Экономика • 27 Қазан, 2021

Каспий порттары мен кеме қатынасына арналды

722 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Азия мен Еуропаның түйіскен тұсында орналасқан Қазақстанның транзиттік әлеуеті зор. Осы ерекшелікті экономикалық мақсатта пайдалану үшін елімізде көлік желісіне қатысты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді.

Каспий порттары мен кеме қатынасына арналды

Дүниежүзілік мұхитпен жал­ғаспайтын тұйық теңіз Кас­пий – мыңдаған жылдар бұрын Хорезм мен Хиуадан Еуропа мен Таяу Шығысқа Ұлы Жібек жолы керуені өтетін ежелгі өркениет мекені болса, бү­гінде Маңғыстау арқылы жаңа жобалардың, жаңа баста­малардың қолға алынуына өткел болып отыр. Маңғыстау об­лысы барлық көлік жолының болуы есебінен қуатты тран­зиттік және логистикалық әле­уетке ие. Бүгінде еліміздің жал­ғыз теңіз қақпасы арқылы мем­лекетіміздің ғана емес, сондай-ақ осы көлік бағытын қалайтын басқа да елдердің экспорттық жүгі өтеді. Сондықтан теңіз порттарын дамыту басым бағыт болып саналады.

Облыс әкімі Нұрлан Но­ғаев­тың қатысуымен «Кас­пий порт­тары және кеме қаты­на­сы-2021»  халықаралық кон­фе­рен­­циясы мен көрмесінің ұйым­дастырылуы – бұған де­йін­гі атқарылған жұмыс пен ал­дағы уақытқа жоспарланған жұ­м­ыстарды таныстырды. Іс-шара барысында Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдарын дамытуға бағытталған шешімдерді іздеу мәселелері талқыланды.

Теңіз көлік инфрақұрылы­мы­ның маңызды нысаны – ТРАСЕКА, Солтүстік – Оңтүс­тік және ТХКБ, Қытай – Еуропа халықаралық дәліздерінің қиы­лысында орналасқан Кас­пийдегі Ақтау теңіз порты. Облыс әкімінің баспасөз қыз­меті хабарлағандай, порт жылына 5,2 млн тонна көлемінде құрғақ жүк пен 12,5 млн тонна көлеміндегі шикі мұнайды өткізуге қауқарлы.

«Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қазақстанның транзиттік стратегиясын дамыту нәтиже­сінде Ақтау портына маңызды тран­зиттік жүктерді тартуға мүм­кіндік беретін көлік бағыт­тары әзірленді. Мәселен, соң­ғы 5 жылда Қазақстан аумағы ар­қылы жөнелтілетін контей­нер­­лік жүктер ағыны 100 есеге жуық өсті.

Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту мақсатында Ақтау теңіз солтүстік терминалы іске қосылды. Жыл басы­нан бері солтүстік терминал арқылы жүк тасымалдау көлемі 813,5 мың тоннаны құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57%-ға ар­тық. 2023 жылға қарай жүктерді ауыс­тырып тиеу көлемін 2,3 млн тоннаға дейін ұлғайту жос­парланып отыр.

Каспий теңізінде дамып келе жатқан теңіз порты – Құрық порты. Ақтау порты­нан оңтүстік бағытта, Кас­пий теңізінің шы­ғыс жаға­лауында ауа-райы қо­лай­лы шы­ға­нақта орналасқан Құрық па­­ромы астық пен мұнай өнім­­дерін, химиялық заттарды және тыңайтқыштарды, өз­­ге де тұрмыстық жүктерді тиеп-түсіруге бағытталған. Тәуел­­сіздік алған соң теңіз жа­ға­­сы­нан салынған алғашқы порт Транскаспийлік көлік дә­лі­­зіндегі маңызды байланыс буы­ны болып табылады. Жо­ба іске қосылған соң алғаш­қы кезекте 2015-2016 жылдары 4 млн тонна, 2017-2018 жыл­дардағы екінші кезекте 2 млн тонна, үшінші кезекте, яғни 2030 жылға қарай 7,9 млн тонна қуатқа жетуді межелеген, бүгін­де жүктерді мультимо­даль­ды тасымалдауды қамта­ма­­сыз ететін Транскаспий ха­лық­аралық көлік бағдарының ма­ңызды буыны саналады. Еура­зияның перспективалы кө­лік дәліздерінің бірі ретінде Қытай­дан Қазақстан аумағы, Кас­пий теңізі акваториясы, Әзер­бай­жан және Грузия арқы­лы өтіп, кейіннен Еуропа елдеріне шығады.

Портта «Нұрлы жол» ин­фра­құрылымды дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы теміржол және автомобиль айлақтарын құрайтын паромдық кешен іске қосылды. Теміржол айлағының өткізу қабілеті жылына 4,1 млн тонна, ал автомобиль айлағы жылына 1,9 млн тонна жүкті өңдеуге мүмкіндік береді. Егер 2020 жылы екі айлақ арқылы өткен жүк көлемі 1,6 млн тоннаны құраса, 2021 жылдың 9 айында портта шамамен 600 мың тонна жүк тиелді. Құрық портын дамыту тұжырымдамасы шеңберіндегі инвестициялар болжамы 2030 жылға дейін 120 млрд теңгені құрайды деп шамаланады.

Өңір басшысы Н.Ноғаев құт­тықтау сөзінде Маңғыстау об­лысы өңірдің көліктік-логис­ти­калық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Экономика­лық даму жоспарын жүзеге асыру бойынша Елбасы мен ел Президенті алға қойған мін­дет­терді орындау үшін жұ­мыс істеп жатқанын айтты. Нұр­лан Ноғаев заманауи кө­лік инф­рақұрылымын қа­лып­­тас­тыру өңір экономикасы­на оң мультипликативті әсер ететі­нін және жергілікті атқару­шы органдар өңірдің көлік-логис­тикалық әлеуетін толық іске асыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.

Теңіз порттарының әлеуе­тін арттыру, порттардағы жұмыс­тар­ды заманауи деңгейге жет­кізу – заман талабы және ел экономикасының дамуына қосылар үлес. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар маңыз­дылығын жоймақ емес.

 

Маңғыстау облысы