Өнер • 19 Қазан, 2021

Елордада «Мұқағали» фильмінің тұсаукесері өтті

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында белгілі режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» фильмінің тұсаукесері өтті. Аталған кинотуынды қазанның 21-ші жұлдызында ұлттық прокатқа шығады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада «Мұқағали» фильмінің тұсаукесері өтті

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған кинотуынды ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.

Фильмнің тұсаукесеріне ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев, фильмнің режиссері Болат Қалымбетов, картинаның тең сценарий авторы Жүсіпбек Қорғасбек, басты рөлді сомдаған актер Асланбек Жанбалаев, қоюшы суретші Ермек Өтегенов, сондай-ақ еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары қатысты.

«Қазақфильмнің» президенті Ақан Сатаев фильмнің түсіру тобы мен астаналықтарды тұсаукесермен құттықтап, бұл көрсетілім пандемия басталғалы бері Нұр-Сұлтанда өткізіліп жатқан киностудияның алғашқы мәдени іс-шаралардың бірі екенін айтты.

Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыровпен бірге жазды.

«Мұқағали – біздің ұлттық мақтанышымыз. Ол – қазақ поэзиясына шексіз кеңістік пен бұрын-соңды болмаған биіктерді әкелген ақын. Тағдыр оны өмірдің тұңғиығынан тастап, әбден сынады. Бірақ ол барлық сынақтарды табандылықпен жеңіп, тізе бүкпестен қабылдады. Әрине, мен де оның шығармашылығымен бала кезімнен таныспын. Оның шығармалары маған өмірде бірнеше рет көмектесті, бағыт берді, үміт сыйлады. Мұқағали Мақатаев туралы фильм түсіру идеясы 15 жылдан астам уақыт бойы көкейімде жүрді. Осы уақыт ішінде мен ол туралы ақпарат жинап, ақынның көзін көрген жандармен кездестім», деді картинаның режиссері Болат Қалымбетов.