«Бес әлеуметтік бастаманың» басты бағыты
Бұл тарихи бастама 2018 жылы Тұңғыш Президентіміздің «Бес әлеуметтік бастамасында» айтылып, тиісті ведомстволарға тапсырмалар берілген еді. Елбасы аталған Үндеуінде елімізде газ өндіру тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 млрд текше метрге дейін артқанын және әрі қарай да өсе түсетінін айта келіп, «Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 пайызға жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 млн адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың (қазіргі – Нұр-Сұлтан) өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деген болатын.
Сол жылдың наурыз айында Парламент палаталарының бірлескен отырысында тұңғыш Президент газдандыру мәселесін жылдамдатуды тапсырып, «Біз тұңғыш рет батыстағы газды оңтүстік арқылы Шымкент–Алматыға дейін жеткіздік. Мүмкіншілік бар. Сарыарқаның сары желі бәрін алып кетеді деген ой бізде болды. Дегенмен кейінгі кезде көріп жүрміз. Қалада тұрғынның және көліктің көбеюіне байланысты екі ЖЭО-ны қатар көмірмен жаққан кезде қаланың үстінде ылғи тұман тұратын болды. Одан кетуіміз керек. Қала әкімдігі де жұмыс істеп жатыр. Егер мына мәселені шешсек, жолшыбай қанша адамға жеңілдік болады», деді.
Елбасы Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағытындағы магистралды газ құбыры арқылы бас қаланы ғана емес, еліміздің солтүстігіндегі Павлодар, Петропавл, Көкшетау қалаларын да газбен қамтамасыз ету қарастырылатынын жеткізді. Бұл үшін жобаға Үкімет халықаралық институттардан қаржы тартуға тиіс.
Елорданы газдандыр 2023 жылы аяқталады
Еліміздің бас шаһары «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспар аясында дамып келеді. Соның ішінде газдандыру мәселесі айрықша орынға ие. Елорданы газдандыру жобасын аяқтау 2023 жылға жоспарланып отыр. Шаһар басшысы Алтай Көлгінов былтыр елордада жеке секторда 370 шақырым инженерлік газ тарату желісі салынғанын айта келе, биыл Үкімет 317 шақырым газ тарату желісін аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Қазіргі таңда 645 шақырым газ тарату желісін салдық. Бұл – Алматы және Сарыарқа аудандарында. Қаламыздағы жеке секторлар – Көктал, Көктал-1, Көктал-2 және Агроқалашық. Онда 150 мыңнан астам адам тұрады. Алматы ауданында: Оңтүстік-шығыс – оң жағы, сол жағы, одан әрі Теміржолшылар, Күйгенжар, Интернациональный елді мекендері өтеді. Қазір инженерлік желілер белсенді түрде жеткізілуде. Яғни біз газға қолжетімділікті қамтамасыз етеміз, сонымен қатар әрбір үйге газ жеткізумен айналысамыз. Сарыарқа ауданында 600-ден астам адам газға қосылды, олар дəн риза», деді А.Көлгінов.
Қала әкімінің айтуынша, елорда аумағында газдандырылуы тиіс жер үйлері басым 16 елді мекен бар. Биыл жыл соңына дейін сол 16 елді мекеннің 10-ы толық газға қосылады. Қазіргі сәтте 7 елді мекенде газ тарату желілері толық құрылып біткен. 5 мың абонент, яғни шамамен 100 мың елордалық көгілдір отынға қосылу мүмкіндігін алып отыр.
Өткен жылыту маусымында (2020-2021 жж.) Железнодорожный, Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық (былтыр газға қосылмаған бөлігі) елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы толық аяқталды, бірқатар үйлер көгілдір отынға қосылып үлгерді. Ал Оңтүстік-шығыс және
Промышленный елді мекендерінде құрылыс жұмыстары аяқталып, газ беру процесі сынақтан өткізілуде. Сондай-ақ күні кеше Алматы ауданы Оңтүстік-шығыс тұрғын алабы (оң жағы) тұрғындары үшін қуанышты хабар жетті. Сынақ процесі сәтті аяқталып, Майдақоңыр көшесінің тұрғындары алғашқылардың бірі болып көгілдір отынға қол жеткізді.
Сонымен қатар бүгінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізіп жатыр. Аталған елді мекендерді жыл соңына дейін газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету мәселесі – басты назарда. Бұл жұмыстарды барынша қадағалау мақсатында қала әкімдігінің қызметкерлері халықпен жиі кездеседі. Ал тұрғындар болса жеке секторға газ тартылып жатқанына қуанышты. Дегенмен кейбір қала тұрғындары бұған дейін сатып алынған көмірді тауысу үшін газға жедел қосылуды кейінге қалдырып жатыр. Бұдан бөлек, қаланың едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған 1-жылу электр орталығы мен 2-жылу электр орталығында бас-аяғы 13 қазандық бар. Былтыр соның 4 қазандығы газға ауыстырылды. Жыл соңына дейін қалған 9 қазандық газға көшіріледі», дейді қала әкімі.
