Таным • 21 Қазан, 2021

Жәудір ана

1269 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Есімі ел есіне тамырланып қалған, танымал тұлғалар қазақ топырағында өте көп. Солардың бірі де бірегейі, бүкіл түркі жұртының, араб дүниетанымының ерекше бір кірпіші болып қаланған, аяулы да арда анамыз Жәудір туралы не білеміз?

Жәудір ана

Кейінгі жылдары жұрт жадынан ығысыңқырап бара жатқан Жәудір апамыз жайында өз басым әкемнің әңгімелерінен ептеп білуші едім. Жәудір апаның көзін көрген кісі ғой. Күні кешеге дейін бүкіл Түркістан халқы Жәудір ана мешіт-медресесін, көлемі елу-алпыс гектар келетін Жәудір жүзім­дік бауын тамсана әңгіме ететін. Жәудір ананың білімпаздығы, көріпкелдігі, ұстаздығы, емшілігі, екі рет қажылыққа жаяу барып келгендігі өз алдына бөлек әңгі­ме. Халық айтса, қалт айтпайды ғой. Бала кезімізден құлағымызға сіңісті болған таңғажайып бұл әңгімелердің, құбылыстың құнын бала кезімізде құнттай алмадық. Жәудір апамыз серік болған бірде бір жолсапарды жау алмаған, ит-құс шабуылдамаған екен.

Діни бағытты ұстанғандардың пайымы бойынша Жәудір апамыз Қожа Ахмет Ясауидің туған қызы, әкесінің ізін жалғастырушы тұлға ретінде хатталады. Қожа Ахмет Ясауи мен Жәудір ананың арасында аттай 600 жыл жатқандығын ешкім ескере бермейді... Нақтысын айтсақ, Жәудір апа Қожа Ахмет Ясауидің шөбересінің шөбересі болады. Дұрысы осы.

Көне Түркістан – кереметке толы қала. Бүгінгі күндері Түр­­­кістанда Әмір Темір көреген тұр­ғызған негізгі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі /Әзірет Сұлтан/ тұр. Бұл кесенеден 150 метр оңтүстік шығысында қылует бар. Онан бөлек, түріктер тұрғызған, халыққа қызмет етіп тұрған тағы да бір үлкен, жаңа­дан салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі көңіліңізге жылу ұяла­тады. Бұл екі кесененің арасы 400 метрдей ғана, иықтасып тұр десек те болады.

Ең кереметі, дәл осы түріктер салған жаңа Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен қабырғаласып тұр­ған тағы да бір ағарған көздей, аума­ғы 1 га келетін «Жәудір» ме­шіт-мед­­ресесінің орны бар. Бірақ бұл алтынның сынығы ешқандай да қорым емес. Бұл да кезінде көргеннің көзайымы болған, үл­кен де зор мешіт-медресе, зікір­шілердің орталығы саналған, «Әжі­Ахмет ғибадатханасы» атал­­ған атақты орын еді. Ғиба­датха­нада ӘжіАхмет атамыз қыз­мет жасаған, зікір уағыздарын, сы­йынуларын жүргізген, кісі ем­де­ген, шәкірт тәрбиелеген. Әжі­Ахмет атамыздың өмірінің соңы қылуетпен тікелей байланысты екенін білеміз ғой. Десе де, атамыз қылуетке түскенімен бұл мешіт-медреседен түбегейлі қол үзбеген. Күнделікті зікірін қылуеттен орта­лыққа келіп, уақтылы жүргізіп отыр­ған. Ол үшін қылуеттен ғибадатханаға баратын жерас­ты жолын пайдаланған. Бұл жер­ас­ты жолын біз бала кезімізде көр­дік. Екі кісі еркін сыятындай, қы­зыл кірпіштен төбесі дөңге­ле­ніп қаланған құрылыс еді. Жер асты жолының төбесінің әр же­рінде таза ауа келетін тесіктері, қабыр­ғаларында майшам іздері болатын. ӘжіАхмет атамыздың атындағы бұл ғибадатхана құрылысы, XIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған негізгі кесенеден 150 жылдай бұрын салынған. Яғ­ни
­XII ғасырдың екінші жар­ты­сы­ның өнімі. ӘжіАхмет атамыз қай­тыс болған соң, сүйегі осы ғиба­датханаға қойылған. Әжі­Ахмет атамыз өте беделді кісі бол­ғанын білеміз. Кейіннен Әмір Темір Әжі­Ахмет атамызға арнайы кесене тұрғызды. Құрылыс біткен соң сүйегі осы кесенеге ауыстырылды, басына үлкен көктас қойылды. Біз ӘжіАхмет атамыздың басына қойылған, бұрыңғы кіші көктасын да көргенбіз. Әрі-бері өткен адамдар көздерін сүзіп жүретін. Өкі­нішке қарай, ол жерасты жолын тонап, кірпіштерін Түркістандағы май зауытына пайдаланғандар, кейіннен бұл көктасты да құртып кетсе керек, іздеп таба алмадық.

