18 Ақпан, 2014

Заңды жаттап алғанымен «А» корпусындағылардың бәрі бірдей біліктілік талаптарына толық сәйкес келе алды ма?

300 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Корпус А-6 Өткен жылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа құрылымы қоғамдық өмірге қадам басып, «А» және «Б» корпустары деген атауға ие болды. Сондай-ақ, сол өткен жылдың мамыр айында «А» корпусына үміткерлер арасында тестік тәсілмен іріктеу жүргізіліп, аталмыш конкурстың екінші кезеңінде әңгімелесу түрін­дегі сынақ өткізілгені мәлім. Содан соң арада көп уақыт өтпей сы­нақтан сүрінбегендер кадр резервіне қабылданып, олардың дені «А» корпусы лауазымына тағайындалды. Міне, мемлекеттік басқару жүйесінде осындай өзгерістердің жасалғанына да екінші жылға ауысып барады. Сондықтан да бүгінде олардың алғашқы аяқ алыстары қандай деген сауалға Батыс Қазақстан облысында жаңа міндеттерін атқаруға кіріскен бас­қарушылық деңгейдегі мем­­­лекеттік қызметшілердің мыса­лында жауап іздегенді жөн көрдік. Елбасы «А» корпусы қатып қалған кадрлық құрылым емес екенін, оның ұдайы жаңартылып отыратынын, әрі қажет болған жағдайда оған тиісті талдау­лар жасау керектігін айтқан. Президент Н.Назарбаевтың 2013 жылғы 10 жел­­тоқсандағы «А» корпусының мем­­лекеттік әкімшілік лауазым­да­­рына қойылатын арнайы білік­тілік талаптарын бекіту туралы» Жар­лығы Елбасының осы нақты ой-пікірінің дәлеліндей әсер қал­ды­рады. Осы Жарлыққа сәйкес арнайы біліктілік талап­тарының ең бас­­­ты­ла­рын – мем­лекеттік әкім­шілік лауа­зым иеле­рінің білімі мен жұмыс өті­лі бо­йынша талаптар­ы құрайды. Яғ­ни Жарлыққа сәйкес олардың мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда тиісті жұмыс өтілі, сон­дай-ақ мемлекеттік басқару, қаржы және құқық салалары бойынша жоғары білімдері болуы қажет. Осы тұрғыдан келгенде Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе және Тасқала аудандарына кадр­лар резервінен әкім болып таға­йындалған Асхат Шахаров пен Санжар Әлиевтер біліктілік талаптарына сәйкес келеді деп ой түюге болады. Рас, өңір тұрғындары ара­сында кәсіби спортшыны әкім етіп қойғаны қалай деп айран-асыр таңғалып жүргендер де бар. Алай­да, олар А.Шахаровтың Тұрар Рыс­құлов атындағы Қазақ ұлттық эко­номика университетін және Ре­сей Президенті жанындағы Мем­ле­кеттік қызмет академиясын аяқ­та­ғанын біле бермейтін секілді. Біз арнайы журналистік ісса­пармен шалғайдағы Қаратөбе ауда­нында болғанымызда жаңа бас­шының адамдармен қарым-қатынасы мен ішкі мәдениетіне тұрғындардың риза екеніне көз жеткізіп оралдық. Сондай-ақ, оның бюджет қаражаттарын үнем­ді әрі ұқыпты жұмсау жөнін­дегі бас­тамалары да жұртшылық тарапынан қолдау тауып отыр­ғанын аңғардық. Ол Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болған кезде экономика және бюджеттік жоспарлау комиссиясына жетек­шілік жасапты. Ал Тасқала ауданы әкімі қыз­метіне резервтен ұсы­нылған С.Әлиевтің негізгі мамандығы экономист-бухгалтер. Екінші ма­ман­дығы – заңгер. Ол бірнеше жыл қаржы полициясы жүйесінде қызмет атқарған. Соңғы кезде  Пре­зидент Әкім­шілігінде істеген. Елбасының «А» корпусы бойынша қызметке кіріскендердің бастамашыл болуы қажеттігін атап көрсеткені мәлім. Осы орайда бізге Сан­жар Жұматайұлының жеке бас­тамашылдық өнегесі жақсы әсер қалдырды. Атап айтқанда, ол өзі басқарып отырған өңірге инвестиция тарту, жүнді алғашқы өңдеуден өткізетін кәсіпорын құру жөнінде бастамашылдық танытуда. Бұған қажетті жер көлемі айқындалып, тек бір аудан үшін ғана емес, тұтас­тай облыс аумағы тұрғындары үшін қажетті өндірістің жобалау-сме­та­лық құжаттары да жасалыпты. Ендеше іске сәт дейміз де. Ақжайыққа өзге өңірден кадр­­лар резерві бойынша таға­йындалған А.Шахаров пен С.Әлиев алғашқы қадамдарын аға буын өкілдерімен кездесуден бастапты. Аталған жас аудан басшылары олармен ұдайы пікірлесіп, кеңесіп отыру қажет деп санайды. Бұл, сөз жоқ, қолдауға да, құптауға да болатын қадам. Әйтсе де, олар мұны қандайда бір болмасын ішкі есеппен, өздерінің имиджін көтеру ниетімен емес, шынайы көңілмен, ақ адал жүрекпен жасағанын қалар едік. Әрі солай істейтіндеріне де сеніміміз мол. «А» басқарушылық корпусы құрамына кіретін мемлекеттік қызметшілердің алдында тұрған басты міндеттердің бірі өткен жылы олармен өткізілген кеңесте Мемлекет басшысы арнайы атап көрсеткен – зор жауапкершілік. Олардың басты парызы ел мен Елбасы сенімін