Бақтыгерей Құлмановтың қайраткерлік келбетін зерттеушілер еңбегіне, алаштанушылар айтар ақиқатқа алып-қосарымыз не таласымыз жоқ. Сондықтан оның өнегелі өмірін қазақ тарихындағы әйгілі бір әулет туралы болашақ авторлық энциклопедияға деп өзіміз дайындаған дерекнамалық анықтамамен ғана баян етер болсақ:
«Құлманов Бақтыгерей Ахметұлы (22.12.1857, Астрахан губерниясы, Бөкей ордасы, – 1919, Жаңақала), Ресей І-ІІ Мемлекеттік думаларының депутаты, шығыстанушы, қазақтан шыққан тұңғыш ғылым кандидаттарының бірі, билеуші-сұлтан, Уақытша үкіметтің комиссары, Алаш қайраткері. Орынбор гимназиясын күміс медальмен бітіріп, 1881 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түскен. Кейіннен шығыс тілдері факультетіне ауысып, араб, парсы, түрік, татар, орыс тілдерін жетік меңгерді. 1888 жылы Ресей астанасында ғылым кандидаты дәрежесін қорғады. Ордаға оралып Қамыссамарда әкімдік қызмет атқарды. 1896 жылы князь, полковник Ахметкерей Жәңгірұлы, Нарын бөлігінің билеушісі Өтешқали Атаниязовпен бірге ІІ Николай патшаның тәж кию салтанатына қатысты, орда жұртшылығы атынан киіз үйдің күмістен құйылған үлгісін сыйға тартты. Бөкей ордасының құрылғанына 100 жыл толуына орай қазақ депутациясын бастап Ресей патшасының қабылдауында екінші мәрте болды. Орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңесінің кеңесшісі қызметін атқарды. Ғасыр басында қазан төңкерісіне дейін ұлт мүддесі жолындағы әлеуметтік-саяси мәселелерге білгірлікпен араласты. Ақпан төңкерісінің идеясын қолдады, осы үкіметтің Бөкей ордасындағы комиссары қойылды. 1917 жылы желтоқсанда өткен Жалпықазақ съезі президиумының төрағасы болып, Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланады. Қайраткердің өмірбаянын зерттеуші С.Сүйіновтің дәлелдеуінше, Б.Құлманов Әбілқайыр хан әулетінен тарайды. Ататек жалғастығы: Әбілқайыр – Нұралы – Есім – Қарабай – Асан – Құлман – Ахмет – Бақтыгерей делінеді. Алаш қайраткерлері қатарындағы анықтамалық өмірбаянында да Әбілқайыр тұқымы аталады. Бірақ Есім ханның Қарабай есімді баласы туралы деректің көмескілігі, ұрпақ жалғастығындағы буын алшақтығы бұл тұжырымды нақтылай түсуді қажет етеді. Арғы тегі Бөкей ордасындағы Қарабай сұлтаннан шығуы мүмкін. Әбілқайыр мен Қарабай әулетінің саясаттағы және туыстық араластығы тым берік. Қарабайдың арғы тегі Қайып ханның Хиуа тағына отыруына Әбілқайырдың тікелей ықпалы болды. Бөкейдің бәйбішесі, Жәңгір ханның анасы Атан ханым да Қарабай тармағынан, әрі екі әулет ынтымағының бұдан басқа да мысалдары жеткілікті».
Ал бүгінгі әңгіме тұлғатануға қоспақ игі ниетіміз – қайраткердің бұған дейін жұртшылыққа таныс жалғыз бейнесіне тағы да екі келбетін көзайым ету болмақ. Оның бірі – қазақтың басқа бір тұлғасына телініп жүрген фотосурет те, екіншісі – орыстың әйгілі суретшісі салған түрлі-түсті портрет.
Әуелі Бақтыгерейдің бүгінге дейін белгілі болып келген бірден-бір фотосуреті туралы толық мәлімет бере кетейік. Онда жайлау төсіне төселген түкті кілем үстінде малдас құра отырған қазақ сұлтанының келісті келбеті бейнеленген. Үстінде қыр қазағының сырма шапаны, басында сәл қиғаш киген сеңсең бөрік. Қолдарын қусыра түсіп салмақты жүзбен объективке қараған күйі осыдан 126 жыл бұрынғы, отыз сегіз жасындағы бейнесі.
