Қаржы • 18 Қазан, 2021

Ипотекалық несие көлемі өсті

722 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елдегі ипотекалық қарыз көлемі 2,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл сома – экономикаға берілген жалпы несиенің 17 пайызы. Тұрғын үй займын беру бойынша «Отбасы банк» (58 пайыз), «Сбербанк» (17 пайыз) және «ЦентрКредит Банк» (13 пайыз) алдыңғы қатарда тұр.

Ипотекалық несие көлемі өсті

Ипотекалық несие рәсімдеу­шілердің басым көбі Алматы (23,2 пайыз) мен Нұр-Сұлтан (28,6 пайыз) қалаларынан екен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, соңғы жылдары ипотекалық кредит беру көлемінің айтарлықтай ұлғаюына қарамастан, оның ішкі жалпы өнімге қатынасы (3,8 пайыз) ЕАЭО-ға қатысушы елдерден айтарлықтай төмен. Мұндай көрсеткіш Ресейде – 9,5, Беларусьте – 6,7, Арменияда 6,7 пайызды құрайды екен.

Ұлттық банк ұсынған ақша-несие статистикасына мән берсек, биыл қаңтар-тамыз айларында жаңадан берілген ипотекалық қарыздар көлемі 2020 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе, 1 032 млрд теңгеге дейін өскен. Бұл 2020 жылы берілген қарыздардың жылдық көлемінен 6,6 пайызға жоғары екен (2020 жылы 967,7 млрд теңге болған). Ипотекалық қарыздардың өсе түсуіне зейнетақы қорындағы жинақтарды мерзімінен бұрын пайдалану шарасы да оңтайлы әсер еткен. Азаматтардың біразы ипотекамен үй алу үшін зейнетақы жинағындағы қаражатты алғашқы жарна ретінде пайдаланған еді.

«БЖЗҚ» АҚ деректері бойынша биыл 5 қазанда 1,9 трлн тең­ге тұрғын үй мәселесін шешуге ба­ғыт­талса, оның ішінде 198,7 млрд теңге (11 пайыз) ипотека алу үшін бастапқы жарна салуға жұмса­лып­ты. Ал ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара/толық өтеуге 296,4 млрд теңге (16 пайыз) кеткен.

«Бұл ретте 1,3 трлн теңге көлеміндегі (70 пайыз) зейнетақы төлемі баспана сатып алуға жібе­рі­ліп, бұл жылжымайтын мүлік бағасына қысым көрсетті. 2021 жыл­дың басынан бері бастапқы тұр­ғын үй бағасы – 11,7, қайтала­ма тұрғын үй бағасы 19,5 пайызға өсті. Мемлекеттік тұрғын үй бағдар­ламаларының ықпалымен ипоте­калық қарыздар бойынша ор­таша алынған сыйақы мөлшер­лемесі қарыз алушылар үшін тартымды болып, Ұлттық банктің база­лық мөлшерлемесінен төмен деңгейде сақталып отыр. Ипоте­калық кредиттер бойынша орташа алынған мөлшерлеме 2021 жылғы тамызда 7,9 пайыз (2020 жылғы желтоқсанда – 7,5 пайыз) болды» делінген хабарламада.

Агенттік дерегінше, жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның өсуі ұсыныстардың ұлғаюына қарамастан жалғасып жатыр. Биыл 8 айда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 10,5 пайызға ұлғайып, 8,9 млн шаршы метр болған. Бұл ретте тұрғын үйге сұраныстың үлкен қарқынмен өскенін сату-сатып алу келісімдері де растайды. Биыл мұндай келісімдер 2020 жылдың сегіз айымен салыстырғанда 2,1 есе (177,6 мың мәміле) ұлғайып, осы жылы 8 айда 370,2 мың мәмілеге жеткен.

Ипотекалық қарыздар бойынша халықтың борыш жүктемесі салыстырмалы түрде төмен, бірақ оның ұлғаю үрдісі байқалып жатыр екен. Мемлекеттік несие бюросының деректері бойынша, бір қарыз алушыға берешектің орташа сомасы жыл басынан бастап 10,4 пайызға ұлғайып, 8,4 млн теңгені құраған. (01.01.2021ж. – 7,6 млн теңге). Ипотекалық қарыз бойынша борыштың орташа сомасының ұлғаюы – жылжымайтын тұрғын үй бағасының өсуімен байланысты.

Қарыз алушылардың басым көпшілігінің (69 пайыз) 10 млн теңгеге дейінгі сомаға берешегі бар. Ипотекалық портфель сапа­сы­ның жақсаруына – ипотекалық кредит берудің қолайлы талаптары, қарыз алушы­лар­дың төмен берешегі және ипотекалық қарыздар портфелінің өсуі әсер еткен. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар ипо­текалық қарыздардың көлемі жыл басынан бері 0,6 пайыздық тар­маққа төмендеп, 46 млрд теңгені немесе 1,7 пайызды құраған.

«Жеңілдікті ипотека бағдар­ла­малары ауқымының кеңеюі, ипотекалық кредит беру талап­тарының жеңілде­тілуі және жыл­жымайтын тұр­ғын үй на­рығына зейнетақы жинақ­тары­­ның түсуі аясында ипо­тека­лық қарыздар беру айтар­лық­тай жеделдеді. Ипотекалық портфельдің айтарлықтай ұл­ға­юы­на қарамастан, қарыз алушы­лардың борыш жүктемесі және ипотека­лық портфельдегі жұмыс істемей­тін қарыздардың үлесі төмен деңгейде қалып отыр» деп жазады агенттік.