Елорданы газдандыру жұмысы 3 кезеңнен тұрады. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін жалпы алғанда 14 мың абонент немесе тағы 100 мыңға жуық қала тұрғыны газға қосылу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар қазіргі таңда қаланың екі аумағында жергілікті, автономды жылыту орталықтарын толық газға бейімдеу жоспары тұр. Бұл жұмыстардың барлығы 2023 жылы аяқталады.
«Өздеріңіз білесіздер, елорданы газбен қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – Елбасының ауқымды жобасы. Жоба қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Осы бағытта жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз: осы жылдың соңына дейін қалған су жылыту қазандықтарын газға ауыстырамыз, ЖЭО-3 бойынша жобаға түзету жүргізілді, құрылыс-монтаж жұмыстары, оның ішінде су жылыту қазандығы да қалпына келтірілді. Егер 3-жылу электр орталығы 6,5 млн шаршы метр тұрғын үйді, соның ішінде әлеуметтік нысандарды, әкімшілік ғимараттарды жылумен қамтуға мүмкіндік берсе, онда су жылыту қазандықтарының қуаты 3-жылу электр орталығының қуатынан екі есе асады. Қазандықтар бірінші кезекте тапшылық болжанатын учаскелерді жылумен қамтамасыз етеді», дейді А.Көлгінов.
Елордалықтар газдандыру жүйесіне дән риза
Ел астанасында орналасқан елді мекендердің тұрғындары үйінің көгілдір отынға қосылғанына қуанады. Мәселен, Заманбек Әлкейұлы былтыр Көктал-2 елді мекеніне көшіп келіп, үйіне газбен жылыту пешін орнатуды жөн көрген екен. «Былтыр желтоқсан айында көшіп келдік. Содан бері газ қолданамыз. Бұл өте ыңғайлы, әсіресе жасы үлкен кісілерге тиімді. Көмір сияқты ауаны ластамайды, экологиялық тұрғыдан – таза, денсаулыққа пайдалы. Бәріңізді газға көшуге шақырамын. Көгілдір отын арқылы экологиямыз жақсарады», дейді З.Әлкейұлы.
Ал қала тұрғыны Айсұлу Аусарова болса, «Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Өзім сол ауданда, жеке үйде тұрамын. Өткен жылдың желтоқсанында газ орнаттық. Бізге қатты ұнады. Жылы, өте ыңғайлы, бағасы да көмірге қарағанда тиімді. Енді өзім жұмыс істейтін балабақшаны да газға көшіру жоспарланып отыр. Қуанышымызда шек жоқ», деп ағынан жарылды.
Көмірді көгілдір отынға айырбастаған елордалық тұрғынның бірі – Светлана Свобода. «Үйіміз жылы, бұрынғымен салыстырғанда тазарып қалды. Көмір жаққаннан кейін жылына бір рет ақтап тұратынбыз. Қазір олай емес. Сол сияқты тиісті мекемелер де кез келген жағдайда көмектеседі, тіпті құжаттарға байланысты қиындық болса да көмектесіп, кеңес береді», дейді қала тұрғыны.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында көгілдір отынды үйімізге кіргізіп отырмыз. Үйің жылы болса, жүрегің де жылы болатыны рас. Кешелі бері газ берілді. Түнде әдеттегідей пешке көмір салу үшін оянған жоқпыз. Ұйқымыз тыныш болды. Ал үйіміз әдеттегіден таза, температура бірқалыпты. Көмір жағып жүрген кездері жертөлеге бірнеше рет түсіп, пешке қара отын салып отыратынмын», дейді Оңтүстік-шығыс тұрғын алабында тұратын Ерден Омаров.
Көгілдір отын көмірден арзан
Газға көшу экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсер ететіні белгілі. Елбасы өз Үндеуінде де осы жайтқа айрықша назар аударған. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі көгілдір отынның экологиялық жағдайды жақсартуынан бөлек, қала тұрғындарына ауыртпалық түсірмеуіне де баса мән беріп отыр. Мәселен, газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 38,3 теңгеге дейін төмендеді (бұрын бір текше метр үшін бағаны 60 теңгеге белгілеу болжанған болатын).
Қаланы газдандыру жұмысы басталғаннан бері тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлерін көгілдір отынға қосуға көмек көрсету мәселесі қарастырылды. Бір жолғы әлеуметтік көмек зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі ересектерге, ерекше бала асырап отырған отбасыларға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі. Сомасы – 263 мың теңге.
Қала әкімдігі жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жеке сектор тұрғындары үшін есептегіштерді тегін беру мәселесі де қарастырылды. Ал «Halyk bank» АҚ және «ECOJER» қауымдастығымен елорда тұрғындарына үйлерін газға қосу үшін пайызсыз несие беру жұмысы ұйымдастырылды.
Түптеп келгенде көгілдір отын көмірмен жылытудан да арзанға шығады. Қазір елордада көмір жеткізушілермен жасалған келісімнің нәтижесінде қара отынның құны тоннасына 9500 теңгеден басталып, 13500 теңгеге дейін жетеді. Бұған жеткізу, тасымалдау құнын қосыңыз. Қайткен күннің өзінде – көгілдір отын тиімді. Мұны тұрғындар да түсініп келеді. Есесіне елорданы газдандыру жұмысы аяқталған соң қаладағы экологиялық жағдай да жақсара түседі.