Бұл фото 1896 жылы шыққан «Школьный альбом Букеевской Орды» кітапшасынан алынған. Астрахандық белгілі фотограф әйел Станислава Климашевская 1895 жылдың 5-20 қазан аралығында Бөкей ордасындағы ағарту ісі туралы баяндайтын суретті кітап шығару мақсатымен қырға шығып екі апта саяхат жасаған. 1841 жылы Жәңгір хан бастамасын салған ордадағы мектеп ісінің жайын толық зерделеген бұл альбом-басылым бүгінде Астрахандағы «Петр қоғамы музейі» мұрағатының қорында сақтаулы тұр.
Альбомның мәтін авторы, орда мектептерінің инспекторы А.Воскресенский: «Госпожа фотограф Ст.И.Климашевская, которой принадлежит честь исполнения альбома приняла на себя не малый труд и лично совершила вместе с нами (5-20 чч. октября) поездку по степям из Ханской Ставки через Казанку, Таловку и Харохой, так, что все фотографические снимки ее взяты прямо с натуры и служат живой действительности» деп жазған. Яғни түсіру тобы бүгіндегі Жәнібек, Жаңақала, Казталовка жерін шарлап, қырдағы мектептер өмірін фотоқұжат пен мәліметке арқау еткен.
Жолаушылар Бақтыгерейді ел басқару жайымен қыр аралап жүрген кезінде кездестіріп, бүгінге бізге мұра болып жеткен осы суретке түсірген екен. Фотоға берген түсініктемеде: «Орданың Қамыссамар қисымының билеушісі сұлтан Бақтыгерей Ахметұлы Құлмановтың портреті. Ол Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультеті бойынша толық курсын бітірген, коллегия хатшысы шенінде, аса қадірлі жан және кезінде, 1839 жылы Жәңгір хан армандаған, өтініш жасаған, енді біз көзбен көріп, көңілмен қуанып отырған, қазақ даласына орыс білімі әкелген білім жемісінің бір үлгісіндей адам. Фотоға түсіруіміз Құлманов мырзаны қазақ жайлауында сапарлап жүргенде кездестіргендіктен ол өзінің нысандық вицмундерімен түсе алмағаны» деп қостаған.
Келесі сурет сырына көшпес бұрын газеттің ілгері кездегі бір жарияланымына оралайық. 2001 жылы «Егемен Қазақстанда» осы мақала авторының зерттеуі жарияланған еді. Онда Бөкей ордасының танымал тұлғасы – Мақаш әкімнің 1895 жылы Петербургке барып Николай патшаға кіргені, қазақ атынан тағымен құттықтап, күміс табақ, оның үстіне кемері он шай ұстағанның көлеміндей дөңгелек күміс тегене, ожау және ішіне алтын жалатқан екі ұстаған сыйға тартқаны туралы айтылған еді. Әрі архивтен тапқан, сол оқиғаға кейіпкер болған үш адам тұрған тарихи фотоны да тәбәрік деп оқырман назарына тұңғыш ұсынған едік (Т.Боранғалиұлы, «Петербор барған қазақтар», «ЕҚ», 2001, 22 наурыз).
Осыған ұқсас екінші бір сурет қайраткердің бүгінгі ұрпағы, белгілі ғалымның өз атасы туралы түрлі басылымдардағы, әлеуметтік желідегі екі тілде жарияланған тәлімді естеліктерінде Мақаш әкімге телініп жүргенін оқимыз. Атап айтқанда: «Мақаш атаның патшаның қабылдауында болғаны Р.Отарбаевтың «Екі киіз үйдің тарихы», Т.Боранғалиұлының «Петербор барған қазақтар» деген мақалаларында анық дәлелденеді» дей келіп, одан әрі: «Р.Отарбаевтың «Екі киіз үйдің тарихы» деп салған және кейінгі – екі суретті салыстырсақ, онда екінші суреттегі (1895 ж.) Мақаш ата жас болып көрінеді, сақалы, шашы қара, кеудесінде орден мен медальдер тағылған, ал сол жылы Императордың неке қию салтанатына барған кезде Мақаш егделеу көрінеді, сақалы, шашы қырау тартқан, есауыл погондары, кеудесінде 4 орден, 64 жаста. Осыған байланысты айтарымыз, Т.Боранғалиұлы мен Р.Отарбаевтың мақалаларында аталған жылдар дұрыс көрсетілмеген сияқты» деп күмән келтірген.
