Елдің рухын серпілтіп, еңсесін көтерген, сөйтіп, елдігіміздің ерен үлгісін паш еткен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы екенін барша жұрт біледі.
Нақты айтар болсақ, 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жария етіп, оны жүзеге асыруды Үкіметке тапсырған еді. Бағдарламаның іс-шараларын әзірлеуші, ұйымдастырушы, үйлестіруші орталық мемлекеттік орган ретінде Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі белгіленді.
Елбасы белгілі мерзім қойып тапсырған бағдарламаны әзірлеу жұмысы мемлекеттік деңгейде бұрын-соңды қолға алынбаған аса күрделі жоба болғандықтан, біршама уақытқа созылып кетті. Өйткені, мұншалықты ауқымды жобаға нені енгізу керек, нені қоя тұру керектігін, оның критерийлерін анықтауда, талабы мен талғамына келгенде көпшілігіміз абдырап қалдық. Осы түбірлі мәселелерді шешуде сол кездегі министр Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің алғырлығы мен біліктілігін тағы танытты. Мен бастықпын демеді, қолына қалам алып, бізбен бірге бағдарлама жасаудың қара жұмысына араласып кетті. Алдымен бағдарламаның Тұжырымдамасын әзірлеп, бекіттірді. Министрліктің қызметкері Асқар Смағұловты екі мәрте Мәскеуге жіберіп, ол жақтан қап-қап кітап алдыртты. Әйтеуір, түні бойы ұйықтамай кітап ақтарып, қағаз қопарып, жұмысқа көзі қызарып шаршап келіп жүргеніне біз куәміз. Ғалымдармен кеңесті, мамандармен пікірлесті, сүрленіп жатып қалған мұрағаттарды көтертті. Сөйтіп, «Әлемдік тарихи ой сана» 10 том, «Қазақстан тарихы ежелгі дүние шығармаларында» 2 том, «Қазақстан тарихы ІХ-ХVІІ ғасырлардағы араб дереккөздерінде» 3 том, «Қазақстан тарихы V-ХVІІ ғасырлардағы иран-парсы дереккөздерінде» 5 том, «Қазақстан тарихы ХV-ХХ ғасырлардағы түркітілді дереккөздерде» 5 том, «Қазақстан тарихы қытай дереккөздерінде» 5 том, «Қазақстан тарихы моңғол дереккөздерінде» 3 том, «Қазақстан тарихы ХVІ-ХХ ғасырлардағы орыс дереккөздерінде» 10 том, «Қазақстан тарихы ХІІ-ХХ ғасырлардағы Батыс дереккөздерінде» 10 том, «Әлемдік философиялық мұра» 20 том, «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы» 10 том, «Әлемдік әлеуметтану ой-санасы» 10 том, «Әлемдік саясаттану ой-санасы» 10 том, «Экономикалық классика» 10 том, «Әлемдік психология» 10 том, «Әлемдік психология ой-санасы» 10 том шығарамыз деп жоспарлатты. Апыр-ау, мұншалықты материалдарды қалай, қайдан табамыз деп мамандар министрдің бұл цифрларына күдік келтіріп, бастарын шайқасты. Халқымыздың «көз қорқақ, қол батыр» дейтіні рас екен, арада 7-8 жыл өткенде осылардың кейбірінің жинақталған материалдары аталған томдықтарға сыймай, оларға 3,5,10 томнан қосымша бөлініп жатты.
Ал археологиялық қазба зерттеулерін реттеу, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру, реставрациялау нысандарын түзіп, сұрыптау, шетелдерге тарихи-этнографиялық экспедициялар кестесін жасап, оларды Бағдарламаның іс-шаралар жоспарына енгізу мәселесімен сол кездегі вице-министр Ермек Аманшаевтың тобы айналысты.
Бізге дуалы ауыз жазушылармен, Әдебиет және өнер институтымен, Жазушылар одағымен кеңесе отырып, әлемдік көркем әдебиеттің классикалық 100 томын тізу, энциклопедиялық анықтамалық әдебиеттерді нақтылау тапсырылды.
Ал қазақ фольклорының көп томдығына келсек, министр алдымен Ақселеу Сейдімбекті шақырды. Ол әңгімеге мен де қатысқан едім. «Ақа, бұрыннан қазақ фольклорын жүз том етіп шығару керек деп әр жерде айтып жүргеніңізді білемін. Сол сөзіңізде негіз бар ма? Жүз томдық деп жоспарлап алып, ертеңгі күні ұятқа қалып жүрмейміз бе?!» деген мағынада әңгіме өтті. Ақаң, таза ғалымдығынан бұрын шежірелігі басым, талантты қаламгер ағамыз ғой. Ол кісі «Қазақтың халық әдебиеті» деген айдармен бұрын жарық көрген 17 томды қосқанда, жалпы қазірдің өзінде фольклордың 50 томдығы дайын екенін жеткізді.
