17 Ақпан, 2014

Қызылордада қасқырлар шаруаларды шығынға батырды

698 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

17-02- main_bigБиыл Сыр бойында қасқырлар мен шиебөрілер жайылымдағы малдарға шауып, шаруаларды шығынға батырды. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.

Түз тағылары қала іргесіндегі ауыл тұрғындарының мазасын қашырды. Жағдай ушыққасын, жергілікті өңірде жыртқыштардың көзін жоятын арнайы жедел топ құрылды.

Дерекке жүгінсек, 2012 жылы облыс бойынша 3112 қасқыр есепке алынып, оның 50-і ғана атылған. Ал былтыр тендер жеңімпазы атанған мекеме қаражатты игере алмауы себепті, аш қасқырларды жоюдың мүмкіндігі болмады. «Қазір қасқырды ату да оңай емес. Оның көзін жою үшін көлік, оқ және жанармай керек. Әрі 10 мың теңгеге қасқыр ату шығынды көтермейді», - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жедел бөлімінің аға маманы Мұрат Маханов.

Облыстық басқарма қызметкерінің бұл айтқанынан жартымсыз қаржыға қасқырлардың көзін жою мүмкін емес екенін аңғардық. Ал шаруа қожалығына ентелеп кірген қасқырлар төрт түлікті жайратып жатыр.  

Жергілікті тұрғындар биыл қасқырдың көп болуын, Арқадан келген ақбөкендермен байланыстырады. Оның үстіне түз тағысының көзін жоюға арналған тендер әлі өткізілмеген көрінеді. Сондықтан аш қасқырлармен қарапайым жұртшылық арпалысуда.

Әмірхан Алмағанбетов.

Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы.

Фото: Altaynews.kz.