Театр • 15 Қазан, 2021

Мүсірепов театрының тәуелсіздікке тартуы

503 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Театр сүйер қауым үшін көптен күткен өнер майрамы! Алдағы демалыс күндері бас қала төрінде Алматының Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұжымы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында гастрольдік сапарын өткізеді. Талантты труппа елорда көрермендеріне үш күн бойы қызықты қойылымдарын тарту етеді.

Мүсірепов театрының тәуелсіздікке тартуы

Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында өте­тін өнер шеруінде 15 қа­зан күні І.Жансүгіровтің «Құ­ла­гер» саунд-драмасы, 16 қазанда С.Мұратбековтің «Жу­сан иісі» және қазанның 17-сі кү­ні Ә.Нұршайықовтың «Ма­хаб­­бат, қызық мол жылдар» қо­йылымдары көрермен назарына ұсынылады. «Құлагер» мен «Махаббат, қызық мол жылдар» спектакльдері театрдың көркемдік жетекшісі, жас та болса театр әлеміне тыңнан түрен салып жүрген талантты режиссер, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Фархат Молдағалидің режиссерлік қол­­таңбасына тиесілі болса, қазақтың классик жазушы­сы Сайын Мұратбековтің 85 жыл­дығына тамаша тарту бол­ғалы тұрған «Жусан иісі» драмасын соңғы уақытта театр ке­ңістігінде есімі жиі аталып жүрген еліміздегі жаңашыл режис­серлердің бірі Жұлдызбек Жұманбай сахналады.

Ұлтымыздың үш бірдей ұлы қаламгерінің әдеби шығармасын сахна тілінде сөйлетіп гастроль­дік бағдарлама бәсін биіктеткен ұжым жұмысы шын мәнінде қызығушылық тудырады. Әсі­ресе, талай додада топ жарып, театр мамандарының жо­ға­ры бағасын алып үлгерген «Құ­лагер» саунд-драмасының сахналану сыны мен сыры бөлек. Ал кішкентай көрермендер үшін 16 қазан күні ойналатын орыстың әйгілі «Жеті лақ» ерте­гісінің желісінде жазылған Ш.Үмбетқалиевтің «Туған күн» қойылымы да 75 жылдық тарихы бар театр гастролінің ажарын аша түсері сөзсіз.