Күмәні негізсіз емес, бірақ М.Бекмұхамбетов правительдің ІІ Николай патшаға жолыққаны 1895 жылы. Ол туралы газеттегі мақалада толық дәлелдеп жазған едік. Тіпті Мақаштардың күміс бұйымдарды құйып-өрнектеу жұмысына төлеген түбіртек қағаздарына дейін қоса жарияланған еді. Мәселе басқада. Жазушы Рақымжан Отарбаевтың мақаласындағы күміс киіз үй кәдесыйды ұстап фотоға түскендер Өтешқали мен Мақаш емес, Өтешқали мен Бақтыгерей болатын! Ендеше, «Егемен Қазақстан» арқылы оқырманға, зерттеушілерге, Құлмановтанушыларға Бақтыгерейдің бұған дейін танылмай келген фотосуретін анықтап-түстеп берейік.
1896 жылы Мәскеуден жарық көрген, «Новости Дня» газеті мен «Семья» журналының басылымы ретінде шыққан «Альбом Коронования их императорских величеств государя императора Николая Александровича и государыни императрицы Александры Федоровны» басылымында: «Киргизъ внутренней орды представлялы султаны: отставной полковникъ гвардіи, кн. Ахмедъ Гирей-Чингисъ, Бахты-Гирей-Кулмановъ и управляющій Нарынскою частью внутренней орды Атаньязов. Двое послъеднихъ имъли счастье поднести модель серебряной киргизской юрты» деген мәлімет жоғарыда айтылған болжамымызды күмәнсіз ақиқатқа айналдырмақ.
ІІ Николайдың тәж кию салтанаты 1986 жылдың мамыр айында өтті. Оған бүкіл Еуропа мен Азия елдерінен делегация қатысты. Қазақтан Орал облысының шенді болыстары Ақшолақ Сарығожин, Нармағамбет Төбетов, Оспан Шұғылбаев және Иман Есқұлов шақырылды. Орта жүздің Дала генерал-губернаторлығынан Иса Бердалин барды. Ұлы жүз бен Орта жүз атынан Абылай ұрпағы Ғазы Уәлихан сұлтан құттықтау сөз сөйледі, оған ұлықтауға келген барша түземдік халықтар өкілдеріне ағалық ету жүктелген еді.
Біз нақтылап отырған фотода орданың Нарын бөлігінің басшысы Өтешқали Атаниязов пен Қамыссамардың билеуші-сұлтаны Бақтыгерей Құлманов бейнеленген. Патшаға сәлем бергелі тұрған бұл сурет 1896 жылдың 16 мамыры күні түсірілген. Мұны аталған альбомның 114-бетінде жарияланған мәлімет негізінде патшаның сый-сияпатты делегацияларды қабылдауының хаттама репортажы бойынша нақтылап отырмыз.
Есімі көпке таныс Атаниязовтың бұдан басқа да фотолары сақталғандықтан зерттеушілер мен өлкетанушылар, тарихи тұлға өмірінен хабардар адамдар мына суреттен де оны айнымай танымақ. Университет білімді Бақтыгерейдің шаш қою үлгісі еуропаша болғанымен, үстіне кигені өңірі мен жаға-жеңі жібек жолақпен көмкерілген жадағай барқыт шапан. Патша алдына кіргенде әркім өз ұлтының ерекшелігі, салт-дәстүріне сай киім киюі хаттамалық тәртіп болса керек.
