Әдебиет • 14 Қазан, 2021

Тұнық бастау

559 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кез келген адамның, кейін ол мейлі дара болсын, мейлі дана болсын, ең алдымен бала болатыны атар таңдай ақиқат, шығар күндей шындық. Сондықтан бүгін біз бала Тұрсынды, бозбала Тұрсынды, түбіт мұрт Тұрсынды көбірек әңгімелейміз. Қазіргі алты Алаш аялаған абыз Тұрсынға негіз қалаған нағыз Тұрсынның бейнесін бедерлеуге тырысамыз. Атақты Марғасқа жыраудың «Ей, Қатағанның хан Тұрсын» деп жырлайтыны сияқты, біз де қарымды қаламгер, ғибратты ғалым, парасатты профессор, айбарлы алаштанушы, әлеуетті әуезовтанушы Тұрсын Жұртбайдың бала кезін еске саламыз, шығармашылық бастауының бал-бұлақтарын іздейміз.

Тұнық бастау

Тұрсын Жұртбайдың әдепкі мақа­лалары ботатірсек бозбала кезінде жа­рық көрді. Он бес жасар ойлы баланың аудандық газетке шыққан «Сәнді құры­лыс» және «Қыз қиялы қияда» деген мақалалары публицистикасына жол аш­ты. Сөзінің бісмілләсін «сән» мен «қыз­дан» бастаған жас қаламгердің о баста талғамы жоғары, мақсаты биік болған сыңайлы.

Тегінде өзгелер секілді оның шығар­машылығы да ақындықтан нәр алған. Мазасыз баланың махаббат лирикасы мектеп қа­бырғасында жүргенде-ақ қылаң беріпті. Онда да әдеттегідей жо­ғары класта емес... Үшіншіде ме, төр­­­тіншіде ме оқып жүргенде кла­сын­дағы Жаңыл деген қызға көңілі ке­тіп, дөңбекшіп жатып күн ұзаққа өлең өреді. Жас­тайынан қолына алған әйгілі «Қыз Жібек» жырының сарынымен сарнап отырып жазған өлеңінің сипаты шамамен мынадай болып келеді: «Аспандап ұшқан алты қаз, Артым көктем, алдым жаз, Қалқатайға көз алып, Сол жымиса, болдым мәз. Сені еш­кім мендей сағынбас, Саған жар мен­дей табылмас, Сезімім сергек болса да, Жүрек бізге бағынбас. Аспандап ұшқан алты қаз, Жаңылға сәлем айта бар. Таба алмасаң ол қызды, Әуелеп ұшып қайта бар. Бақытым болшы қолымда, Жарығым болшы жолымда, Сен Жібек, мен Төлеген, Өле қалсам, оқ тиіп, Сан­сыз­байым жоқ соңымда». Өзінің де, жүре­гінің де жалғыздығын осылай аң­ғарт­ты албырт жас ақын. Өкінішке қарай топшысы қатаймаған Тұрсын ша­йырдың өлеңнің өрісі кең, өресі биік болғанымен, жұдырықтай қыз жүректен шыққан жырды онша құлағына қыстыра қойған жоқ.

Біздің кейіпкеріміз көп ұзамай басқа мектепке ауысып кеткен Жаңылмен тура елу жылдан соң кездесіп, амандық-саулық сұ­расыпты. Кездескені бар болсын, арнайы барған алпыс екідегі Тұрсын ағама алпыс үштегі Жа­ңыл апам жақсылап бір жылы жы­миыпты да қойыпты. Сонда да сол жолы Семей жерінде се­зімдердің сәулесі ойнап тұр­ған кө­рінеді. Жүрекке әжім түспейді де­ген осы да. Бірақ бұл жүздесу біз­дің кейіпкеріміздің өзінің жырына да, сөзі­нің сырына да адал екенін дәлелдеді.

Сол мектепте оқып жүр­ген жылдарын­да Бердібек Соқпақ­баевтың атақ­ты «Менің атым Қо­жасы» баспадан шыға қалсын. Соны оқыды да, бала Тұрсын жазушы Бекеңе жатып келіп ренжиді. «Мына кісі менің жазатын нәрсемнің бәрін жазып қойыпты ғой. Повестегі ауыл – біздің ауыл. Ондағы оқиғалар – мені басымнан кешкен жайттар. Жанар деген – Жаңыл, қара Қожа деген – мен, кәдімгі қара Тұрсын. Соның бәрін айна-қатесіз дәл осылай жазуға бола ма?!» деп қатты қапаланады.

