Экономика • 15 Қазан, 2021

Қарағандыда спецкокс өндірісін ұлғайтады

372 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа зауыттың құрылысы ERG (Еуразиялық топ) құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ-тың өнеркәсіп алаңында басталып кетті. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қолға алынған ең маңызды жобалардың бірі. Жалпы, «Шұбаркөл көмір» АҚ – еліміздегі ең ірі энергетикалық көмір өндірушілердің бірі. Мұнда көмірді терең өңдеу бағдарламасы жақсы жолға қойылған.

Қарағандыда спецкокс өндірісін ұлғайтады

Жаңа зауыттың басында өткен капсула салу рәсіміне Қа­ра­ғанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ERG директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибра­гимов, «Еуразиялық топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов пен «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов қатысты.

Бұған дейін де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев импорт алмастыру саласын жетілдіру керек екенін сан мәрте айтқан болатын. Им­порт алмастыруға қатысты елде мемлекеттік бағдарлама да бар. Жаңа зауыт – ERG-дің сол бағ­дарламаға қосқан үлесі.

– Қазақстанда ERG-дің бас­қа да ауқымды жоспарлары бар. Таяу жылдары біз жаңа жоба­ларға және қолда бар өндірістерді жаңғыртуға 6 млрд доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отырмыз, – дейді ERG директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов. – Спецкокс өндіретін зауыт салу – Шұбаркөл көмірі мен ERG-дің өз қуатын арттырып келе жатқанының айқын дәлелі. Біз жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайтып, қалпына келтіргіш импорттың маңызды бөлігінен бас тарта аламыз. Осы­лайша, біздің топ өндіретін фер­рохромдағы қазақстандық үлесті арттырамыз.

Жалпы, Қазақстан бойынша спецкоксқа сұраныс – жылына 1 млн тоннадан асады. Бұл де­ректі Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы да растай алады. Қа­зір спецкокстың көп бөлігі Ре­сей мен Қытайдан импортталады.

Ал 2005 жылы Шұбаркөл көмір алаңында салынған зауыт осы күнге дейін «Шұбаркөл көмір» АҚ кокс-химия цехында шамамен 200 мың тонна өнім өндіріп келген еді. Қара металлургияның дамуына байланысты оның өнімдеріне сұраныс жоғары болып келді.

Еуразиялық топ (ERG) құра­мындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ – көмірді ашық әдіспен өндіретін компания. Кәсіпорын спецкокс­пен бірге кокс газынан электр қуатын да өндіре алады.

Жылына 400 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отырған жаңа кәсіпорында 120 жұмыс орны ашылады. Жұмысшылар мұнда жылына 72 мың тонна көмір шайыры мен көмір майы­н өндіреді. Ал өндірісте қол­да­нылатын шикізат – Шұбаркөл кенішінің «Д» маркалы көмірі болады.

Жаңа зауытты Sinosteel Equipment and Engineering CO LTD. компаниясы жобалаған. ЕРС-келісімшарттарына сәйкес бүкіл құрылысты, сондай-ақ іс­ке қосу-жөндеу жұмыстарын China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co Ltd. (NFC China) ком­­паниясы атқарады.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл зауыт – импорт алмастыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған табысты жобалардың бірі. «Жобаға 40 млрд теңге инвес­тиция құйылады. Барлық нор­маға толық сәйкес келетін зама­науи жабдықтар жеткізіледі. Технологияларды қолдану есе­бінен Нұра ауданында жоспарланып отырған спецкокс өндірісі жаңа әрі заманауи зауыт болады», деді әкім.

Атап айтқанда, жобада пи­ролизді орнату алаңында скри­нинг, ұсақтау және тасымал­дау, көмір мен жартылай кокс­ты сақтау және тасымалдау кезінде пайда болатын көмір шаңын қармап қалуға ар­налған аспирациялық жүйе қарас­ты­рылған. Бұдан бөлек электр қуа­тын, жылу мен суды үнем­дей­тін энергия үнемдеу жө­ніндегі іс-шаралар кешені әзір­ленген. Технологияда пайдаланылатын барлық су ресурстары мен ластанған ағындар тазартылып, сумен жабдықтау айналым жүйе­сіне қайта жіберілетін болады.

– Нысан өндіріс қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғаудың ең заманауи озық технологиялық шешімдері мен автоматиканы пайдаланады. Қазақстан заң­намасының барлық нормаларына толық сәйкес келеді, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ пре­зи­денті Р.Ибрагимов.

Жаңа өндіріс орны 2023 жылы пайдалануға беріледі. Зауыт ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін толық қам­тамасыз етіп, өнімдерді экспорттау мүмкіндігін де қарастырады.

Шұбаркөл көмір – Қазақ­стан­дағы жоғары сапалы ірі көмір өндіруші. Бұл кәсіпорынның көмірі төмен күлділігімен (бар­лығы 4%) де, жоғары кало­рия­лылығымен (6000 ккал/кг дейін) де ерекшеленеді. Осындай біре­гей сипаттамалары арқылы шұ­баркөл көмірі тұрғын үйлерді жылыту үшін өте тиімді энергия көзі саналады және заң бойынша экологиялық таза энергия тасымалдаушы. ERG Еуропа мен Азияның және дүние жүзінің басқа да 20-дан астам еліне көмір жеткізеді.

Осындай жетістігі бар Шұ­бар­көл еңбек ұжымы кеше салынған капсулаға арнайы хат жазып қалдырды. Бұл жолдау­ды енді компания қыз­мет­кер­­лері 2071 жылы ашып оқи алады.