Бұл бұрма жаңалығымыз Бақтыгерей бейнесін өз аталары санап келген Мақаш Бекмұхамбетов ұрпақтарының көңіліне кірбің салмас деген ойдамыз. Өйткені Б.Құлманов та оларға бөтен емес, Мақаш әкімнің туған жиені – қарындасы Сараның ұлы екенін еске сала кетейік.
Ал енді мына сән-салтанатты, алтын өңір-жағалы, иығы шенді жолақ күлгін барқыт шапанды, төбесі кең кемер бөрікті, нұр-сипатты Бақтыгерей Құлманов сұлтанға «Әлеуметке бір де ширек ғасырдан соң қош келдіңіз!» деп қол соғайық та!
Ендеше, бәрі ретімен. Патша сарайының суретшісі, портрет пен акварельдің академигі Степан Федорович Александровский салған бұл туындының нобайы 1896 жылы салынып, кейіннен реңделген деп есептейміз. Себебі Бақтыгерейлер Мәскеу кремліне барған кез сол жылдың мамыры да, ал сурет астына «С.Александровский. 1897» деп қолтаңба қойылған. Бұл портреттің түпнұсқасы бүгінде Петербургтің Мемлекеттік Орыс музейінің қорында сақтаулы. Дерегінде Құлманов екені көрсетілместен «Депутат от Внутренней Букеевской орды» деп қана жазылған. Александровский бұдан бұрын 1883 жылы ІІІ Александр патша таққа отырғанда ұлықтап келген Қазақ елі мен Орта Азия өкілдерінің 30 портретін салған еді. Оларды іле-шала патшаның өзі сатып алғандықтан есімдері, қай өлкеден келгені көрсетілген екен. Ал 1896 жылы барғандардың аты-жөні нақты айтылмаған.
Әңгімеміз болжам күйінде қалмас үшін Б.Құлмановтың жоғарыда айтқан Өтешқалимен түскен фотосы мен суретші салған портретін зер сала салыстырайық. Екеуінде де жұқа алтын жолақты күлгін барқыт жадағай шапанмен тұр. Александровский портретінде иығына коллегия хатшысы лауазымын білдіретін болса керек, қалың жолақша салыныпты. Бірақ Климашевская фотосындағы ойлы көз жанары, қас-қабағы, суретші аздап жұқартқан шығыңқы жақ сүйегі, сәнді сақал-мұрты, тіпті бөрікті солға қарай сәл қисайта киер мәнері қылқалам туындысында сол күйі айнымай тұр.
Бұл портреттің сырт сипаты. Ал суретке жазылған Ішкі Бөкей Ордасынан келген депутат деген анықтама бейнеленген адамның Б.Құлманов екенін қосымша дәлелдеп тұр. Өйткені сарай салтанатына бөкейліктен келген үш адамның бірі Жәңгір ханның ұлы полковник Ахметкерей Бөкеев және Өтешқали мен Бақтыгерей екені сенімді көзден – Императорға арналған басылымда жариялануы жаңылдырмас айғақ.
Аталған туындының көшірмесі алғаш 2013 жылы «Абди» компаниясының жобасымен шыққан «Қазақтар. Тарих және мәдениет» атты іргелі басылымда жарияланған еді. Тек оны безендіруге пайдаланылған бір мың жеті жүзден астам сурет, кескіндеме, фото, карта арасында бұл портрет зерттеушілер назарына ілікпестен қалың том ішінде қалып келеді. Танылмай тұрған тамаша тұлға-тұрпат белгісіз бейне күйі қала бермесін деген ниетпен қолға қалам алған едік.
Сонымен Алаштың ардақтысы Бақтыгерей Құлмановтың үш бірдей бейнесі айқындалып, парасат ұйыған жүзі ендігі жерде қайраткер жайындағы жарияланымдарға көрік қосар кемел кескінге айналмақ. Елге деген жария жақсылығымен, білім-беделімен, белсенді саясатымен ғұмыр кешкен тарихи тұлға бүгінгі ұрпаққа келісті келбетімен жақындай түскені көңілге нұр құяды.
Тілекқабыл БОРАНҒАЛИҰЛЫ