Тұрсын көкемнің тасқа ба­сылған алғашқы өлеңін небәрі он алты жасында Оралхан Бөкеевтің өзі «Лениншіл жасқа» жариялапты. Өлеңді қанша жазғанымен, ақыры ақын болмады, есесіне қарасөздің хас шебері болды. Жырының тұсауын арқалы ақын емес, жүйрік жазушы кескені кейін прозаик боларына көрінген шығар.

Тұрсын Жұртбай алдымен Қы­зыл­тастыбұлақ, Екіаша, Баш­көл ауылда­рын­дағы бастауыш және орталау мек­тептерде, сосын Шағандағы орта мек­теп­те оқыды. Сөйтіп, сонау мектеп қа­бырғасында жүргенде-ақ, бүгінгі ба­ка­лавриат, магистратура, докторантура сияқты үш сатылы жол­дан өтті. Жұрт­байдың ұрпағы жұрт секілді жалғыз мектепте тұрақтамай, екі-үш мектептен үш тұғырлы білім алғаны да ке­йін атақты ғалым болатынына көрінген шығар.

Тұрсекеңнің өмірінде мектепте әде­биеттен сабақ берген ұстазы Жәңгір Исайымованың еңбегі ерекше. Бұл Жәң­­гір Махамбеттің Жәңгіріндей тым қатал емес-ті. Мейірбан Жәңгір шәкір­ті­не жан жылуын аямай септі. Ол оған үне­мі шығарма жаздырды. «Абай жо­лын­дағы» жұмбақ кейіпкерлердің құпия­сының ашуға баулыды. «Ана кі­тапты оқы, мына кітапты оқы» деп үздік­сіз тапсырма берді. Сөйтіп, астар мен қат­пардың, төркін мен тұспалдың мән-ма­ңызын тереңірек ұққан Абай ауылының ұғымтал баласы жастайынан Алаш идея­сын санасына сіңірді. Ерте оянды, ерте көктеп, ерте есейді.

Тұрсын Жұртбайдың өмір­баян баста­уындағы ерекше назар аудара­тын тұсы – оның мектеп бітіре сала Абай ауда­нындағы «Қызыл ту» совхозының №3 бө­лімшесінің бухгалтері болып қызмет атқарғаны. Несі бар... Американың әйгілі жазушы­сы, қысқа әңгіменің шебері О.Ген­ридің, ағылшынның атақты фантаст жазушысы Герберт Уэллстің, орыстың сатирик жазушысы, драматург Михаил Зощенконың, тағы бір орыс ақыны Александр Вертинскийдің алғашқы қызмет карьерасын бухгалтер болып бастағанын ескерсек, он жеті жасында бір ауылдың есеп-қи­сабын шырқ үйірген Тұрсын Жұрт­байдың қарымды қаламгер болып шыққанына таңғалатын дәнеңесі де жоқ. Оны айтасың, күллі әлем пролетарларын аузы­на қаратқан Карл Маркс пен сән мен тәннің үйлесімін сақтап, жер жүзіне даңқы жайылған әйгілі модельер Пьер Карден де жастау кезінде Тұрсын ағам секілді бухгалтер бо­лып жұмыс істеген. Тек сол ме­шін жылының қысында алапат жұт болды да, бозбала бухгалтерге бөлімшенің есеп-қисабы­нан гөрі, қырылған малдың санына көбірек көңіл бөлуге тура келді.

