліп қой, ол қазір мына сенің қарсы алдыңда отыр.

Осыны айтып, Омарбек көке рахаттанып күліп алды...

Алматыға келген соң Мәлік ағаның негізгі қызмет атқаратын орны – сол кездегі Қазақ КСР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институты фольк­лор бөліміне (ғалым аға аталған бөлім­нің меңгерушісі екен) келіп, майдандас досы­ның сәлемін жеткіздім...

Айтқандайын, Мәлік аға адам жанының керемет психологы еді. Оған мына бір жайды дәлел ретінде айтайын. Курсымызда Се­мей жақтың әсем ару қызы бірге оқыды. Сол қыз бір күні лекцияға шашын жа­йып кел­ді. (Қазіргі кезде бұл үйреншікті, қалып­ты көрініс қой). Өзіне жарасып-ақ тұр. Сон­дық­тан оған назар аударған ешкім болмады. Әдеттегідей кезекті дәрісін оқуға ауди­то­рияға кірген ұстазымыз студенттерді көзі­мен бір шолып алды да, құлаққа жағымды үні­мен сөзін бас­тап кетті. Қамырдан қыл суыр­ғандай етіп, жы­мын білдірмей, бір оқи­ғаны баяндай келе, әдетте қазақтың дәстү­рін­де ері дүниеден озған әйелдер сол бір қаралы күндерде шашын жа­йып жіберіп, жоқ­тайтынын қаперге салды. Ұлы ұстаздың нені меңзеп отырғанын бәріміздің де ішіміз сезді. Ал бұдан кейін оны психолог демей көр!

Сәті келіп тұрғанда осы жолдардың жазылуына тікелей себепші болған Нияз інім жайлы да аз-кем айтып кеткеннің артықтығы болмас деп ойлаймын.

Текті әулеттің тумасы Нияз да бүгін­де алпыстың асқарын бағындырған жас­тағы дейтін ел ағасы. Талай басшылық қызмет­тердің басын қайырды. Айтпағымыз – осы Нияз Мәлік аға Ғабдуллин отбасының бір мүшесіндей болып кеткен жан. Олай дей­тініміз – ол Қазақтың Абай атындағы мемле­кеттік педагогикалық институтына оқуға түскен кезде Мәлік Ғабдуллиннің үйінде жатып оқыды, оны отбасы мүшелерінің бәрі де жақсы көрді. Ал мұны біреу білсе, екеу білмес деп айтып отырмыз.

Жалпы, Мәлік Ғабдуллин жайлы кезінде көптеген қазақ ақындары оған арнап өлең-жырлар шығарғандығынан хабарымыз бар. Алыстағы Ақмола облысы, Зеренді ауданы­на қарасты Қойсалған ауылында дүниеге кел­ген ол қазақ халқын дүние жүзіне таныт­ты. Жа­зушы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қай­рат­кері, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылым академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Бір басында осыншама атақ, абыройы бола тұра, ол өмірде қарапайымдылығынан бір тан­бады, адамдық арына қылаудай дақ түсірмей өтті.

Сонау жетпісінші жылдардың басында бізге фольклордан дәріс беріп жүргенде ға­лым аға нағыз толысқан, кемеліне келген ша­ғы, бар болғаны елудің төртеуіндегі жас­та ғана екен ғой бұл күндері ойлап отырсақ.

Аңыз аға, абыз аға, нағыз аға өмірден өткен 1973 жылы біз университеттің соңғы курсында оқып жүрген едік. Бүкіл курсымыз болып ұстаз өліміне қатты қайғырдық. «Әттең тағы біраз жыл өмір сүрмеді-ау, ең болмаса зейнет жасына жете алмай кетті-ау» деп пендеауи өкінішпен өзегіміз өртенді.

Иә, адам – өмірге келген қонақ. Өмір – өткінші. Ғұмыр – қысқа. Әркімге өлшеп берген өмір бар. Ажал біреуге ерте, біреуге кеш ке­леді. Ол – табиғат заңы. Алайда «Өлді деу­ге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қал­дырған» дегенді осы Мәлік Ғабдуллин се­кілді арда азаматтарға арнап айтса керек, сірә.

Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы жайлар еске түсіп, өмірге ғасыр­да бір келетін Мәлік Ғабдуллин ұстазы­мыз жайлы біраз толғандық білем. Аны­ғында, ол жазбамыздың тақырыбына шығар­ғанымыздай, шын мәніндегі аңыз адам, абыз адам, нағыз адам еді.

Ойымызды ойшыл ақын Шәкәрім Құдай­бер­діұлының мына бір өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көрдік:

Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,

Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің.

Сол мәңгі өлмейтіндердің қатарында Сіз де барсыз, аяулы Ұстаз. Қалдырған ғибра­ты­ңыз мәңгі ұрпақтар зердесінде.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

М.Ғабдуллиннің 70-жылдардағы шәкірті, зейнеткер

 

Түркістан облысы