Қоғам • 27 Қазан, 2021

Қызыл төлқұжатты «қимай» жүргендер бар екен

278 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде мәртебесі реттелмеген және жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген азаматтарды анықтау бойынша акция жүріп жатыр. Акция аясында республика бойынша 6 мыңнан аса құжатсыз жүрген азамат анықталып, олардың көпшілігіне өздеріне тиісті жеке басын куәландыратын құжат табысталған. Бұл туралы Қызылордадағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің азаматтық, иммиграция және эмиграция басқармасының бастығы Ғани Шымырбаев мәлімдеді.

Қызыл төлқұжатты «қимай» жүргендер бар екен

– Жеке басын куәландыратын құ­жаттың болмауы азаматтың кон­сти­туциялық құқықтары мен заңды мүд­де­лерін іске асыруын шектейтінін білесіздер. Олар жәрдемақы немесе басқа да әлеуметтік көмектер алуды да рәсімдей алмайды. Білім алу және денсаулық сақтау қызметтерін пай­далануда көп қиындық тартады. Сол себепті акция шеңберінде жеке басын куәландыратын құжаты жоқ тұлғаларға тиісті көмектер көрсетілуде. Құжаты жоқтардың көпшілігі Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында тіркеліп отыр. Ішкі істер министрлігі жүргізіліп жатқан акция 2022 жылдың мамыр айына дейін жалғасады, – деді Ғани Шымырбаев.

Брифингте Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживага осы бағытта бюро атқарып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті.

Қызылорда облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметі бас­қар­масы бастығының орынбасары Сағындық Қамитбековтің айтуынша, облыста 26 адамның ескі үлгідегі құжатпен жүргені белгілі болған. Қа­зақстан азаматтылығына тиісті екені анықталғаннан кейін оларға жеке бас құжаттары берілді. Одан бөлек, осы жылы облыс бойынша 34 шетелдік тұрақты тұруға қалдырылған.

 

ҚЫЗЫЛОРДА