Жасында есепшотқа бейім болғаны­мен, ол жазушылықтан басқа жолды қалай қойған жоқ. Тек атақты француз қаламгері Антуан де Сент-Экзюпери сияқ­ты кәсіби ұшқыш-жазушы бол­ғысы келді. Шынында да ра­қат қой, күні бойы көк жүзін да­мылсыз шарлап, ұшып-ұшып келесің де, кешкі шайды ішіп алып, буырқанып-бусанып үс­телге отырасың. Осы арманы орын­далатынына титтей де кү­мән­данбайтын еді. Сол оймен Се­мейдегі авиация курсының меди­циналық комиссиясына барды. Осыдан аман өтсе, Ақтөбедегі авиа­ция училищесіне аттанбақ. Бастапқыда бәрі дұрыс келе жатыр еді, Жаңыл деген дәрігер қыз жүрегінен ақау тапты. Ол бұ­ған тілеулес болып қолын қоя сал­ған-ды, бірақ арнайы шеңбер ішінде шыр айналдырған кезде кеуде тұсы ат­қақтап сала бер­ді. Қысқасы, бұл жерде де тағы бір Жаңыл жүректен ұс­тады. Сонымен, белгілі жазушы атанғанымен, Экзюпери сияқ­ты самолет штурвалын қоса ұс­тайтын қаламгер бола алған жоқ. Есесіне шығармалары шырқау биікке шықты. Атақ-абыройы аспандап тұр.

Жалпы, жасында бухгалтер болған жазушылардың жаманы жоқ. Өлең жазса, ұйқастары мен ырғақтарын мате­матикалық дәлдікпен өлшеп-пішіп, көркем кестелейді. Аллитерацияға салады, ассонансқа кетеді... Тұрсекең де солай... Дәлел керек пе?

Біздің бала кезімізде «Жа­лын» журналында Тұрсын Жұрт­бай­дың әр жолы «с» әрпінен бас­талатын «Сарғалдағым – са­ғынышым» деген өлеңі жария­ланды. Ол кезде бұл альманах­та жарық көрген дүниенің бәрі оқылып қана қой­майды, жү­рек­те жатталады. Содан біз де жат­тадық. Қазір де жадымыздан өше қойған жоқ.

 

Саясы салқын, боз тоғай,

Сыбдыры таныс талдың да.

Салып ек соқпақ, із талай,

Сағынып мені қалдың ба?

Самалмен тай боп жарысып,

Сағымды судай кешіп ем.

Сағаңа келдім тағы ұшып,

Сақтаулы шығар несібем.

Серуенде, Тұрсын, серуенде,

Сарғалдақ – туған бесігім.

Сарғайып саған келгенде,

Сайрандап жүрсем,

несі мін?..

 

Бірақ суретке үнемі былғары күрте киіп түсетін сырбаз ақын кейін поэзияны мүлде қойып кетті. Өлеңнен қарасөзге, қа­расөзден сарасөзге ауыс­ты. Мек­теп қабырғасында жүр­геніміз­де оны қаламы жүйрік журна­лист ретінде танып-біл­дік. Жетпіс жетінші жылдың басында тегеу­рінді Тұрсын Жұртбайдың «Білім және еңбек» журналында «Ашық күнде неге адастың, ағайын?», «Дип­лом менің не теңім?» деген мақалалары жарық көріп, жер-жерде қызу пікірталас өтіп жа­татын.

Енді бүгін сол баяғы «Сар­ғал­дақтың» ізімен «Серуенде, Тұр­сын, серуенде, Сізге де жетпіс кеп қалды. Салт мініп же­тіп ке­руенге, Сексенін енді бет­ке алды!» деп жырлап, әңгімемізді қорытайық.

Біріншіден, оның өз өмірі өте тағы­лымды болды. Алыптар шоғырының алдын көрді, мың­даған шәкіртке тәрбие берді. Ұлағатты ұстаз атанды.

Екіншіден, қаламы қарым­ды болды. Көркемсөз бен әде­биеттану саласында ешкімге ұқ­самайтын айшықты қолтаң­басын қалдырды.

Үшіншіден, мақсат-мұраты­на берік болды. Ұлылар туған то­пырақты бор­пыл­датып басып өскен Абай ауы­лы­ның ұланы бүгінгі алаштанудың ардақ­ты­сына айналды.

Төртіншіден, жолы жақсы болды. Өзі жетпіске толып, ғы­лыми жетекшісін тоқсан төртке дейін аман-есен жеткізген Тұр­секеңе тек қана қызығу керек!

Осының бәрі о баста оның шы­ғар­машылық бастауының тұ­нық болға­нының арқасы. Бұл бас­тау кейін білім мен ғылымның түпсіз мұхитына келіп құйғаны мәлім. Енді сол тұңғиық мұ­хит­тағы Тұрсын Жұртбайдың кемесі қайыр­ламасын, желкені биік, жолы ашық болсын деп тілейміз!

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