ақтау болып қала бермек. Ал мұндай зор жауап­кершілік дегеніміз – ел-жұртпен қоян-қолтық араласып, ұдайы олардың арасында болуға ұмтылу, мұң-мұқтаждарына назар аудару десек, қателесе қоймаймыз. Әйтсе де, басқарушылық дең­­­­гейдегі мемлекеттік қыз­мет­­­­­­шілердің арасында осындай зор жауапкершілікті терең сезі­не бермейтін, кейбір реттерде өзі бас­қарып отырған өңір тұр­ғын­дарынан сырт, саяқ жүре­тіндер де кездесіп қалып жүргенімен ерік­сіз келісуге тура келеді. Мы­салы, Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиевтің кезекті еңбек демалысынан тыс кездің өзінде аудан аумағында үнемі бола бермейтіні жөнінде жиірек естуге, сол ауданға ба­ра қалған жағдайда осындай көрініске куә болуға тура келіп қалып жүр. Әрине, оның объективті себептері болуы, ауырып қалуы, ота жасатуы әбден мүмкін. Бұл үшін аудан басшысына кінә тағу да қиын. Өйткені, бұл өмірде кімнің басы ауырып, балтыры сыздамай­ды дейсіз. Дегенмен, мұндай көрі­ністердің аракідік қайталанып тұ­руы ел алдындағы жауапкершілік деуге бола қояр ма екен. Қысқасы, осы материал­дарды жинақтау барысында жүргізілген журналистік талдаулар мен сараптамалар заңды жаттап алғандар мен оны жетік білетіндердің бәрі бірдей халықпен, ел-жұртпен ортақ тіл табысып, өз істерін дөңгелетіп әкете алмағандарын көрсетеді. Жоғарыда айтылғандай, Мем­лекет басшысы тарапынан «А» корпусын мемлекеттік басқару жүйесінің буыны ретінде ұдайы жаңартып отыру талабын қой­ғаны да алдыңғы пікіріміздің мүлдем қисынсыз емес екендігін аңғартатын секілді. Сондай-ақ, сынақта жолы болмаған әкімдердің бәрі бірдей өз орындарына лайықсыз еді деп тым біржақты тұжырым жасауға болмайтынын да оқырмандар назарына сала кеткенді жөн көре­міз. Көш жүре түзеледі. Мен кон­курсқа барғанда үміт­керлердің кей­бірі тек бір-екі балл ала алмай қалғанын білемін. Бұл қол қусы­рып отыруға себеп емес, деген Елба­сымыздың ойлы да орнықты пікі­рін ұмытпауға, оны ұдайы назарымызда ұстауға тиіспіз. Ең бастысы, сынақта сүрін­ген аудан әкімдерінің арасында халықпен жұмыс істеу дағдыларын жетік меңгерген, олардың сый-құрметіне бөлен­ген, бұған дейінгі жұмыс тәжірибесінде іскерлік қабіле­тімен дараланған, осы арқылы аудан экономикасы мен мә­дениетінің дамуына елеулі ықпалын тигізгендердің болуы өкіндірмей қоймайды. Өткен жылғы сынақта жолы болмаған мұндай топтағы талантты әкімдер республиканың әр аймағында кез­десетініне күмән келтіру қиын-ақ. Бүгінгі сараптамаға өзек болып отырған Батыс Қазақстан об­лысының мысалында осындай сүрі­ніп кеткендердің бірі – Зеленов ауда­нының бұрынғы әкімі Марат Оңғарбеков еді десек, қателесе қой­­маймыз. Солай бұла тұрса да өткен жылғы конкурс талабы бо­йын­ша тиісті нәтиже көрсете ал­­мағандар жоғарыда аталған Пре­зидент Жарлығына сәйкес биыл оған қайтадан қа­тысуға құқылы еке­­ні де атап айтуға тұрарлық мәселе. «Мемлекеттік қызмет туралы» заң бойынша мемлекеттік қыз­­метшілер қызмет этикасын қа­таң сақтауға тиіс. Алайда, ыл­ғи былай бола бермейтініне ерік­сіз қынжылуға тура келеді. Бұл мәселені өткен жылы «А» бас­қару­шылық корпусы мем­лекеттік қыз­метшілерімен кеңес кезінде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қадап, шегелеп айтқан еді.  Соған қара­мастан қызмет этикасын сақтамау көріністері кездесіп қалып жүр. Өзін облыстағы барлық қыз­мет пен ауыр жүкті тек бір өзі ат­қа­рып жүргендей түр көрсетіп, мүл­дем уақытының жоқ екендігін айтып, өзіне хабарласқандармен тілдесуден бас тартуға ыңғай танытып тұратын лауазымды тұлғалар да кездесіп қалады. Мемлекеттік қызмет этикасымен сыйыса бер­мейтін осындай теріс әдеттің көрі­нісін облыс әкімінің орынбасары Ал­­маз Бадашевтың бойынан кө­­ріп қалғанымызды жасырғымыз келмейді. Түйіп айтқанда, «А» корпу­сындағылар ешқандай да элита емес, мемлекет, ел, халық қызмет­шісі екенін ұмытпаса, әрі өздеріне жоғары моральдық және өнегелік қасиеттерді тән етсе олардың ел алдындағы абыройы мен беделі соғұрлым мол болатынына ешқандай күмән жоқ. Елбасымыздың «А» корпусына қатысты тиісті талдаулар мен сараптамалар жүргізу керектігі жөнінде айтқаны БАҚ өкілдеріне де қатысты сияқты көрінеді. Сон­дықтан да жаңа басқарушылық мемлекеттік корпус қызметі екінші жылға аяқ басқан шақта осындай бір талдаудың қажеттігі айқын көрінді де тұрды. Осы ойдың жете­гімен кейбір ұққан-түйген журналистік ой-пікірлерімізді оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.