Елорда • 15 Қазан, 2021

LRT құрылысының қашан аяқталатыны белгілі болды

826 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында қала әкімі Алтай Көлгінов банктердің бірі LRT құрылысын жалғастыру үшін қаржыландыруға қатысатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

LRT құрылысының қашан аяқталатыны белгілі болды

Сессия жұмысында LRT құрылысы мәселесі көтерілді. Құрылысы аяқталмаған бағандар қала мен әуежайға баратын жолдың көркін бұзып тұрғаны айтылды.

«LRT мәселесі біраздан бері талқыланып келеді. Оның проблемасы қайдан пайда болды? Біріншіден, екінші деңгейлі банк банкротқа ұшыраған кезде сол жерде қаражат бұғатталып қалды. Екіншіден, осы мәселеде заң бұзушылық болды. Үшіншіден, қазір ең негізгі мәселе – ол қаржыландыру. Бұл жобаға қомақты қаражат керек. Осыған дейін біршама жұмыстар атқарылғанын білесіздер, орнатылған инженерлік құрылыстар қаланың сәнін келтірмей тұрғаны рас. Бірақ басталған жұмыс аяқталуы керек», деді А. Көлгінов.

Оның айтуынша, бір жылдан астам уақыт бойы әкімдік банктермен тиісті келіссөздер жүргізді.

«Бұл жобаны іске асыруға банктер қосылуға қауқарсыз болып тұр. Сондықтан министрлікпен бірге конкурс жарияладық. Қазіргі кезде тиісті банк өзінің келісімін беріп жатыр, оны алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Яғни олар келісімшартқа қол қойғанан кейін айтамыз. Жоспар – жобаны аяқтау. Қазір әуежай жақта бір шақырымнан астам балкалар орнатылды», деді қала әкімі.