Экономика • 22 Қазан, 2021

Көш басындағылар мен соңындағылар туралы

265 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еуразиялық даму банкі өзіне қатысты елдердің экономика­лық жағдайына шолу жасаған. Шолу Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанды қамтиды. Талдауда экономикалық көрсеткіштердің кең ауқымды спектрі назарға алынады, атап айтсақ – ішкі жалпы өнім (ІЖӨ), өнеркәсіп, пайыздық мөлшерлеме, инвестиция, тұтынушылық шығын, сыртқы және ішкі сауда, инфляция, несиелеу, валюта курсы, мемлекеттік қарыз деген сияқты. Бес елдің ахуалын баян­дап отырсақ, ұзаққа созып аламыз, сондықтан зерттеу ішінен Қазақстанға қатысты деректерді суырып алайық.

Көш басындағылар мен соңындағылар туралы

«Қыркүйектен бері әлемдік энергетикалық нарық құбылып тұр. Өткен айда Еуропадағы газ бағасы пандемияға дейінгі көрсеткішінен бес есе қымбаттап кетті. Бұл спекулянттық сауда әсері­нен туындап отырған тым қатты сұраныс өсімі секілді. Газ­бен қатар көмір мен мұнай бағасы да шарықтап жатыр. 2018 жылдан бері алғаш рет барреліне 80 доллардан асып түсті. Алайда біз баға спиралі одан әрі айнала береді деп ойламаймыз», дейді ЕАДБ бас экономисі Евгений Винокуров.

Банктің хабарлауынша, қаржы на­рығында да бәрі тыныш емес. Америка мемлекеттік құнды қа­­ғаз­­дарының табысы АҚШ-та­ғы сандық жеңілдету бағдар­ла­ма­сының қайтарылуын күту­дің және ФРЖ-нің 2022 жылға ар­нал­ған мөлшерлемені жоғарыла­ту­дың болжамының нәтижесінде қайта­дан 1,5 пайыздан асты. Қытай экономикасының баяулауы да күн тәртібіне шықты. Жылжымайтын мүлік нарығы, IT-сектор үшін де анық тәуекелдер туындады. Аталған факторлар дамушы ел­дердегі облигациялар кіріс­ті­лігі­нің өсуіне алып келеді, бұл орта мерзімді перспективада қа­рыз­дың тұрақтылығы проблемаларын тудыруы мүмкін. Ресей мен Қазақстанның жоғары емес деңгейін және біршама қорының бар екенін ескерсек, бұл елдер тәуекел аймағынан тыс.

Елдегі шектеу шараларына қарамастан экономика біртіндеп қарқын алып келеді деп есептейді банк. 2022 жылғы үкіметтік шаралар іскерлік белсенділікті қолдап, жоғарғы баға қысымын тежемек.

«Қаңтар-қыркүйекте ІЖӨ 3,4 пайызға өсті. Тамыз айында COVID-19 індетінің шарықтауына және шектеу шараларының енгізілуіне байланысты іскерлік белсенділік импульсі біршама төмендеді. Бұл, әсіресе, бөлшек сауда және өнеркәсіптік өндіріс сектор­ларына теріс әсерін тигізді. Транспорт және қаттау саласын­дағы қызмет көрсету де кері көр­сет­кішке ие. Тамызда биліктен қолдау алғаннан кейін ауыл шаруа­шылығы динамикасы оң нәтижеге шықты. Мемлекеттің анық қолдауын сезінетін құрылыс сек­торы өсім драйверінің рөлін атқаруда. Тамыз айында өнер­кә­сіптік өндіріс қарқыны 1,9 па­йыз­ды құрады. Өңдеуші өнер­кәсіптегі қарқын 4,7 пайызға артты. Ал қаңтар-қыркүйек ара­лы­ғындағы инвестиция да оң көр­сет­кіш көрсетті. Оның номи­налды көлемі 2019 жылдың қаң­тар-тамыз айларындағы деңгейіне жетті. Биыл металлургия, фармацевтика, ауыл шаруашылығына инвести­ция жақсы салынды. Тау-кен өн­ді­р­ісіндегі инвестициялық қыз­метті қалпына келтіру перс­пективасы да оң бағаланып отыр. Төлем балансының жаңартылған бағалауына сәйкес шетелдік инвесторлар табысы бірінші жарты жылдықта ІЖӨ-нің 0,5 пайызына дейін өскен.

