Өнер • 20 Қазан, 2021

Елорда – өркен жайған өнер төрі

536 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көзіқарақты көрерменнің талғамын таразылап, рухани көкжиегін кеңейтетін бірден-бір өнер ордасы – театр. Алайда «жаман тұмау» жағадан алған сәттен бері жалғыз театр ғана емес, көптеген көпшілік орынның есігі тарс жабылған еді.

Елорда – өркен жайған өнер төрі

Індетті ел болып еңсеріп, ұжымдық иммунитет қалыптаса бастаған соң өнерге деген өшпес ынтызарымыз да қайта ояна бастады. Мәселен, елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен 28 қазан мен 1 қараша аралығында ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week атты театр фестивалі қанат жаяды.

Ел егемендігінің 30 жылы ішінде ел­орданың мәдени өмірі ауыз толтырып айтарлықтай өзгерді. Осы жылдар ара­лы­ғында бас қалада 10-нан астам театр ашылды. Бұл қадам ең алдымен жастардың жан сұлулығын қалыптастырып, онсыз да дүбірге толы дүниеде бір сәтке болсын қала тұрғындарының ой-өрісін өрге сүй­реуге арналғаны анық.

Сонымен ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week деп аталған театр фестивалі не фестиваль? Оған қандай ұжымдар қатысады? Қойылымдар қашан, қайда қойылады? Оны да айтайық. Білуімізше, аталған театр апталығында елорданың және шетелдің 11 ұжымы өнер көрсетеді. Бес күнде бас қаланың тұрғындары бас-аяғы 20-дан астам қойылымды тамашалайды. Мәселен, көрермен «Астана Опера» театры мен Қ.Қуанышбаев атын­дағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының үкілеген үздік қойылымдарын көріп, көзайым бола алады. Сондай-ақ Ә.Мәмбетов атын­­дағы мемлекеттік драма және коме­дия театры, М.Горький атындағы мем­лекеттік академиялық орыс драма театры, мемлекеттік «Қуыршақ» театры, жас кө­рермендердің музыкалық театры, «Жас­тар», «НАЗ», Astana Musical театры да өз өнерлерін ортаға салды.

Фестивальдың құрметті қонақтары ретінде елордаға Ресейдің бірнеше өнер ұжымы да ат басын бұрады. Олардың қа­тарында С.Образцов атындағы мемле­кеттік академиялық орталық қуыршақ театры мен Кіші Броннаядағы Мәскеу драма театрының шығармашылық ұжымда­ры бар. Көрермендер театрға тек Ashyq қосымшасы арқылы кіре алады. Сондай-ақ бетперде тағу режімі мен әлеуметтік қашықтық міндетті түрде сақталуы тиіс.

Бес күн бойы елорданың театр сахна­ларында фестиваль қатысушылары өздерінің жетекші спектакльдерімен өнер көрсетеді. Сондай-ақ шеберлік сыныптары, заманауи және бейнелеу өнерінің көрмелері ұйымдастырылады. Фестиваль бағдарламасында «Қыз Жібек» операсы, «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы, «Құнанбай», «Жарқанат», «Ромео мен Джульетта», «Жібек» спектакльдері, «Жизель» балеті және тағы басқа қойы­лымдар бар.

– Бұл мәдени іс-шараның мақсаты мәде­ниет қайраткерлерін қолдау, көрер­мендер үшін де, фестиваль қатысушыла­ры үшін де мерекелік көңіл күй қалыптасты­ру болып саналады. Осы фестивальды өткізуге алғаш рет қаланың барлық инфрақұрылымы, соның ішінде шағын және орта бизнес тартылады. Театр ап­та­лығы кезінде көрмелер, театр сахнасының жетекші театрлары мен мэтрлерінің түрлі шеберлік сыныптары ұйымдастырылады, сондай-ақ қала тұрғындары арасында спектакльдердің қызықты премьералық қойылымдарына билеттер ойнатылады. Театр апталығын ұйымдастыруға қатысты барлық ақпарат www.visitnursultan.kz сайтында орналас­тырылады, дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен 29 қазанда Мельпоменнің елордалық қызметшілері көрерменге алты түрлі қойылым ұсынады.

Күндіз сағат 11:30-да «Наз» мемле­кеттік би театры Абай Құнанбаевтың аяқ­­­тал­маған «Әзім әңгімесі» атты хорео­гра­фия­лық спектаклін көрсетеді. Қойылым адам­дардың байлық үшін қандай айла-амалдар мен арсыз әрекеттерге бара алтын­дығын баяндайды. Қоюшы-хореограф­тар – С.Дүзбаев, А.Беглова, У.Изенаев, М.Байболова. Музыканың авторы және редакторы – К.Еран.

Елордалық «Қуыршақ» театры кіш­кентай көрермендерге арнап Г.Ан­дер­сеннің «Дюймовочка» ерте­гісін дайындады. Қойылым әлемдегі ең кішкентай қыз бен оның достарының шытырман оқиғалары туралы баяндайды. Басталуы сағат 14:00-де. Қоюшы-суретшілер – Е.Сәр­сенбаев, А.Сырбаева.

Astana musical театры көрермен­дер­ді Qazaqstan орталық концерт залында ағылшын драматургі Рэй Кунидің «№13» комедиясын көруге шақырады. Оқиға желісі 13-ші нөмірлі қонақүй бөл­месінде өрбиді. Сюжетке сәйкес, нөмір­де ықпалды саясаткер өзінің хатшысымен және қарақшылармен кездеседі. Тонаушылардың кесірінен кейіпкердің біреуі көз жұмады. Қалған кейіпкерлер осы оқиға туралы полицияға хабарлай алмай әбігерге түседі. Себебі есімі елге белгілі шенеунікке жағымсыз сұрақтар қойылатын еді. Сонымен 13-нөмірде оқиға қалай өрбитінін көрермендер 29 қазанда сағат 19:00-де көре алады. Қойылым режиссері – Astana musical театрының көркемдік жетекшісі Еслям Нұртазин.

