Ұлан-байтақ қазақ даласының батысында жатқан Ойыл өңірі ежелден-ақ әрқилы ұлт назарын өзіне аудартқан. Ақтөбе облысының тарихында ең шежірелі ордалардың бірі ретінде Ойыл өңірін атасақ, батыс өлкесінің тарихнамасына қиянат болмас деп ойлаймыз.
Ойыл жөніндегі жазба деректерге көз жүгіртсек, ол біздің заманымызға дейінгі 950-1000 жылдарға тұстас деп есептеуге тура келеді. Тәуелсіз еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы орны айқындалып, беделі өскен сайын, сөз жоқ, жүрегімізді қуаныш сезімі кернейді. Осындай сезім қанатында туған жердің әр тасынан тамыр тартатын тарихына да үңіле түсесің. Сондай бір сәттерде туған жердің боз төбелері, құм жоталары, көгілдір сағымға оралып мөлдірей аққан ежелгі Ойыл өзені алыстан менмұндалап қылаңдағандай болады.
Оралдың арғы бетінде қоныстану мен жерге орналасуға қатысты 1906-1910 жылдарды қамтыған Санкт-Петербургте 1911 жылы жарық көрген есепте Темір оязының Қалмаққырған болысындағы Ойыл өзенінің сол жақ сағасында, Шилі маңында жайқалып өсіп тұрған, арықпен суарылатын бау-бақша ерекше назар аударатыны, мөлдіреген сан сурет, сан түспен құбылған жеміс-жидектердің қойнауы құт Түркістан өңірін еске түсіретіні нақтылап жазылған. Шилі жерін суландыруға қолайлы екенін сезген диқандар негізінен 1880 жылдан бастап мұнда алма ағаштарын отырғыза бастаған. Астыңғы жағы жайқалып, биіктеген сайын сүйірлене беретін (пирамидалы) теректер өсіреді. Ол кезде сұлу әрі мамық шашыратпайтын мұндай теректер қазақ топырағында мүлдем сирек кездесетін. Мамандардың айтуынша, ол елімізге ХІХ ғасырдың 90-жылдарында ғана әкеліне бастаған. Демек, Ойыл топырағы елімізде теректің мұндай түрін жерсіндірудің алғашқы қарлығаштарының бірі болған.
Ойыл орман шаруашылығы бұл өңірде соғыстан соңғы кезде қатты дамыды. Оған себеп жерді көгалдандыру, егіс алқаптарын қорғауға көңіл бөлінуі еді. Алғашқыда елді мекенді құм көшкінінен сақтап қалу үшін қарағайлар отырғызылған. Қазір кішігірім орманға айналған бұл мекеннің табиғаты керемет. Қаз-қатар тізілген тіп-тік ағаштар ерекше көзге түседі. Қарағай жаңғақтарынан аяқ алып жүре алмайсың. Орманның ортасында халық Қызыл су деп атап кеткен кішігірім көл бар. Бұл жерде бұрын көне қала болған деседі көнекөз қариялар. Кейін құм басып кеткен. Оған осы жерден табылған балбал тастар куә.
Барқын құмы – Ойыл ауылының оңтүстік-батысында, Ойыл өзенінің аңғарымен жарасымды табиғи үйлесімде, оның көлемі 34 346 гектар жерді алып жатыр. Шөптесін өсімдіктері арасында бұршақ тұқымдастан жүзген, құланқұйрық, құмаршық, жыңғыл жиі кездеседі. Бұл – Орталық Азия құмдарына тән өскіннің қиыр солтүстігіндегі сирек көрінісі. Кезінде құм көшкінін тоқтату мақсатымен 1873, 1899, 1903, 1907, 1913 жылдары қарағай, терек ағаштарының көшеттері отырғызылған.
Сусылдаған құмы да мап-майда. Бұл құмның өзіндік қасиеті де жоқ емес. Ауыл тұрғындары құмға «шомылып», емдік шаралар жасайды. Ғылым тілімен айтқанда, бұл — «псаммотерапия» (латыншадан аударғанда «psammos» — құм, therapia — емделу), яғни құммен емделу. Ыстық құм көптеген дертке шипа. Ең алғаш әлемде құммен емделуді вавилондықтар бастаған. Бұл емнің қасиеті жайында Геродот, Гален, Авиценна секілді ғалымдар жазған. Ыстық құм тірек-қимыл ауруларына, буын, омыртқа, бұлшық ет, бүйрек, жүйке аурулары, әйелдердің жыныс мүшелері ауруларына ем. Ем қабылдау үшін 45-55 градусқа дейін қызған құмға денені көміп, тек бас пен жүректің тұсы ашық қалдырылады.Осындай ыстық құмда ересектер 25-30 минут, балалар 10-15 минут жатуы керек. Сосын жарты сағат көлеңкеде демалады. Дертінен айығу үшін бұл шипаны 10-12 күн қайталау қажет. Ойылдықтар ауыл іргесіндегі Барқын құмына, әсіресе, шілде-тамыз айларында жиі келеді.
Тамаша табиғаты бар, таза ауада дем алып, оған қоса дерттеріне шипа тауып кетеді. Бұл маңда қасқыр, түлкі, қоян, сарышұнақ, тышқан секілді аңдар мен жәндіктер кездеседі. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бағзы бір жылдары бұл мекенге аюлар жіберілген көрінеді.
Барқынның тағы бір көріктісі – Қандыағаш. Шырыны ақ болып ағады да, бара-бара қызарады, сондықтан қандыағаш аталып кеткен. Ағашты кескеннен кейін екі күн ішінде тастай болып қатып қалады. Осындай қаттылығына байланысты бұрын ата-бабаларымыз киіз үйдің шаңырағын осы қандыағаштан жасаған. Тіпті, кезінде ол найзаның сабын жасауға пайдаланылыпты.
Ойыл орманында долана, қарақат, итмұрын, андыз, жолжекен, қойбүлдірген сияқты жеміс-жидек өсімдіктері көп кездеседі. Құм етегінде орхидеяның, шатырлы гүлбұтаның, құртқагүлдің сирек кездесетін түрлері жайқалады. Табиғаттың осыншама сыйын бойына жинаған Барқынның етегінде бетінде түйежапырақ, гүлді шырмауықтары қалқыған Қызылсу мөлдірейді. Жергілікті ақын Жолдыбай Айтқұловтың осы бір таңғажайып табиғаты тамсандырған өңірді:
«Мен туған жер бүлдіргенді, бүргенді,
Қалың тоғай көктем келе түрге енді.
Байлық тұнған Барқын құмның бауыры,
Самал ессе сая қылар іргеңді», деп жырға қосуы да сондықтан.
Отанымыздың батыс өңірінде сирек кездесетін, жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқан осы жасыл белдеулі, сыңсыған қарағайлы Ойыл орманын Үкімет өз қамқорлығына алып, Барқын қорықшасына айналдырар кез келгені күмәнсіз. Бұл өңірдің туризмді дамытуға өзінен-өзі сұранып тұрғаны да сөзсіз.
Бағдагүл ДҮЙСЕҒАЛИЕВА,
Пригородный орта мектебінің мұғалімі.
АҚТӨБЕ.