15 Ақпан, 2014

Шарапханада сарапқа салатын мәселе көп

548 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шарапхана Қазығұрт асуынан асып түскеннен кейін аудан орталығына сәл жетпей, үлкен жолды жағалай жатқан ауыл. Шарапхана деген атына қарап бұл ауылда бір кездері шарап шығаратын зауыт болған ба, жоқ, әлде шарап сатумен аты шыққан ауыл ма деп ойлап қалатының анық. Бірақ, осы ауылдық округтің әкімі Әбсамат Тойшиевтің айтуына қарағанда, бұл елді мекен атауының шараппен «шатағы», былайша айтқанда, ішімдікпен ешқандай байланысы жоқ. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан бұл ауылға өткен ғасырларда әрі-бері қатынаған сауда керуендері тоқтамай өтпейтін болған. Міне, осындағы шайханада үлкен мәселелер шешілген көрінеді. Сауда-саттықтан бөлек, көш-керуендерді тонайтын қарақшыларды құрықтау, басқа да ел ішінде болып жатқан ірілі-ұсақты бұзақылықтар, оған кімдердің кінәлі екені талқыланған. Қысқаша айтқанда, осы жолдың бойында сауда-саттық жасағандар бөтен жерде зәбір көрсе немесе бір мәселеге риза болмаса, осы жерге келіп, үлкендердің сарабына салады екен. Содан болар, ауыл өткен ғасырларда Сарапхана деп аталыпты. Кейін, келе-келе Шарапхана деп өзгерген. Ауылдың бұл атауы Кеңес өкіметі кезінде жергілікті басшыларды да қатты ойландырса керек. Содан бір күнде өзгертіп, Қаратас деген ат беріпті. Бірақ, елімізде тәуелсіздік туы желбіреген жылдары жергілікті жұрт елді мекенге тарихи атауының қайтып оралуына қол жеткізеді. Әзіл болса да айта кетейік, «Біздің ауылдың атауы арақ-шараптан алысқа ұзай алмады ғой. «Қаратас» деген атауды теріс қаратып оқысаңыз да, бәрібір «сат арақ» болып шығады. Сондықтан тарихи атауын қайта беріңіздер» деген екен ауыл тұрғындары. Бүгінде Шарапханада жеті жүзге жуық отбасы тұрады. Төңірегіндегі Жіңішке, Махамбет, Майлыошақ, Талдыбұлақ және Бақабұлақ ауылдары бірігіп, бір ауыл округін құрап отыр. Шымкент пен Ташкенттің арасын жалғастырып жатқан үлкен тас жолдың бойында жатқандықтан бұл ауыл тұрғындарының өзегі талған емес. Шарапханалықтар шаруаға пысық. Мысалға, осы ауылдың азаматы Ғалым Қойманов мал базарын іске қосып, алдағы уақытта 100 бас сүтті сиыр ұстап, мал бордақылау алаңын ашуды қолға алуда. Ләззат Жұбатова 1 гектар жерге жылыжай жасап, өткен жылы 105 тонна өнім алыпты. Ал, Үржамила Тоқмырзаева биыл өз қаражатына 150 орындық балабақша салуды жос­парласа, Ержан Долдай Талдыбұлақ ауылынан 2,4 гектар жерге заманауи спорт алаңын, Самат Есболов жастарға арналған ойын-сауық кешенін салуды ойластырып отыр. Жалпы алғанда, өткен жылы бұл ауылдан 20 азамат құжат тапсырып, барлығы да «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алыпты. Соңғы бір-екі жылда бұл ауыл­дық округке табиғи газ тарту мәсе­лесі қолға алынуда. «Әйтсе де, үй­лерге газ кіргізу мәселесі өз дең­гейінде жүрмей отыр. Әрине, оған құжаттандыру мәселесін тым ке­шіктіріп жіберген тұрғындардың өздері де кінәлі. Бүгінде бұл ауыл округі бойынша 1023 отбасы, яғни тұрғындардың 74,6 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. 2015 жылы тағы екі ауыл, 2017 жылы бір ауылда бұл мәселе өз шешімін табатын болады. Құбыр арқылы ауылдың 51,7 пайызы таза су ішіп отыр. Өткен жылы су ұңғыларын қазуға республикалық бюджеттен қаржы қаралып, зерттеу жұмыстары жүрді. Енді алдағы төрт жылдың ішінде округтің 97 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады», дейді Шарапхана ауылдық округінің әкімі Әбсамат Тойшиев. Дәл қазір Шарапхана тұрғын­дарын білім берудің сапасы қинайды. Өткен жылы округ бойынша ҰБТ-ға қатысқан 115 оқушының біреуі ғана алтын белгі иегері атанған. «Бұл, әрине, білім сапасының оңбай тұрғанын білдіреді. Балалардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалған, бірақ нәтиже жоқ. Меніңше, бар мәселе  мұғалімдердің сапасында болып тұр» дейді, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахымберді Қаленов. Шынында, ауылда балалардың білім алуы үшін бар жағдай жасалуда. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ескі интернаты 35 миллион теңгеге жөнделсе, тағы екі мектептің жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Алла қаласа, екі мектептің де құрылысы келесі жылы басталмақ. Ендеше, аудандық білім бөлімі мұғалімдердің біліктілігін арттыруға күш салса екен. «Бұл ауылдағы егістік көлемі 8540 гектарды құрайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Жыл сайын бос жатқан жерлер игеріліп келе жатыр. Бірақ, жерді тиімді пайдалану мәселесі қинап тұр. Елдің көбі жерлеріне машақаты аз жоңышқа, мақсары еге салуға құмар. Бау-бақша отырғызуға құлшыныс төмен. Көрші Сарыағаш, Мақтаарал аудандарының шаруа­лары 1 гектар баудан шамамен 5 мың АҚШ долларындай пайда табады екен. Мемлекет бұл саланы субсидияландыруға үлкен күш салуда. Осыны шаруалар пайдалана білуі керек», дейді Қазығұрт ауданының әкімі Болатбек Қыстауов. Иә, «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген, қасиетті Қазығұрт тауының құт-берекеге толы қойнауы еңбек етемін дегенге береке-несібесін иіп-ақ тұр ғой. Шынында қырдағы алақандай жерін жыртып, болмашы бидайын шашып тастап, арқаны кеңге салып жүргендер жетерлік. Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында «Бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануы тиіс», деп бүгінгі шаруаға жаңаша көзқарас, жаңаша леп керек екенін баса айтты. Міне, шарапханалық шаруалар бұл мәселені осы бастан сарапқа салып жатыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.