18 Ақпан, 2014

Бірлескен кәсіпорын биігі

382 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
DSC_0016 Интеграциялық үдерістер астықты Ақмола облысында ертеден қалыптасқаны белгілі. Бірақ, мұндай қадамдар көп ретте тұтынушылық сипат алатын. Тәуелсіз Қазақстан экономикасының стратегиялық мұраттары, нарықтық қатынастардың ашықтығы бүгінгі күні тиімді ықпалдастық ауанын орнықтырып отыр. Осындай ұмтылыстардың нәтижесінде, өңірде бұрын болмаған өндіріс ошақтары ашылып, алыстан тасымалданатын өнімдерге кіріптарлық жойылып келеді. Біз бұл орайда Көкшетаудағы «Вектор» комбайн зауытының табысты жолдарынан әңгіме қозғағымыз келеді. Жеке кәсіпкер Юрий Башуровтың астық комбайнын құрастыру жөніндегі батыл бастамасы Көкшетау қалалық әкімдігі тарапынан қолдау тауып, Сол­түс­тік өндірістік аймақтан 6,95 гектар жер уақытша пайдалануға бөлінді. Көп ұзамай осындағы өндірістік база да аук­цион арқылы сатып алынды. Мұн­дай­да мәселе қаржыға, ең бастысы, се­нім­­ге келіп тірелетіні бар. Бұл орайда Юрий Ефимовичтің жолы болды. Тіпті, оның бизнес-жобаларына халықаралық деңгейде қызығушылық танытылуын айтуымыз керек. Сөйтіп, бизнесті қамтамасыз етуге қажетті 4,3 миллиард теңгенің 2,1 миллиардын «ҚазАгроҚаржы» АҚ, қалған 2,2 миллиард теңгесін «Ростсельмаш» ААҚ бөлетін болып, келісім жасалды. Оның үстіне, ресейлік компанияның жоғарыдағы соманы жабдықтаушы және қосалқы бөлшектер түрінде, консиг­нациялық тәсілмен бөлуі тиімді әрі сәтті мәміле деп білеміз. Көкше кәсіпорны қауырт жұмысқа кірісті. Оны 2012 жылдың соңғы үш айында ғана қазақстандық маркадағы 18 дана «Vector 410 RZ» комбайнының шы­ғарылуымен дәлелдей аламыз. Ал был­тыр 144 астық жинау техникасы дайын­дық сапына қойылды. Биылғы меже – 200 дана. Зауыттың жобалық қуаты жылына 300 «Вектор» шығару екендігін ескерсек, зауыттың ел экономикасын дамытудағы үлес салмағын бағамдай беруге болады. Тағы бір назар саларлығы, осыншама істі Ростовта біліктілігін жетілдірген жер­гілікті 18 адамның қамтамасыз етіп отыр­ғандығы. Ендігі жерде, өндірістің кеңеюіне байланысты қосымша 74 жұ­мыс орнын ашу жоспарлануда. Өткен жылғы орақта ақмолалық ди­қан­дар 5 миллион тоннадан астам астық жинады. Бұл – рекорд. Солтүстік өңірдің құбылмалы ауа райында мұндай деңгейге жету қуатты да кең алымды комбайндарды тиімді пайдалануға тікелей байланыс­ты екені түсінікті. Бұл орайда, жергілікті диқандар «Векторлардың» өнімділігіне көңілі толатынын айтады. Мәселен, Шортанды ауданындағы «Бектау» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Сатыбалды Сыздықовпен пікір бөліскенімізде төмендегідей ойларын ортаға салды. – Біздің шаруашылық «Агроцентр-Астана» фирмасымен үлескер, – дейді ол. – Қаржылық жағдайымыз аса бапты болмағанымен, «НұрБанк» өтінішімізге түсіністікпен қарады. Осының арқасында көкшетаулық «Вектордың» 20 данасын сатып алып, 28 мың гектардағы бітік егінді төкпей-шашпай жинап алдық. Бұл – ауылдастарым үшін айрықша қуа­нышты оқиға. Өйткені, біз соңғы рет 2001 жылы алынған «Енисейлерді» ілдебайлап пайдаланып жүр едік. – Жалпы, мен «Вектор» комбайн­дары­ның техникалық мүмкіндіктерін жоғары бағалаймын, – дейді директордың сөзін жалғастырған тәжірибелі бригадир Алек­сандр Ткаченко. – Мұндай комбайндар­ды ауданымыздағы «Новокубанка» ЖШС көп жылдардан бері пайдаланып ке­ле­ді. «Вектор» өңіріміздің климаттық ерек­шеліктеріне қолайлы, жеңіл басқа­ры­лады әрі жергілікті жағдайда жөндеп те алуға болады. Ал өнімділігі жағынан ше­телдік қымбат комбайндардан қалыс­пайды. Біз жуырда фирмалық жалауы алыс­тан желбіреген зауытқа келгенімізде, әдеттегідей, қарбалас жұмыс қызып тұр екен. Кәсіпорын қақпасынан шығуға дайын комбайндардың құжаттары мен қосалқы бөлшектерін тексерістен өт­кізіп жүрген зауыт директоры Юрий Башуровтың қалт еткен сәтін пайдаланып, сөзге тарттық. – «Вектордың» Қазақстан рыногын­дағы үлесі жыл санап артып келеді. Нақ­тылай айтсақ, республикадағы егін жинау техникасының 42 пайызын осы комбайндар алады, – деді Юрий Ефимович. – Әрине, бұл тұрғыда, Ақмола облысы жетекші орында. Өткен жылы құрастырған 144 агре­гат­тың 70-ін «Ростсельмаш» компания­сымен 11 жыл бойы әріптестік бай­ланыстағы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жүйе­сі­­мен сатып жатырмыз. Қазіргі таңда өн­дірістік алаңдарымызды жаңғыртып, қуаттандыру үстіндеміз. Биыл 3000 шаршы метрлік екінші цехты іске қосу арқылы 200 комбайн шығаруға мүмкіндік туады. Ал 2015 жылы оны 300 данаға жеткізу ниетіндеміз. Сұрыныстың өсе түсуін техниканың сапалық көрсеткіштерімен бірге, былтырғы шілдеден бастап кеден режіміндегі «еркін қойма» желісін ашқанымызбен байланыстыруға болады. Яғни, өнімдерімізді қосымша құн салығынсыз босатудың арқасында комбайнның бағасы 12 пайызға арзандап отыр. Мұның өзі Кеден одағының артықшылықтарын білдірумен қатар, ауыл еңбеккерлері үшін айтарлықтай жеңілдік екендігі белгілі. Көкшетау зауытының болашақ жос­пар­лары туралы сұрағымызға Юрий Ефимович 2015-2016 жылдары өндірісті әртараптандыруға бағыт ұста­лып, заманалық «Агросоюз-Хорш» дәнсепкіш кешендерін, жаткаларды тасымалдау арбаларын шығару жобасы түзілгенін айтты. Жалпы, астық комбайндарын құрастыруда халықаралық «СТ-КZ» сертификатына ие кәсіпорында қазақстандық үлес қазір 16,6 пайыз болса, биылғы жылы оны 20 пайыздан асыру көзделуде. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы. Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.