Қазақстан • 15 Қазан, 2021

Қауіпсіздігіміз қаншалықты?

625 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл сайын жаңартылып жарияланып тұратын қауіпсіз елдер рейтингі тағы да көпшілік назарына ұсынылды. Ең қауіпсіз елдер тізімінде Қазақстан 98-орыннан көрініпті. Ал рейтингке қатыстырылған бүкіл мемлекет саны – 137.

Қауіпсіздігіміз қаншалықты?

Бірінші жартыжылдық қоры­тын­дысы бойынша рейтинг жасаушы Numbeo тарапынан Қазақстанға берілген индекс – 46,23. Бұл көрсет­кіш қаншалықты жоғары болған сайын мемлекет қауіпсіз елдер санатына жақындай бермек. Егер индекс 20-дан төмен болса мемлекет қауіпсіздігі сын көтермейді деген сөз. 20 мен 40 аралығы – төмен деңгей, 40 пен 60 аралығы – орташа, ал 60 пен 80 аралығы – жоғары саналса, 80-нен жоғары индекс алған елдер – жоғары деңгейдегі қауіпсіз ел болып есептеледі.

ТМД елдері ішінде үздік ондық­қа кірген ел – Армения 10-орында. Ал Әзербайжан – 34, Өзбекстан – 37, Ресей – 52, Мол­дова – 76, Украина – 81 пози­цияға орныққан. Қырғызстан мен Беларусь елдерінің жағдайы бізден де төмен. Ал ең қауіпсіз елдер мәртебесін – Қатар, БАӘ, Тайвань иеленген. Елімізде жыл басынан бері 114 мың қылмыстық тәртіп бұзушылық жағдайы тіркелген. Оның 30 мыңға жуығы – ауыр және аса ауыр қылмыстар. Бұл тұрғыдан еліміз 2020 жылдағы жағдайды айнытпай қайталаған. Есепке алынған қылмыстардың ең көбі Алматыға тиесілі болып шықты: 18,1 мың жағдай. Бұл қылмыстың азайғанын көрсетеді: яғни былтырмен салыстырғанда 7,2 пайызға төмендеген. Антикөш­басшылардың ішінде Нұр-Сұлтан (11,6 мың қылмыс, +33,7 пайы­з) және Алматы облысы (10,8 мың қылмыс, +4,7 пайыз) бар. Ең аз қылмыс тіркелген өлке – Қы­зылорда облысы. Байырғы астанамызда жарты жылда 2,6 мың қылмыс дерегі тіркелген, бұл 2020-мен салыстырғанда 9,5 па­йызға аз көрсеткіш.

Finprom агенттігінің жазуынша, тіркелген қылмыстардың басым бөлігі – орта дәрежедегі ауыр қылмыстар екен. Оның саны – 50,8 мың. 16,7 мың жағдай үлкен емес деңгейдегі қылмыстар санатына жатса, тағы 27,3 мың бұзушылық – ауыр, 1,6 мың бұзушылық – аса ауыр қылмыстар ретінде тіркелген.

Статистика ішінде негізінен ұрлық (38,7 мың жағдай), алаяқтық (29 мың), ұсақ-түйек ұрлық (7,8 мың), есірткі құралдары мен пси­хо­троптық заттарды сату мақ­са­тынсыз заңсыз ұстау (4 мың), жол қозғалысы ережесін бұзу (2,3 мың) қылмыстары жиі ұшырасады.