Сол уақытта Қ.Қуанышбаев атын­да­ғы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында. Т.Әсемқұловтың «Құнанбай» драмасы ұсынылады. Спектакль-көрініс көрермендерді қазақ халқы үшін күрделі тарихи кезеңге жетелейді. Қоюшы режис­сері – Болат Ұзақов, қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов.

Жас көрерменнің музыкалық театры ұлы Абайдың жастық шағындағы оқиға­ларға негізделген Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасын та­­ма­ша­лауға шақырады. Қойылымда ақын­­ның Тоғжанға деген махаббаты, оның бас­тан кешкендері мен ішкі дүние­та­­ны­­мы баяндалады. Қоюшы режиссері – Қа­зақ­­станның еңбек сіңірген қайраткері Ас­­хат Маемиров. Басталуы – сағат 16:00-де.

Сол күні кешке көрермен «Жастар» театры­ның әртістері сахналайтын У.Шекс­­пирдің «Асауға тұсау» комедия­сын тама­шалай алады. Көрерменді кейіп­кер­лердің диалогы мен мінез-құлқы, тап бол­ған әзілге толы жағдайлары қызық­ты­­рады деп сенеміз. Комедияның режис­сер­лері – Нұрқанат Жақыпбай, Бекболат Құр­ман­ғожаев және Дәурен Серғазин. Спектакль 29 қазан күні сағат 19:00-де өтеді.

Бағдарлама аясында 30 қазан күні кешкі сағат 19:00-де жас көрерменнің му­­зыкалық театры Н.Мошиннің «Дүние-ғапыл» метафизикалық драмасын көру­ге шақырады. Қойылым авторлары өмір­дің мәні мен маңызын, адамның жан дүниесін көрсете отырып, адамзат баласы үшін ортақ тақырыпқа жүгінеді. Қою­шы-режиссер және сценограф – Асхат Маемиров.

Күндіз сағат 17:00-де театр әртістері Ф.Достоевскийдің «Ағайынды Карамазов­тар» романының желісі бойынша «Ұлдар» драмасын көрсетеді. Спектакль жасөспі­рімдердің өмірі туралы баяндайды. Бала тәрбиелеудің, балалармен өзара қарым-қатынас жасаудың өзекті мәселелерін көтереді. Қоюшы режиссері – Ерназар Жаңатілек, аудармасын А.Омаш жүргізді.

31 қазан күні сағат 19:00-де «Жастар» театрының сахнасында Т.Ахметжанның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклі сахналанады. Сюжет желісінде түрлі кедергілер мен қым-қиғаш оқиға­ны, драманы бастан кешіретін қос ғашық­тың махаббат тарихы жатыр. Мұңды әуенмен әрленіп, сағынышпен өрілген бұл махаббат тарихы көрерменді бей-жай қал­дырмайтыны анық. Қоюшы ре­жис­сері – Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов, хормейстер – Әнел Сіргебаева, балетмейстер – Гюзел Мұхамеджанова.

Сол күні «НАЗ» мемлекеттік би теат­ры «Тұғырғындар» хореографиялық спек­­таклін ұсынады. Қойылымда Қа­зақ хан­­­дығы құрылғанға дейінгі ежел­­гі та­ри­хымыз, VI-XI ғасырлар ара­­лы­ғын­­­да Ұлы даланы мекен еткен сақ, ғұн, қаң­лы кезеңдері туралы баян­­да­ла­ды. Көрер­мендер Түрік қа­ға­на­ты­ның қалай құрылғанын және қалып­тас­қанын тама­шалайды. Қоюшы хореограф­тар – Е.Ағым­баев, К.Ағымбаева, М.Айт­мағамбетова. Басталуы – сағат 17:00-де.

Astana musical мемлекеттік театры кө­рермендерді 31 қазан күні сағат 18:00-де COVID-19 би-перформансын тама­шалау үшін Qazaqstan камералық залына шақырады. Хореографиялық спек­такль карантин кезіндегі адамның мәң­гі­лік құндылықтары, ішкі жағдайы, сана­сын­дағы өзгерістер, халықтың абсурд­тық әре­кеттері мен сенімдері, жақындары мен туыс­тарынан айырылған кездегі аза­бы туралы баяндайды. Спектакльдің режис­сері – Әнел Мырзағұлова, музыкалық шы­ғар­малардың авторы – Ақжол Өмірзақов.

Сол күні сағат 11:30-да қуыршақ театрында қазақ халық эпосының желісі бойынша қойылған «Ер Төстік» спектаклі көрсетіледі. Қойылымда қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, ата-ана мен аға ұрпаққа деген қарым-қатынасы көрініс табады. Спектакльде батырлардың ерлігі, туған жерге деген махаббаты туралы баяндалады. Режиссері – Құралай Ешмұратова.

Фестивальдың соңғы күні, яғни 1 қа­ра­шада «Жастар» театрының сахнасында «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қо­йылым ұсынылады. Бұл туындыны та­машалаған көрермен жалпыадамзаттық құндылықтар, өмірдің мәні, жазмыш пен тағдыр туралы ой толғанатыны анық. Спек­такль инклюзивті «Қанаттылар» театры үшін премьералық қойылым саналады. Авторы – Г.Салықбай, режис­сері – Н.Вахитов.