Руханият • 21 Қазан, 2021

Үлкен қалада адасу

569 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алқаракөк аспанды қақ жарып, зеңгір көктің үстінде қалқыған ұшақпен бірге, біз де арман биігінде тербеліп келеміз. Терезеден тысқа көз салсақ ақ бұлттардың арасында әдемі ақ кемелер ұшып жүргендей көрінеді. Ақ ұлпа мамықтар түпсіз теңізге бір батып, бір шыққан қалтқыдай қозғалады. Босфордың кемесі бұлттан, бұлты кемесінен көп  екен. Әйтеуір, Еуропа мен Азияны бөліп тұрған алып бұғазды одан сайын әсерлі ете түсетін осы екеуі секілді. Ақ бұлтақ кеме. Осы көрініске таңданып, тағатсыздана отырғанда межелі жерге жеттік. Алдымыздан алып Ыстанбұл күтіп алды.  

Үлкен қалада адасу

Ұшақ терезесінен қара­ға­ным­­да құмырсқаның илеуін­­дей көрінген біртекті үй­лер балаң ойымды тіпті әр­лендіріп жібергендей. Жер-Ана құшағының кеңдігіне ме, тұмса табиғаттың тамаша тартуына ма, әлде ұшы-қиыры көрінбейтін қаланың маңғаз болмысына, мүмкін өркениетінің шырқау биігіне болар, әлденеге көңіл масайрап тұр. Қарақұрым халық­тың арасына еніп кетіп, бар әсерді бойымыздан өткізгі­міз келетін далалық түйсік те жоқ емес.

Біз көне шаһарға қыды­руға келгеніміз жоқ. Бірнеше күн мамандық бойынша тә­жірибе алып, білім шың­дауға барғанбыз. Негізгі ба­ғы­­­ты­мыз – осы. Десе де, үл­­кен қа­ла­­ның қызығына еніп кету­ге кетәрі емеспіз. Осы­лай­­ша сабақты ертерек аяқ­тап, бәрі­міз Ыстанбұлды та­ма­ша­лауға аттандық. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Алып шәрі алақанына са­­лып ая­лаған жоқ. Адаса бас­­та­ған ал­ғашқы бұрылыс­та-ақ қала тұрғындары жол сұраған біздің сөзімізді жүре қа­былдады. Жөн сұрап мү­сә­пір күй кешкенімізде беті­мізге бедірейіп қарады да қой­­ды. Көлік жүргізушілерге де ал­­дандық. Турист екені­міз­ді сезе қойып, жолға артық ақ­ша алды. Оны сездік, бірақ қар­сылық таныта алмадық. Сөйте тұра ол ренішімізді қа­ла­ның қарбаласына теліп қо­йып жүре бердік. Басқа ама­­лымыз жоқ екенін, жүре берсек көре беретінімізді түсіндік.

Сөйтіп, үлкен қалада адас­тық. Есіме өзіміздің астана орал­ды. Иә, иә, бұл сәт ме­нің ба­сымнан бұрындары да өт­кен. Ауылдан қалаға кел­ген қар­шадай қыздың тар көше­лерде адасқаны әлі де көз алдымда.

Бұл қалада бір-бірімен қыз қуу ойнаған қуыршақ көлік­термен аялдамадан келесі аял­дамаға аяңдап басқан авто­­бустар ғана тұратын сияқ­ты еді. Көбіне баратын жерің­нен жаңылып, жол іздеп жүресің. Көше бойлап жан-жағыңа көз қадайсың. Алдың­нан кезік­кеннің көбі­нің жүзі таныс, бұрын жолық­қан кісің секілді көріне­ді. Алайда саулық сұрамайсың, жөн сұрайсың. Көбіне «білмеймін» деп ернін жыбыр­латқан бейнелерді көре­сің. Соңында одан да кө­ңілің қалып, ешкім­нен жөн сұрамауға бекі­несің. Қала адамды осылай қатайтады. Осылай көп нәр­сеге таңғал­майтын, өзің және әлем ғана барын мойындайтын тас қала тұрғынына айналасың.

Өмірдің кей сәттерінде де осы көрініс бар. Әсіресе, қо­ғамда аға буынның кейінгі тол­қынды мойындамауы, жөн сілтеп, жылы қабақ таны­та ал­мауы жастардың адасу­ы­­на итермелемей ме? Ал кері­­сінше жасы кішінің үл­кен­д­ерден кеңес алып, жол сұ­ра­мауы, өзім білемдікке са­лы­­нып, менмендікке бой ал­дыруы өздерін одан әрі ты­ғы­рыққа апармай ма? Бұл әрине, екі толқынның ара­сын­дағы көрінбейтін көпір жо­ға­лады деген сөз емес. Тек ол «көпір» жөнделмей қала ма деген қауіп...

Үлкен қалада күніне сан алуан оқиғаны, әртүрлі жағ­дайды бастан өткіземіз. Соның әрқайсысына өзімізше кесім айтып, сырттай баға беретініміз жасырын емес. Тіпті, сүріністеріміз бен қате­ліктерімізді жинап-теріп, түйін түйе жүретініміз де бар. Біздің жаңсақ пікірі­міз, орашолақ ойымыз, кісіге деген көзқарасымыз біздің мәдениетіміздің дәрежесін әш­керелейтіні тағы бар. Сон­дағы ойымыз бір кезде қала­ға даланың жусан иісін ала келген болмысымыз аз уақыт­та қаланың шаңын жұқ­ты­­рып алған секілді. Соны жуып кеті­ре алмай, қағып тү­сі­ре алмай жүрген жоқпыз ба?

Иә, алып қала қайнап жат­қан тайқазан секілді. Оның бетін­де қалқыған майы да, түк­ке жарамсыз құр көбігі де бар. Соның қайсысын қал­қып жүрміз? Қызығы, қала қал­ғы­майды, үнемі ояу.

Осыны айтып күбірле­генде қасымдағы серігім елең ете қалды. Ұшақ та көк­ке көтеріле бастаған екен. Келе­сі келгенде жөн көрсетер жан та­бы­лар. Біз өзіміз адасып үй­ренген астанамызға қайт­тық. Үлкен қалада адасып жүріп, арманына жеткендер аз...