ӘжіАхмет атамыздың дене­сі жаңа орынға ауыстырылған соң, ескі ғимарат, «ӘжіАхмет ғи­бадатха­насы» қараусыз қал­ды. Зиярат етушілер де жаңа ме­шітке келетін болды. Тарих парақ­шалары ауысып, қазан бетіне дін-ислам қаймақтанды... Неше түрлі әңгімелер ұйымдастыры­лып, біреуді біреу танымастай дәрежеге жеткеніміз де өтірік емес. Мұсылмандыққа ниет ете бас­тағандарға араб ныспылары қосақталды, тіпті, ғұмыр-тари­қаттары, рулары да өзгертілді. Жылдар өте келе бұған сеніп те кеттік. Сайрамда туған Әжі­Ахмет атамыз араб екен... Бұған не дейсіз...

Арада екі жүз жылдай өт­кен­де Әзім әулие пайда болды. Әзім әулиенің де кереметтері көп еді. Өзі білетін, атасы бір «Әжі­Ахмет ғибадатханасының» мүш­кіл халін көреді ғой. Содан бір күні түс көріп, көріпкелдік айта­ды: «ӘжіАхмет аталарыңның әуле­тінен бір мүгедек қыз бала туыла­ды, Түркістандағы «ӘжіАхмет ғибадатханасын» сол ғана орны­на келтіреді, қамқоршы болады» деген екен. Әулиенің айтқаны ай­дай келді. 1810 жылы жарық дүние­ге әр беріп, Қағай батырдың неме­ре­сі Ораз шаңырағына топ етіп Жәудір қыз өмірге келді. Жәудір қыз шындығында мүгедек болып туылды. Молақ болды. Құдайдың кереметімен он жасында қол-аяғының саусақтары бүр жарды, кейіннен кәдімгідей саусақтар өсіп сауығып кетті. Мұндай кереметті осы уақытқа дейін ешкім көрмеген де болар. Жәудір сұлу атанды. Өте көп оқыды, әулиелікке бет бұр­ды. Отыз жасқа келген шағында бой­жеткенге аян келді. Осы аян арқы­лы Жәудір қыз өзінің туып-өскен жері Орқаш елдімекені­нен (Қостанай обл. Қамысты ауд.) кие­­лі Түркістанға жол тартты. Өзі келген күннен бастап атасы «Әжі­Ахмет ғибадатханасын» қол­ға алды. Содан бері атасы «Әжі­Ахмет ғибадатханасы» «Жәу­дір мешіт-медресесі» аталды. Ме­шіт-медресе жанындағы көшеге Жәудір есімі берілді. Жәудір апа­мыз бала оқытты, шәкірттер, қа­ри­лар, имамдар дайындады. Осы шәкірттердің бір-екеуін, қартайған шақтарында мен өзім де көрдім. Менің білуімше, Жәудір ана­ның қосалқы есімдері де болған. Оның бірі – Гауһар ана, екіншісі – Қаракөз! Гауһар ана бұлағының емдік қасиеті бар мөлдір суымен Жәудір апамыз науқастарға шипа дарытса, өзі баптап-күткен жүзім бауын – Қаракөз бауы ата­ған. Осы баудың түсімі арқылы өзінің шәкірттерін асыраған. Олай дейтінім біз білетін Көкентегі Ораз отбасында Жәудірден басқа қыз перзент болмаған. Гаухар ананы Қожа Ахмет Ясауидің туған қызы екен деп адасып жүргендер де бар.

Аяулы Жәудір апамыз елде қалған ағайындарының шақы­руымен, өмірінің соңында, өзінің туған жеріне қайтып келген. Бұл жерде де кішігірім мешіт-медресе салған, балаларды оқытқан. 1918 жылы қайтыс болды. Өзінің аманаты бойынша Орқаш елді меке­ніндегі Әзім әулиенің аяқ жағына қойылды. Биыл Жәудір апаның етжақындары жиылып, басына қара мәрмәрдан құлпытас қойды. Міне, қазақ перзенттері мен аманаттары!

 

Оралбек Бекболат

 

Кентау