ЕАБД елдегі іскерлік белсенді­лік өсті деп санайды. Қазақстан Рес­пуб­ликасының PMI жиынтық индексі 51,4 балл болған. Бір ай бұрынғы көрсеткіш 50,7 балл еді. Карантин шараларының біршама жеңілдетілуі өңдеуші және қыз­мет көрсету саласындағы іскер­лік белсенділіктің қайта жан­дануы­на септігін тигізген. Логисти­ка­л­ық қиындықтар салдарынан орын­далмаған тапсырыстар саны ұл­ғайып кетті. Сондай-ақ тауардың өзіндік құны да қымбаттады. «Жыл­­дың қалған уақытында атал­ған трендтер өңдеуші өнеркәсіп ди­на­­микасын біршама тежейді, бірақ күн өткен сайын оның әсері әл­сірей береді» деп жорамал­дайды.

«Сыртқы сауда айналымы қаң­­тар-шілде аралығында 7,4 па­йызға жоғарылады. Көрсеткіштің көбеюіне ЕАЭО елдеріне жет­кізілімдердің 42,1 пайызға, жалпы экспорттың 10,6 пайызға ұлғаюы әсерін тигізді. Импорттың оң динамикасын қалыптастыруда интеграциялық бірлестіктер рөл ойнады. Егер ЕАЭО елдерінен келетін жеткізулердің номиналды көлемі 18,9 пайызға ұлғайса, үшінші елдерден келетін тауар көлемі 9,3 пайызға қысқарған. Біз­дің көзқарас бойынша, Қазақ­­стан­да жақын перспективада үшінші елдермен сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға деген әлеует бар. Қыс ызғарының ерте сезіле бастауы әлемде энер­ге­ти­ка­лық ресурс­қа деген сұраныс­ты арт­тырып жі­берд­і. Бұл жағдай Қазақ­станның экс­порттық табысын арттыруы мүмкін» делінген шолуда.

Банк өз шолуында инфляция мәселесіне де тоқталған. Біздің бағалау бойынша тұтынушылық бағалар индексінің жылдық өсімі ең жоғарғы мәнге жақындады. Бұл біздің күтулерімізге сай келе­ді дейді банк.

«Азық-түлік тауарлары ба­ғасы­ның шарықтауы инфляция ди­на­микасының негізін қа­лып­тас­тыруды жалғастырып жатыр. Ішкі тұтынушылық сұра­ныстың қалыптасуына байланыс­ты азық-түлік емес компонент те қым­бат­тап жатыр. Инфляция динами­ка­сындағы күрт бұрылыс күздің соңында болады деп кү­те­міз. Қыс­тың басы, жылдың со­­ңын­­да оның деңгейі 7,9 пайыз бол­­мақ. Тұтыну­шылық бағалар өсі­мі­­нің баяу­лауы, статистикалық эф­фек­т­і­ден бөлек, әлеуметтік ма­ңыз­­ды тауар­лар баға­сын ұстап тұру­ға ба­ғыт­талған үкі­мет­тің әкім­­ші­лік шара­лары мен кезең-кезеңі­мен атқа­рылатын ақша-несие ын­та­лан­дыру шарасы инфля­цияның тө­мен­деуіне көмек­теседі» деп жазады банк.

Мемлекеттік бюджет тапшы­лы­ғын да ескерген банк, биыл табыс­тың артуына салық түсім­дері үлкен үлес қосып жатыр деген тұжырым айтады. Ал салық­тың артуына әсер еткен факторлар – іс­керлік белсенділіктің тірі­луі және маңызды экспорттық тауар­лар­дың әлемдік бағасының көтерілуі.

«Номиналды табыс өсіміне Ұлттық қордан түсетін трансферт 2020 жылдың сегіз айымен салыс­тырғанда азайған. Оның көлемі 2019 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда әлі де болса 1,3 есе жоғары. Биыл табыс өсімінің номиналды қарқыны былтырмен салыстырғанда 2,7 есе баяулап қалды. Дегенмен әлеуметтік қолдау бюджет шығындарының басты бағыты болып тұр. Үкімет жоспарына сәйкес биыл жыл қорытындысы бойынша бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 3,5 пайызын құрайды. Бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 0,5 пайызға төмен» делінеді банк зерттеуінде.