Келесі келелі әңгіме әйгілі фольклоршы, академик Сейіт Қасқабасов ағамызбен болды. Ол кісі біздің архивімізде фольклорлық қазына аса мол екенін, нелер бір құнды материалдар жатқанын, кеңес заманында олардың талайын жарыққа шығару түгілі, жатқан жерінен қозғауға да рұқсат етілмегенін сөз етті. Ол материалдардың бәрі де ескі, күлге айналып жоғалып кетудің алдында тұрған, бәрі де қадім жазуымен сақталған екен. Бүгінде ол жазуды танитын мамандар мүлдем сиреді. Қазақ бір дүниесімен мақтанар болса – ол ауыз әдебиетінің теңдесі жоқ ерен үлгілерімен, фольклорымен мақтанатыны сөзсіз. Сондықтан, сөрелерде шаң басып, құшақ-құшақ сүрленіп жатқан қағаздар жүз томнан асып кетуі де мүмкін дегендей тұжырым жасады.
Сейіт ағамыз әр томға қандай материал, не дүние енгізуге болатынын талдап-таратып, жүзтомдықтың құрылымын жасап әкелді. Осы жоба негіз болып, министр бағдарламаға қазақ фольклорын «Бабалар сөзі» деген атаумен жүз том етіп бекіттірді.
Бағдарламаның іс-шаралар жобасы дайын болған кезде оны жүзеге асырушы Қоғамдық кеңес құрылды. Қоғамдық кеңеске алғашқы төраға – сол кездегі вице-премьер, ұлттық руханиятымыздың үлкен жанашыры Иманғали Тасмағамбетов белгіленді. Кейіннен Кеңес жұмысының ойдағыдай жалғасып, белсенді қарқын алуына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев қыруар еңбек сіңіргенін айтуға тиіспін. Соңғы жылдары Кеңес жұмысын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жүргізіп, бағдарламаны аяғына дейін жеткізді, сәтті қорытындылады.
Бағдарламаның ең ірі жобасын – «Бабалар сөзінің» 100 томдығын аяқтауға басшылық жасау кейінгі кезде тағы да осы істің бастауында тұрған Мұхтар Құл-Мұхаммедке жүктелді. Бұл жобаның көңілдегідей жүзеге асуына Мұхтар Абрарұлының өз ісін баспагерліктен бастағаны көп көмектесті дей аламыз.
Енді, мінеки, арада 10 жыл өткенде әр саладан белгіленген көптомдықтардың бәрі де жарқырап жарыққа шықты. Сөйтіп, олар қалың оқырманның көзайымына, Қазақстан ғылымының игілігіне айналуда. Археологиялық қазба мұралары да, этнографиялық экспедиция материалдары да жинақталып, нақты жүйеге түсті. Қазақтың талайлы тағдырында айшықты орны бар көптеген тарихи-мәдени нысандар қалпына келтірілді. Қол жеткен сол жетістіктердің қатарында «Бабалар сөзінің» алар орны бөлекше... Бұған дейін әр жерде шашылып, құрып кетудің аз-ақ алдында қалған халқымыздың рухани мұрасы 100 томға жинақталып, өзінің мәңгі өлмес өміріне бет алды. Бұл қуаныш – ел мәртебесі, мемлекет абыройы. Тасқа басылған осынау мол мұра ендігі кезекте қазақ халқының баға жетпес қазынасына, келер ұрпақтың бақилық игілігіне айналады. Мәңгілік Ел болудың бұл да бір кемел кепілі.
Шынтуайтында, әлі де 10-15 томға жететін материалдар бар десе-ді мамандар. Жәйі келсе олар да алдағы уақытта ретімен жарыққа шыға жатар. Бірақ, алдымен мәдени өміріміздегі мынау жарқын жаңалықтың мағынасын түсініп, тереңіне бойлап, бір түйіндеп алған жөн секілді. Ең бастысы – бұл томдықтар әлемде аналогы жоқ бірегей басылым екенін әрбір қазақтың біліп жүргені, әрдайым айтып жүргені, қашанда мақтаныш етіп жүргені жөн болмақ.
Сөз ретінде, архив сөрелерінде жатқан қисапсыз қолжазбаларды бұрқыратып шаңын қағып, қадім жазуынан кириллицаға аудару көп-көп қиындық тудырғанын айту парыз. Өйткені, Әдебиет және өнер институтында көне қадімді талдай білетін үш-төрт маман ғана бар екен. Олар институттағы өзінің тікелей міндетімен қоса, осы Қоғамдық кеңестің жұмысын да көз майын тауысып, шаңға тұншығып, түшкіріп-пысқырып жүрсе де, он жылға жуық ізденіс жасап, абыроймен атқарып шықты. Сөйтіп, олардың жылына 9-10 кітаптан артық дайындауға мүмкіндігі болмады. Біз оны да түсіндік, тықақтап мазаларын ала бермедік. Бастаған істі абыроймен аяқтасақ деп арман еттік.
Иншалла, бүгінде сол арманға да жеттік...
Айтайын дегенім – «Бабалар сөзі» жүз томдығы қалай басталып, оқырманға жол тартқаны туралы қысқаша мәлімет беру еді.
Осы игі істің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен қолға алынғаны, Президенттің халық мұрасына мұндайлық нақты қамқорлық көрсеткені, бар жағдайды жасап бергені – біздің мемлекет ретіндегі мерейіміз, ұлт ретіндегі ұлы жетістігіміз.
Әлібек АСҚАР,
«Мәдени мұра» бағдарламасы
Қоғамдық кеңесінің бұрынғы
жауапты хатшысы.