Спорт • 22 Қазан, 2021

Сәтін күткен саңлақтар немесе екінші болудың ерекшелігі

191 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі қазақ қоғамында шама-шарқы жетсін-жетпесін, әлеуеті келсін-келмесін әйтеуір бірінші болуға ұмтылатындардың, кез келген құрбан­дыққа бара отырып әп-сәтте биік белестерді ылдым-жылдым бағындыруға тырысатындардың қатары көбейіп тұр. Әрине, кез келген салада, өз ортаңда бірінші болғанға не жетсін. Бірақ, Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басатындардың» да еңбегі далаға кетіп жатқан жоқ. Өзге салаларды былай қойғанда, спортта екінші болып жүріп-ақ талай табысқа жетуге, биік шыңдарды бағындыруға болатынын спортшыларымыз халықаралық жарыстарда сан мәрте дәлелдеп жүр. 24 қазан күні басталатын бокстан әлем чемпионаты қарсаңында осы тақырыпқа тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Сәтін күткен саңлақтар немесе екінші болудың ерекшелігі

Алысқа бармай-ақ, жуырда ғана Жапо­нияның бас шаһары – Токиода мәресіне жеткен жазғы Олимпия ойындарында бокстан 52 кило салмақта қолаға қол жеткізген Сәкен Бибосыновтың мысалы сөзімізге дәлел бола алады. 2018 жылғы ел чемпионатында екінші орынға табан тірегеннен кейін Бибосынов мамандардың көзіне түсіп, сол жылы ұлттық құрамаға қабылданды. Құраманың екінші нөмірлі боксшысы болса да ол 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлде иеленді. Ал былтыр Шымкентте ұйымдастырылған Қазақстан біріншілігінің финалында жас боксшы Сабырхан Махмұдтан жеңіліп, тағы да екінші болып қалды. Осыдан кейін ұлттық құраманың бапкерлер құра­мы Иорданияда өтетін Олимпия ойын­дарына жолдама беретін турнирге кімді апарамыз деп біраз бас қатырды. Сөйтіп соңында таңдау Сәкенге түсіп, тағы да екінші нөмірлі боксшы маңызды жа­рысқа аттанатын болды. Амман шаршы алаңында Бибосынов ширек финалда ұтыл­са да қосымша кездесу арқылы Токио Олим­пиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Осындай «тар жол, тайғақ кешу» арқылы Олимпиадаға лицензия алған Сәкеннің Токиода жүлделі орыннан кө­рінуден басқа еш амалы жоқ еді. Өйт­кені төрт жылдықтың басты жарысында жүлдегерлер қатарынан көріне алмай, елге бос қоржынмен қайтатын болса, ұлт­тық құрамадағы орнынан айырылып қана қоймай, жанкүйерлердің сынына ұшырайтыны анық-тын. Себебі Олимпиаданың алдында жанкүйерлер тарапынан Токиоға чемпионатта топ жарған Сабырхан Махмұд баруы керек еді деген пікір жиі айтылған-ды. Маңызды дода алдында жанкүйерлердің осындай сөздері Сәкенге қамшы болып тиіп, оған қосымша мотивация берді. Нәтижесінде, отандасымыз елге абыройлы оралды.

Екіншілердің қатарында жүріп ерлік көрсеткендердің сапында еркін күрестен 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының және 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия біріншілігінің алтын медаль иегері Ақжүрек Таңатаров та бар. 1996 жылы күрес үйірмесіне келіп, балуандық өнердің қыр-сырына қа­нық­қан Ақжүрек ересектер дуына 2003 жылы қосылды. Сол уақыттарда жар­қырап көріне бастаған Таңатаров ел чемпионаттарында алдына жан салмай жүрді. Дегенмен ол өзінің спорттағы ең елеулі жетістіктеріне карьерасының со­ңында қол жеткізді. Өйткені оны бап­керлері әлі жассың, болашағың алда деп үміттендіріп, Якутиядан келген легионер Леонид Спиридоновтың көлеңкесінде қалдыра берді. 2008 жылғы Бейжің Олим­пиадасына да Ақжүректің орнына Спиридонов барды. Нәтижесінде, ол қола жүлде үшін күресте жеңіліп, бесінші орынға табан тіреді.

Кейіннен елдегі бапкерлер құра­мы өзгеріп, 2012 жылғы Лондон Олим­пиадасының жолдамасына таласатын балуандар арасында елішілік іріктеу өткізілді. Күрестің басы-қасында жүрген­дер Ақжүрек Таңатаров пен Леонид Спиридоновты бозкілемде қайта-қайта белдестіріп көрді. Үш ретінде де Ақжүрек басым түскен соң, бапкерлер құрамының іріктеуге де, Олимпия ойындарына да Таңатаровты алып барудан басқа амалы қалмады. Бір қызығы, 2012 жылға дейін екі балуанды бірде-бір рет белдестірместен, барлық жарысқа Спиридоновты апара беретін.

Сөйтіп Ақжүректің Лондон төріндегі белдесуде алтын жүлдеге қарай тәп-тәуір келе жатқан жолын жартылай финалда үндістандық Сушил Кумар кесті. Төре­шілер тарапынан әділетсіздікке ұшыраған отандасымыз қола жүлде үшін күресте Бейжің Олимпиадасының чемпионы, түрік спортшысы Рамазан Шахинді жеңіп, елге қола медальмен оралды. Осылайша, қазақтың қайсар ұлы өз сабырлығының арқасында қазақ күресінің тарихына есімін алтын әріптермен жазды.

Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов сияқты күтпеген жерде жарқ етіп, бақ-жұлдызы жанған Бекзат Нұрдәулетов те өз мүмкіндігін сабырмен күткен боксшының бірі. 2016 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қала­сында өткен жастар арасындағы әлем чемпио­натында 81 кило салмақта қола жүлдеге қол жеткізді. Келесі жылы әлем­дік додаға қатысқан жастар құрамасы түгелдей ересектер сапына ауысып, бі­разы салмақ дәрежелерін өзгертті. Олар­дың қатарында Бекзат та бар еді. Оған салмақ өзгертуіне дәл сол Ресей жеріндегі әлем чемпионатында 75 кило салмақта күміс медаль иеленген Бек Нұрмағанбеттің 81 килоға ауысуы белгілі бір дәрежеде әсер етті. 2017 жылғы ел бірін­шілігінің финалында (81 кг) Әділбек Ниязымбетовтен жеңілген Бекзат екінші орынды қанағат тұтты. Ал бір жылдан кейін жаңа салмақта өнер көрсетіп, тағы да Қазақстан чемпионатының финалисі атанды. Алтын жүлде үшін өткен жекпе-жекте ол 91 килоның бірінші нөмірлі боксшысы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левиттен ұтылды. Сөйтіп Бекзат ұлттық құраманың екінші және үшінші нөмірлі боксшысы атанып, шет­елдегі ірілі-ұсақты жарыстарға қа­ты­сып, өзінің жұлдызды сәтін күтумен болды.

Дегенмен, бұл сәт те көп күттірген жоқ. 2019 жылы Ресейдегі ересектер ара­­сындағы әлем чемпионатының алдында 81 килодағы Бек Нұрмағанбет оқу-жаттығу жиындарында жарақат алып қалған соң, бапкерлер құрамы ақылдаса келе 91 килода екінші болып жүрген Бекзатқа мүмкіндік беруді жөн көреді. Бұл – Бекзатқа әлемдік сында өзін көрсетуі, өз мықтылығын бапкерлер мен жан­күйерлерге дәлелдеу үшін берілген бірінші және соңғы мүмкіндіктің бірі еді. Өйткені осындай маңызды додада топ жарып, бапкерлердің сеніміне ие бола алмаса, тағы да белгісіз мерзімге дейін құрамның екінші нөмірлі бокс­шысы болып қала беретін еді. Осыны түсінген Бекзат әлем чемпионатында аянып қал­мады. Іріктеу кезеңдерінде алдымен оңтүс­тіккореялық, кейіннен Венесуэла және Бразилия боксшысынан айласын асырды. Ал ширек финалда түркиялық бокс­шыны ұтса, жартылай финалда Рио Олимпиадасының жеңімпазы, əлемнің төрт дүркін чемпионы Хулио Сезар да ла Круспен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша отанда­сымыз Кубаның даңқты боксшысын тұғырдан тайдырды. Тіпті ла Крусты бір рет нокдаунға түсіргеніне күллі әлем куә болды. Ал финалдық айқаста өзбек­стан­­дық Дилшодбек Рузметовті еш қиын­дық­­­сыз жеңіп, әлем чемпионы атанды. Осы нә­тижесінің арқасында Бекзат Олим­пия ойын­дарына қатысуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар Әділбек Ниязымбетов те кезінде осындай екіншілер легінде болған. Лондон Олимпиадасына дейін ол 69 және 75 килоларда (2008, 2009 жылдары) ел чемпионатында топ жарып, бокстағы жарқын болашағы енді басталып келе жатыр еді. Алайда 2009 жылы Қытайда өткен Азия чемпионатының бірін­ші кездесуінде қырғыз боксшысын ұпай бойынша ұтып жатып (24:5), үшінші раундта төреші күтпеген жерден Әділ­бекке қарсы үш рет есеп ашты да, ұпайға қарамастан кездесуді тоқтатып тастады.

Осы жекпе-жектен кейін сол кез­дегі ұлттық құраманың бас бапкері Ния­зымбетовке «келесі оқу-жаттығу жиын­дарына келмей-ақ қойсаң болады», деп боксшыны ұлттық құрамадан аластатты. Қытайдағы сәтсіздіктен кейін Әділбек ұзақ уақыт өзіне келе алмай, барлық жарыстан жүлдесіз қайтып жүрді. 2011 жылы бокстан Оралда өткен Асқар Құлы­баевтың кубогында да екінші айналымда сол кездегі ел чемпионы Арман Рысбекпен 6:6 есебімен тең түсіп, жеңіліп қалды. Бұл жолы да жолым келте болды деп тұрғанында құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов оны келесі оқу-жаттығу жиындарына шақырды. Оқу-жаттығу жиындарының ең соңында Бакудегі әлем чемпионатына баруға екі үміткер таңдалды. Бірі – Әділбек, екіншісі – Азамат Белгібаев. Спарринг алдында бокс федерациясының вице-президенті Юрий Цхай: «Кім үздік шығады, сол әлем біріншілігіне барады», деп кесіп айтты. Екі боксшы ұзақ уақыт айқасып, соңында Азамат Белгібаевтың мұрнынан қан кеткен соң Цхай орнынан атып тұрып: «Чемпионатқа Ниязымбетов барады», деп қысқа қайырды да, кетіп қалды. Әділбектің өзі бір сұхбатында: «Егер 2011 жылы Мырзағали Айтжанов мені құраманың жаттығу жиындарына шақырып, өзімді көрсетуге мүмкіндік бермегенде, спортшы ретінде мұнша жетістікке жетпеуім әбден мүмкін еді...», деген болатын.